ВС РК - Постановление от 28.05.2025 по делу 6001-24-00-6ап/3112 (Административное)

6001-24-00-6ап/3112

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 28 мамыр Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья Г.Б.Дуйсенбаев,

судьялар - Ш.Т. Даниярова, Г.К.Нұрбаев болып,

талап қоюшы Б.Б.Джакуповтың, жауапкер өкілі Д.М.Абдинабиевтің қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы Бақыт Бидаулетович Джакуповтың жауапкер «Сауран ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобаларын бекіту туралы 2023 жылғы 21 қыркүйектегі №2778 санды бұйрығын заңсыз деп танып, күшін жою туралы, 2023 жылғы 27 қыркүйектегі №2662 санды үлгілік шартын жарамсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша,

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 4 наурыздағы шешіміне, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 12 қыркүйектегі қаулысына мүдделі тұлғаның кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Б.Б.Джакупов сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен жүгініп «Сауран ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің бұйрығын және оның негізінде жасалынған шартты даулаған. Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 4 наурыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

Сот шешіміне сәйкес Еркебалаева Меруерт Зейнуллаевнаға қатысты жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобаларын бекіту туралы 2023 жылғы 21 қыркүйектегі №2778 санды бұйрығы, жер учаскесін жалға беру туралы 2023 жылғы 27 қыркүйектегі №2662 санды үлгілік шарты заңсыз деп танылып, күштері жойылған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 12 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Мүдделі тұлға М.З.Еркебалаева кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған бірінші және апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Сот алқасы талап қоюшы Б.Б.Джакуповтың кассациялық шағыммен келіспеген пікірін, жауапкердің өкілі Д.М.Абдинабиевтің кассациялық шағым уәждерін қолдаған пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, шағым уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарынан анықталғандай, Түркістан облысы Сауран ауданының жер қатынастары бөліміммен Сауран ауданындағы ауыл шаруашылығындағы жерлерге қатысты жер учаскелеріне қатысты уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға алу) конкурс жарияланған.

Конкурстық комиссияның 2023 жылғы 31 мамырдағы №6 хаттамасына сәйкес жалпы көлемі 1,5 га суармалы жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға алу) жеңімпаз деп талап қоюшы Б.Б.Джакупов танылған.

Түркістан облысы Сауран ауданы әкімінің 2023 жылғы 2 маусымдағы №164 қаулысымен Сауран ауданының Шорнақ ауылдық округінің аумағынан 1,5 га суармалы жер учаскесі 10 жыл мерзімге уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен Б.Б.Джакуповқа беріліп, оның негізінде жер учаскесін жалға беру туралы №1980 шарт жасалынған.

Аталған құжаттардың негізінде Б.Б.Джакупов 2023 жылы 22 қыркүйекте «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына жер учаскесіне мемлекеттік актіні алуға өтініш берген.

2023 жылғы 27 қыркүйекте Сауран аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімі жер учаскесіне кадастрлық №19-307-168-001 жер учаскесінің мемлекеттік актісімен беттесетіндіктен қызмет түрін уақытша тоқтатыны, жер учаскесіне уақытша өтеулі ұзақ мерзімді құқығына актіні беру туралы өтініші орындау мүмкін болмай тұрғанын хабар етіп, көрсетілетін мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту себептері жойылған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен көрсетілетін мемлекеттік қызметті алу үшін көрсетілетін қызметтер алушының қайта жүгінуіне болатынын ескертіп, №3246 жауап хат берген. Талап қоюшы Б.Б.Джакупов 2023 жылғы 24 қазанда қайталап Сауран аудандық тіркеу және жер кадастры бөліміне мемлекеттік актіні беру жөнінде өтініш берген.

Сауран аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімі 2023 жылғы 30 қазандағы №3348 жауап хатымен жер учаскесіне кадастрлық №19-331-001397 жер учаскенің мемлекеттік актісімен беттесетіндіктен қызмет түрін уақытша тоқтатынын хабарлап, жер учаскесіне уақытша өтеулі ұзақ мерзімді құқығына актіні беру туралы талап қоюшының өтінішін орындау мүмкін болмай тұрғанын хабарлаған.

Сонымен қатар, жергілікті соттармен келесі мәселелер анықталған.

