ВС РК - Постановление от 20.09.2023 по делу 6001-23-00-3гп/376 (Гражданское)

6001-23-00-3гп/376

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 20 қыркүйек Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші М.Ж.Бектұрғанов, судьялар М.Т.Балкен, А.С.Савинова,

талап қоюшының өкілі - А[...],

жауапкер Ж[...] және оның өкілі - Н[...] қатысуымен,

ашық сот отырысында мобильді бейнебайланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы «Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы» ММ-нің (әрі қарай - Басқарма) жауапкер дара кәсіпкер Ж[...] өз бетімен салынған құрылысты жауапкердің есебінен мәжбүрлеп бұзу туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 20 ақпандағы шешімін, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 2 мамырдағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы Басқарманың өтінішхаты бойынша азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы :

Басқарманың тексеру нәтижесінің қорытындысына сәйкес, жауапкермен құрылыс нысанын келісілген эскиздік жобаға сай келмеуінің салдарынан іргелес орналасқан жер учаскесімен ара-қашықтық сақталмағанын уәждеп, өз бетімен салынған құрылысты жауапкердің есебінен мәжбүрлеп бұзу туралы талап қоюмен жүгінген. Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 2 мамырдағы қаулысымен заңды күшіне енген Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 2023 жылғы 20 ақпандағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Өтінішхат иесі сот актілерімен келіспейтіндігін уәждеп, жергілікті соттар істі дұрыс шешу үшін маңызы бар мән-жайлардың шеңберін толық анықтамай, материалдық және процестік құқық нормаларының дұрыс қолданбауына сілтеме жасап, дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Жоғарғы Сот алқасы Басқарманың өтінішхатта көрсеткен уәждерін, жауапкердің сот актілерін күшінде, ал өтінішхатты қанағаттандырусыз

қалдыру туралы түсініктемелерін, өтінішхаттың уәждерін талқылап, азаматтық іс құжаттарын зерттеп, келесідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады. Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жергілікті соттар тарапынан жол берілмеген.

Іс құжаттарынан анықталғандай, Ж[...] 2019 жылғы 21 тамыздағы сатып алу - сату шарттың негізінде К[...] 0,0600 гектар жер учаскесін 20 000 000 теңгеге сатып алған.

Сонымен қатар, Шымкент қаласы әкімдігінің 2020 жылғы 20 ақпандағы №113 қаулысымен, аталған жер учаскесінің нысаналы мақсаты «құрылыстар мен ғимараттарға қызмет көрсету үшін» деп өзгертіліп, Шымкент қаласының жер қатынастары басқармасы мен Ж[...], Ж[...] арасында жер учаскесін сатып алу-сату туралы шарты жасалған. Шымкент қаласынын сәулет және қала құрылысы басқармасы 2020 жылғы 7 қыркүйекте Ж[...] аталған жер учаскесінде дәріхана және кеңсе құрылысын жобалау үшін оған арналған сәулет-жоспарлау тапсырмасын берген. Сонымен қатар, «CG[...]» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен эскиздік жоба әзірленген, ал, «СC[...]» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен ол жобаға оң сараптық қорытынды берілген.

Өз кезегінде, Ж[...] 2022 жылғы 23 мамырда Басқармаға құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуді бастау туралы электрондық нысандағы хабарлама жолдаған. Ал, Басқарма сол күні хабарламаны қабылдау туралы электрондық нысандағы талонды берген.

Алайда, Басқармамен аталған құрылыс нысанасына тексеру жүргізіп, нәтижесінде құрылыс эскиздік жобаға сәйкес салынбай, көршілес жер учаскесімен 3,4 және 3,9 метр ара-қашықтық қамтамасыз етілмегені анықталып, нәтижесінде аталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген. Сондай-ақ, Шымкент қаласынын сәулет және қала құрылысы басқарманың 2022 жылғы 31 қазандағы бұйрығымен құрылыс жобасына қатысты берілген келісімнің күші жойылған.

Дегенмен, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 21 желтоқсандағы қаулысымен аталған нұсқама заңсыз деп танылып, оның күші жойылған.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тарта отырып, жауапкермен құрылыс барысында ара-қашықтық қамтамасыз етілмеген деген талап қоюшының уәждері өз дәлелін таппады деп

қорытындылаған. Ал, жауапкермен құрылыс шекарасының бұзылмағанын көрсеткен.

Сонымен қатар, жауапкерге Басқарманың жоғарыда аталған бұйрығы тек 2022 жылдың 21 желтоқсанда белгілі болғандықтан, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 92-бабының 1- тармағына сәйкес, әкімшілік акті туралы белгілі болған күннен бастап үш ай мерзім ішінде сотқа дейінге тәртіппен шағым жасау құқығы бар деген қорытындыға келген.

Тұтастай алғанда, жауапкермен құлырыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу басталғанға дейін мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын орган болып табылатын Басқармаға құрылыс жұмыстарын басталғаны туралы хабар берілген деген түйінге келген.

Оған қоса, «СC[...]» ЖШС өз қорытындысымен де құрылыс бастауға рұқсат құжаттар алу барысында жарамды екенін хабарлаған.

Өз кезегінде, апелляциялық алқа бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымымен келісе отырып, құрылыс нысаны адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретіні жөнінде не болмаса, құрылыс нысаны Қазақстан Республикасының құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес келмейтіні туралы айғақты дәлелдерді істі қарау барысында талап қоюшымен сотқа ұсынбады деп қорытындылаған.

