6001-22-00-3г/6046(2)
Қ А У Л Ы
2023 жылғы 20 ақпан А с т а н а қ а л а с ы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Е.Ж.Исмаилов талап қоюшы А[...] жауапкер «Маңғыстау облысының полиция департаменті» ММ-не бұйрықты заңсыз деп тану, жұмысқа қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған күндеріне жалақыны, материалдық шығынды және моральдық зиянның өтемін өндіру туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған
Ақтау қаласының № 2 сотының 2022 жылғы 11 мамырдағы шешімін, Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 12 шілдедегі қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы А[...] өкілі заң консультанты А[...] өтінішхатын істі алдырту арқылы алдын ала қарап,
А[...] «Маңғыстау облысының полиция департаменті» ММ-нің (әрі қарай – Полиция департаменті) 2021 жылғы 21 желтоқсандағы № 708 ж/қ бұйрығын заңсыз деп тану, жұмысқа бұрынғы қызметіне қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған күндеріне жалақыны, материалдық шығынды және моральдық зиянның өтемін өндіру туралы талап қоымен сотқа жүгінген.
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 12 шілдедегі қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Ақтау қаласының № 2 сотының 2022 жылғы 11 мамырдағы шешімімен А[...] талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған.
Өтінішхат иесі жергілікті соттардың тұжырымдары іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс айқындамай және толық анықтамай жасалғанын, істің біржақты қаралғанын, материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмағанын көрсетіп, іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Анықталғандай, А[...] Мұнайлы ауданы полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі (ЖПҚ) бөлімі учаскелік полиция инспекторлары тобының учаскелік полиция инспекторының көмекшісі лауазымын атқарған.
2021 жылғы 17-18 қарашада А[...] Ч[...] қатысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - ҚК) 190-бабымен және Б[...] қатысты ҚК-нің 296-бабының 2-бөлімімен көзделген қылмыстарды ашу мақсатында жұмыс уақытынан тыс күні-түні қызметін атқарған.
А[...] қатарынан түнгі демалыссыз екі тәулік қызметін атқарып, шаршағанына байланысты 2021 жылғы 19 қарашада ЖПҚ бастығының міндетін атқарушысы Д[...] бір тәулік демалыс беруді сұраған.
Сол күні сағат 18.30-да Мұнайлы ауданының полиция басқармасының бастығының бірінші орынбасары С[...], кадр саясаты жөніндегі орынбасары И[...] және аға инспектор Н[...] қатысуларымен А[...] 2021 жылғы 19 қарашаның таңертеңгі сағат 08.00-ден кешкі сағат 18.30-ға дейінгі уақыт аралығында белгісіз себептермен жұмыста болмағандығы жөнінде акт түзілген.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Еңбек кодексі) 52-бабы 1-тармағының 8) тармақшасына және Қазақстан Республикасының 2022 жылғы 11 шілдедегі № 136-VII Заңымен енгізілген өзгерістерге дейін қолданыста болған редакциясындағы «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – № 380-IV Заң) 80-бабы 1-тармағының 12) тармақшасына сай қызметкерді жұмыстан босатуға оның бір жұмыс күні ішінде дәлелді себепсіз үш және одан да көп сағат бойы жұмыста болмағаны негіз болуы қажет.
2021 жылғы 21 желтоқсандағы қызметтік тергеу қорытындысында А[...] өз әрекеттерімен Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің (бұдан әрі – Әдеп кодексі) 5-тармағының 11) тармақшасын бұзғаны, қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны көрсетіліп, оны ішкі істер органдарынан шығару мәселесін тәртіптік комиссиясының отырысында қарау ұсынылған.
№ 380-IV Заңның 80-бабы 1-тармағының 12) тармақшасына сәйкес қызметкер қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін жұмыстан шығарылады.
Тәртіптік комиссияның 2021 жылғы 21 желтоқсандағы хаттамалық шешімі негізінде Полиция департаменттің 2021 жылғы 21 желтоқсандағы № 708 ж/қ бұйрығымен С.А[...] кодексінің 52-бабы 1-тармағының 8) тармақшасына, № 380-IV Заңының 80-бабы 1-тармағының 12) тармақшасына сай құқық қорғау органдарынан шығарылған.
А[...] сотқа жүгініп, 2021 жылғы 21 желтоқсандағы № 708 ж/қ бұйрығымен келіспейтінін, демалыссыз қатарына екі тәулік қызметін атқарғанын, өзінің тікелей басшысы Д[...] рұқсатымен демалыста болғанын, Полиция департаменті тарапынан орын алған қудалау әрекеттерінің салдарынан өзімен еңбек қатынастары заңсыз бұзылғанын көрсеткен.
Алайда, А[...] жұмыс орнында дәлелсіз себептермен болмағаны актілермен, қызметтік тергеу қорытындысымен расталғанын назарына алып, № 380-IV Заңының 16-бабы 1-тармағының 5) тармақшасы, Әдеп кодексінің 5-тармағының 11) тармақшасы бұзылғанын көрсетіп, ал № 380-IV Заңның 80-бабы 1-тармағының 12) тармақшасына сай қызметкер қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін жұмыстан шығарылатынын ескеріп, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдаған.
Өтінішхат иесі Полиция департаменті тарапынан А[...] жұмыс орнында болмағаны туралы қызметтік тергеуі заңға қайшы екенін көрсетіп, тексеріс барысында талап қоюшы күні бұрын, яғни 2021 жылғы 16-17 қарашада қылмысты ашуға көмектескені көрсетілмегенін ескеруді сұраған. Сондықтан талап қоюшының қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны, 2021 жылғы 19 қарашада жұмыс орнында дәлелді себепсіз не белгісіз себептермен болмағаны туралы соттардың тұжырымдарымен келіспейтінін, олардың дәлелдемелерді біржақты қарағанын көрсеткен.
Сонымен қатар, өтінішхат иесі А[...] 2021 жылғы 20 желтоқсан мен 2022 жылғы 01 қаңтар аралығында еңбекке жарамсыздық парағында болып, даулы бұйрықтың талап қоюшы қызмет орнында денсаулығының нашарлауына байланысты болмағанында шығарылғанына, тәртіптік комиссия отырысына қатыспағанына да назар аударып, Полиция департаментімен Еңбек кодексінің 55-бабының, 59-бабының 3-тармағының талаптары бұзылғанын көрсеткен.
Судья өтінішхатта көрсетілген уәждердің іс үшін маңызы бар екендігін және даулы сот актілерін қайта қарауға негіз болатынын ескере отырып, оны іспен бірге алқа отырысында қарауға жолдау қажет деп санайды.
АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы
қ а у л ы е т т і :
Ақтау қаласының № 2 сотының 2022 жылғы 11 мамырдағы шешімін, Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 12 шілдедегі қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы А[...] өкілі заң консультанты А[...] өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына сот отырысында қарау үшін берілсін.
Қаулының көшірмесі өтінішхат берген тұлғаға жолдансын.
Судья
Е.Исмаилов
Көшірмесі дұрыс. Судья
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.