6001-22-00-6ап/511
Қ А У Л Ы
2022 жылғы 12 шілде Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,
судьялар Ш.Т.Даниярова, Е.Д.Өміралиев,
талап қоюшы М[...] оның өкілі М[...], жауапкердің өкілі Ж[...] қатысуыларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы М[...] жауапкер «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шымкент қаласының полиция департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Полиция департаменті) тергеушінің жұмыс уақыты жайлы ақпаратты беруді міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 17 қаңтардағы ұйғарымымен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 16 ақпандағы ұйғарымына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
М[...] жауапкер Полиция департаментіне тергеушінің жұмыс уақыты жайлы ақпарат беруді міндеттеу туралы талап қоюмен сотқа жүгінген. Онда талап қоюшы Полиция департаментінің жауабымен келіспейтіндігін көрсеткен.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 17 қаңтардағы ұйғарымымен Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 138-бабы екінші бөлігінің 11) тармақшасына сәйкес талап қою қайтарылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 16 ақпандағы ұйғарымымен аталған сот ұйғарымы күшінде қалдырылған.
М[...] кассациялық шағымында соттар іс бойынша материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, дау айтылған сот актілерінің күшін жоюды сұраған.
Талап қоюшының кассациялық шағымды қолдаған, жауапкер өкілінің сот актілерін күшінде қалдыру туралы пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Мұндай заң бұзушылықтарға жергілікті соттар жол бермеген.
Іс материалдарына қарағанда, М[...] 2021 жылғы 20 желтоқсанда Полиция департаментіне Абай ауданы полиция басқармасының тергеушісі Ж[...] жұмыс уақыты қай уақыттан басталып, қай уақытқа дейін және демалыс (үзіліс) уақыттары бойынша ақпарат беру туралы хатпен арызданған. 2021 жылғы 29 желтоқсандағы Полиция департаментінің жауабына сәйкес, сұратылған ақпарат бойынша мәлімет берілмейтіні туралы хабарланған. Осыған қоса, қабылданған шешіммен келіспеген жағдайда, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 105-бабына сәйкес прокуратура немесе сотқа шағымдануға құқылы екендігі түсіндірілген.
Жергілікті соттар әкімшілік іс жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайтындығы негізінде талап қоюды қайтарып, тараптар арасында жарияқұқықтық сипаттағы қатынастардың, Полиция департаментінің жауабында әкімшілік актінің белгілері жоқ екенін негіздеген. Соттардың бұл тұжырымы негізді және процестік құқық нормаларына сәйкес келеді. ӘРПК-нің 102-бабының екінші бөлігіне сәйкес, жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, осы Кодексте көзделген даулардың әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен соттардың соттылығына жататындығы көрсетілген.
Жария-құқықтық қатынастар құқық субъектілері арасында, қатысушылардың бірінің басқа билік өкілеттіктеріне қатысты іске асырылуына байланысты туындайды. Полиция департаментінің жауабы ақпараттық-түсіндіру сипатына жатқанына байланысты, талап қоюшыға қандай да бір құқықтық салдарға әкеп соқтырмайды және ол әкімшілік акт болып табылмайды.
ӘРПК-нің 3-бабының жетінші бөлігінің 2) тармақшасында іс жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік, азаматтық процестік заңнамасында және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген істер әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайтыны көрсетілген. Осыған байланысты, алқа ӘРПК-тің 138-бабы екінші бөлігінің 11) тармақшасында көзделген негіз бойынша - іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды, талап қою қайтарылуға тиіс деген қорытындыға келеді.
Жергілікті соттар талап қоюды заңды түрде қайтарған, сондықтан шағымданған сот ұйғарымдары өзгеріссіз, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылусыз қалдырылуға жатады.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігінің, АПК-тің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы әкімшілік іс бойынша қабылданған Шымкент қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 17 қаңтардағы, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 16 ақпандағы ұйғарымдары күшінде қалдырылсын. Талап қоюшы М[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші С. Баймаханов Судьялар Ш. Даниярова Е. Өміралиев Көшірмесі дұрыс. Судья Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.