Алқа кассациялық қарау нәтижелері бойынша жергілікті соттардың актілері заңды және негізді деген қорытындыға келеді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 244бабы 1-тармағына сәйкес, мемлекетке тиесілі, жер учаскелері болып қалыптаспаған жерде, құрылысты жүзеге асырған тұлғаға тиесілі емес жер учаскесінде салынған, сондай-ақ бұл үшін Қазақстан Республикасының жер заңнамасына, Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамаға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасына сәйкес қажетті рұқсат алынбай салынған тұрғын үй, басқа да құрылыс, ғимарат немесе өзге де жылжымайтын мүлік өз бетінше салынған құрылыс болып табылады.

Бұл тұрғыда, жауапкер өзіне тиесілі жер учаскесіне құрылыс жүргізген және іс материалында жауапкердің құрылыс жұмыстарын жүргізудің алдында тиісті рұқсат беру құжаттарының алғандығын, сондай-ақ, жергілікті құзырлы органның рұқсатын алғанынмен дәлелденген.

АК-тің 8-бабының 1-тармағына сай, азаматтар мен заңды тұлғалар өздерiне берiлген азаматтық құқықтарды, соның iшiнде өздерiн қорғау құқығын өз қалауынша пайдаланады.

АК-тің 8-бабының 4-тармағына сай, азаматтар мен заңды тұлғалар өздерiне берiлген құқықтарды жүзеге асырған кезде адал, парасатты және әдiл әрекет жасап, заңдардағы талаптарды, қоғамның адамгершiлiк

қағидаттарын, ал кәсiпкерлер - бұған қоса iскерлiк әдептiлiк ережелерiн сақтауға тиiс.

Азаматтар мен заңды тұлғалардың басқа тұлғаға зиян келтiруге, құқықты өзге нысандарда теріс пайдалануға, сондай-ақ құқықты оның мақсатына қайшы келетiндей етiп жүзеге асыруға бағытталған әрекеттерiне жол берiлмейдi (АҚ-нің 8-бабының 5-тармағы).

Осы баптың 3-6-тармақтарында көзделген талаптар сақталмаған жағдайда сот адамға тиесілі оның құқығын қорғаудан бас тарта алады (АҚнің 8-бабының 7-тармағы).

Айта кететіні, жергілікті органның рұқсатнаманы және құрылыс құжаттарын жою бойынша әрекеті заң талаптарына сай даулауға жатады. Ал, жауапкер бұл әрекетті даулауға құқылы. Дегенмен алқа, уәкілетті органның жауапкердің бұл әрекетін тексермей жатып мерзімінен бұрын сотқа дулаған деген қорытындыға келеді.

Сонымен қатар, іс материалдарынан іргелес орналасқан жер учаскесінің иесінің өтініші бойынша жеке тұлғаның бастамасымен тексеріс жүргізілгені көрінеді. Бұл тұрғыда, іс материалында іргелес орналасқан жер учаскесінің иесімен жер учаскесінің шекарасының бұзылғаны туралы фактілер де бар. Тиісінше, талап қоюшының талаптарын негізді деп тану үшін құрылыс талаптарына өзара сәйкестікті орнату қажет болуы мүмкін.

Азаматтық іс материалында жауапкердің ғимараттың тұрғын үйлерден және магистральдық көшелерден қашықтығы бойынша құрылыс нормаларын бұзғанын растайтын дәлелдемелер жоқ. Азаматтық іс материалдарында істің мән-жайларымен анықталған құжаттардың түпнұсқалары немесе тиісті түрде куәландырылған көшірмелерімен қамтылмаған.

АПК-нің 68-бабының бесінші бөлігіне сәйкес мән-жайлар, егер оларды растауға құжаттардың көшірмелері ғана ұсынылса, түпнұсқасын ұсыну қажеттігі заң талаптарынан туындаса, анықталды деп есептелмейді.

АПК-нің 100-бабының бесінші бөлігіне сәйкес жазбаша дәлелдемелер, әдетте, төлнұсқада ұсынылады. Жазбаша дәлелдеменің төлнұсқасын сотқа ұсыну қиын болған кезде сот осы құжаттың тиісті түрде куәландырылған көшірмелері мен үзінділерін ұсынуды талап етуі немесе басқа да жазбаша дәлелдемелерді олардың сақталатын жерінде қарап-тексеру мен зерттеу жүргізуі мүмкін.

Қазақстан Республикасының заңнамасында тек электрондық құжатты пайдалануға жол берілмейтін жағдайларды қоспағанда, электрондық құжат дәлелдеме деп танылады (АПК-нің 100-бабының 6-бөлігі).

Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 7 қаңтардағы «Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы» Заңының 1-бабы 12) тармақшасына сәйкес, электрондық құжат - ақпарат электрондық-цифрлық

нысанда ұсынылған және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған құжат болып есептеледі.

Заңда сот шешімдерінің заңдылығы мен негізділігіне арнайы талаптар қарастырылған. Сот шешiмдi тараптар ұсынған және сот отырысында зерттелген дәлелдемелерге ғана негiздейдi (АПК-нің 224-бабы).

Азаматтық іс материалдарын зерделеу кассациялық өтінішхат беруші заңның көрсетілген нормаларын сақтамаған деген қорытындыға келуге негіз бар. Сотқа құжаттарының түпнұсқалары немесе тиісті түрде куәландырылған көшірмелері ұсынылмаған, олар да электронды құжат туралы заңнаманың талаптарына сәйкес келмейді.

Нәтижесінде, бұл даулы сот актілерінің күшін жоюға және талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауға негіз жоқ. Істің мұндай тұрғысында, алқа, іс бойынша қабылданған даулы сот актілерін заңды және негізді деп тануға болады деген тұжырымға келді.

АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы,

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 2 мамырдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

«Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші М.Ж. Бектұрғанов

Судьялар А.С. Савинова

М.Т. Балкен

Көшірмесі дұрыс

Судья

М.Т.Балкен

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.