ВС РК - Постановление от 28.05.2025 по делу 6001-24-00-6ап/2649 (Административное)

6001-24-00-6ап/2649

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 28 мамыр Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья Г.Б.Дуйсенбаев,

судьялар - Ш.Т. Даниярова, Г.К.Нұрбаев болып,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы Райханай Насировна Орманжанованың жауапкер жеке сот орындаушысы Турганбек Сайлаубаевич Танкаевқа, Азимжан Орманжанович Орманжановқа іс-әрекетін заңсыз деп тауып, берешекті анықтау туралы қаулыны жарамсыз деп танып, алиментті қайта есептеп, берешек қарызын шығарып беруге міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша,

Түркістан облысы Сайрам аудандық сотының 2024 жылғы 30 мамырдағы шешіміне, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5 тамыздағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Р.Н.Орманжанова сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен жүгініп жеке сот орындаушысы (бұдан әрі – ЖСО) Т.С.Танкаевтың, А.О.Орманжановтың әрекеттерін және қаулысын даулаған. Түркістан облысы Сайрам аудандық сотының 2024 жылғы 30 мамырдағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған. Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған бірінші және апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Тараптар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Іс құжаттарын зерттеп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарынан анықталғандай, 2019 жылы 12-шілдеде Р.Н.Орманжанованың пайдасына борышкер А.О.Орманжановтан кәмелетке толмаған үш балаға кәмелетке толғанға дейін ай сайын еңбек ақысының және (немесе) өзге де кірістерінің ½ мөлшерінде алимент өндірілген.

Өз кезегінде, ЖСО Т.С.Танкаевтың 2023 жылғы 10-сәуірдегі қаулысымен аталған бұйрық бойынша атқарушылық өндірісі қозғалып, 2023 жылғы 10 сәуірдегі қаулысымен борышкер А.О.Орманжановтың мүлкіне тыйым салынған.

2023 жылғы 12-маусымдағы ЖСО-ның қаулысымен борышкер А.О.Орманжановқа тұрғылықты жерінен анықталмауына байланысты іздеу жарияланған.

2022 жылғы 1-шілдедегі еңбек келісімі бойынша А.О.Орманжанов ЖК «Дүйсенбаев» жеке кәсіпкерінде 2023 жылғы 1 қазанға дейін жұмыс жасаған.

ЖК «AG JOL DOS» басшысы З.Нуралиевтің №3 санды 2023 жылғы 5- қарашадағы бұйрығы негізінде, А.О.Орманжанов 2023 жылғы 5 қарашадан жүк көлігінің жүргізушісі ретінде қабылданған.

ЖСО-ның 2024 жылғы 15-мамырдағы қаулысымен А.О.Орманжановтың 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап алимент бойынша берешек мөлшері 659 018 теңге деп анықталған.

Р.Н.Орманжанова ЖСО Т.С.Танкаевтың бұл қаулысын даулап, жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Жергілікті соттар, ЖСО Т.С.Танкаев борышкер алатын нақты жалақыны (кірісті) негiзге ала отырып, берешекті анықтау туралы қаулыны негізді шығарған деп уәждеп, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырған.

ӘРПК-нің 5-бабының екінші бөлігіне сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.

ӘРПК-нің 7-бабында белгіленген заңдылық қағидатына сәйкес әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік рәсімдерді өз құзыреті шегінде және Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырады.

«Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 99-бабының екінші және үшінші тармақтарына сәйкес алименттер бойынша берешек мөлшерiн сот орындаушысы өндiрiп алу жүргiзiлмеген уақыт iшiнде борышкер алатын нақты жалақыны (кірісті) негiзге ала отырып, шешiм орындалатын жерде белгiлейдi.

Егер борышкер бұл кезеңде жұмыс icтeмeген немесе оның жалақысын және өзге де кірісін растайтын құжаттар ұсынылмаған жағдайда, ай сайынғы төлемдер және (немесе) алимент бойынша берешек оны өндiрiп алу кезiнде Қазақстан Республикасындағы орташа айлық жалақы мөлшерi негізге ала отырып айқындалады.

Аталған жағдайда, жауапкердің Заңның 99-бабының талаптарына сүйене отырып қабылдаған қаулысы заңды және негізді болып табылады.

Өйткені, борышкер А.О.Орманжановтың 2023 жылғы 1-қаңтардан бастап, жоғарыдағы мекемелерде жұмыс істегені жауапкер тараппен ұсынылған құжаттармен және жұмыс берушілердің жауаптарымен бекітілген. Ал, талап қоюшы тараптың борышкер А.О.Орманжановтың Қазақстан Республикасының шекарасынан тыс жерде жұмыс жасап, айына 1 000 000 теңгеден табыс тапқандығы туралы уәждері ешқандай құжаттармен негізделмеген және талап қоюшы тарапынан осы уәждерді қуаттайтын қосымша дәлелдер ұсынылмаған

Осыған байланысты, жергілікті соттар талап қоюшының аталған уәждерін негізсіз деп дұрыс бағалаған.

Жоғарыдағылар негізінде, сот алқасы жергілікті соттардың ЖСО Т.С.Танкаевтың әрекетін және қаулысын заңды деп танып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы тұжырымдары заңды әрі негізді деп есептейді.

АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерімен тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облысы Сайрам аудандық сотының 2024 жылғы 30 мамырдағы шешімі, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5 тамыздағы қаулысы өзгеріссіз, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Г.Б.Дуйсенбаев Ш.Т.Даниярова Г.К.Нұрбаев Г.К.Нұрбаев

Судьялар

Көшірмесі дұрыс Судья

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.