ҚАУЛЫ
2023 жылғы 8 қараша 6001-23-00-6ап/1086 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,
судьялар - Ғ.Ө.Әлжанов, Е.Д.Өміралиев болып,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшылар О[...], Д[...], Д[...], Е[...], Ү[...], Б[...] жауапкер «Ықылас Темір» өндірістік кооперативіне 1996 жылғы 25 шілдедегі Жарғыда біріктірілген тізімінде көрсетілген 100 мүшенің мемлекеттік дерекқорда тіркелмегенін және жиналыс хаттамасының жоқ екенін тану, мүшелердің жер үлестерімен өндірістік кооперативке кірмегендіктен мүшелік құқықтары жоқ екенін тану, Ордабасы ауданы әкімдігінің 2002 жылғы 14 ақпандағы №594 қаулысымен жер үлестерін алған 23 адамның өндірістік кооперативтің 33 мүшесінің тізіміне қосылмағанын тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 17 қаңтардағы, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 23 ақпандағы ұйғарымдарына талап қоюшылардың келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 17 қаңтардағы ұйғарымымен іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпауына байланысты талап қою қайтарылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 23 ақпандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы күшінде қалдырылған.
Талап қоюшылар кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған.
Тараптар немесе оладың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі - сот алқасы) отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Жергілікті соттар талап қоюды қайтаруы негізді болып табылады.
Талап қоюшылар өндірістік кооперативтің жиналыс хаттамасының шешімін, мүшелігіне жер үлестерімен кірмеу әрекетін даулау туралы талап қойған.
ӘРПК-нің 5-бабының 2-бөлігіне сәйкес, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.
Жария-құқықтық қатынастар - құқық субъектілері арасындағы қатысушылардың бірінің мемлекеттік билік өкілеттіктерін басқаларға жүргізуіне байланысты туындайтын қатынастар болып табылады. «Ықылас Темір» өндірістік кооперативі әкімшілік орган болып табылмайды. Яғни талап қоюшылардың талаптары жария-құқықтық қатынастардан туындамайды. Соттардың бұл жөніндегі негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 17 қаңтардағы ұйғарымы, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 23 ақпандағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшылардың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
С. Баймаханов
Судьялар
Ғ. Әлжанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.