Жалпы алаңы 1,5 га кадастрлық №19-331-001-397 жер учаскесіне 2023 жылы 12 қазанда Еркебалаева Меруерт Зейнуллаевнаның атына мемлекеттік сәйкестендіру актісі рәсімделген. Аталған жер учаскесін М.З. Еркебалаеваға беруге келесі құжаттар негіз болған.

Сауран ауданы әкімінің 23 мамыр 2023 жылғы № 146 қаулысымен Түркістан қаласының айналасынан «Жасыл белдеу» құру мақсатында жоспарланған жер телімдері Сауран ауданының әкімдігіне қарасты Шаға ауылдық округі аумағынан «Сексеуіл тұқымдас ағаш көшеттерін отырғызу үшін» қосымшада көрсетілген жер учаскелері мемлекет мұқтажы үшін алынған.

Қосымшасында Шаға ауылында орналасқан М.З. Еркебалаеваның кадастрлық №№ 19-304-104-193, 19-304-104-192 жалпы алаңы 600 га жер учаскелері көрсетілген.

2023 жылғы 21 маусымдағы № 178 Сауран ауданы әкімінің қаулысымен М.З. Еркебалаеваға қабылданған Түркістан қаласы әкімдігінің 2016 жылғы 25 тамыздағы №1031 санды қаулысы негізінде Сауран ауданы әкімдігінің Шаға ауылдық округі аумағынан «шаруа қожалығы жүргізу үшін» уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен берілген (кадастрлық №№19-304-104-193, 19-304-104-192) жалпы алаңы 600,0 га жайылым жер учаскесі Жасыл аймақ түсіп мемлекет мұқтаждығына алынуына байланысты Сауран ауданы аумағынан тең көлемде ауыстырылып, пайдалану құқығы 10 жыл мерзімге уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы белгіленсін деп шешім қабылданған.

2023 жылғы 31 шілдедегі №214 Сауран ауданы әкімінің қаулысымен М.З. Еркебалаеваға қабылданған Сауран ауданы «Сауран ауданы аумағынан тең көлемде ауыстырылып» деген сөздер «Сауран ауданы аумағынан тең көлемде және баламалы түрде ауыстырылып» деген сөздермен өзгертіліп, толықтырылсын деп шешім қабылданған.

«Сауран ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің 2023 жылғы 21 қыркүйектегі бұйрығымен М.З. Еркебалаеваның шаруа қожалығының жүргізу үшін алаңы 1,5 га жер учаскесін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобасы бекітілген Б.Б.Джакупов жауапкердің аталған бұйрығын және жалға беру туралы шартын даулап, жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Жергілікті соттар, жауапкер істің мән-жайын толық зерттеместен даулы жер телімін М.З.Еркебалаеваға беріп жіберуі салдарынан Б.Б.Джакуповтың құқықтары бұзылған деген дұрыс тұжырым жасап, талап қоюды қанағаттандырған.

ӘРПК-нің 5-бабының екінші бөлігіне сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.

ӘРПК-нің 7-бабында белгіленген заңдылық қағидатына сәйкес әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік рәсімдерді өз құзыреті шегінде және Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырады.

ӘРПК-нің 13-бабының 1-бөлігіне сай, әкімшілік рәсімге қатысушының әкімшілік органның, лауазымды адамның қызметіне сенімі Қазақстан Республикасының заңдарында қорғалады. «Соттардың жер заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы» 2007 жылғы 16 шілдедегі №6 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 8-тармағына сай сол бір жер учаскесіне немесе учаскенің бір бөлігіне мәні тең құқықтар болған жағдайда соттар азаматтық заңнамаға сәйкес құқықтың туындау күні бойынша белгіленетін жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтардың басымдығын негізге алуға тиіс.

Жергілігкті соттармен анықталғандай, даулы жер учаскесі конкурс бойынша талап қоюшы Б.Б.Джакуповқа М.З.Еркебалаевадан бұрын берілген. Бірақ, конкурстан кейін Сауран ауданы әкімінің 23 мамыр 2023 жылғы №146 қаулысымен М.З.Еркебалаеваның «Шаға» ауылында орналасқан 600 га жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін алынып, оған Сауран ауданы аумағынан тең көлемде және баламалы түрде жер учаскесі ауыстырылып, нәтижесінде бұрын конкурс бойынша Б.Б.Джакуповқа берілген жер учаскесі М.З.Еркебалаеваға беріліп, жер учаскесіне мемлекеттік актісі жасалған.

Жоғарыдағылар негізінде, сот алқасы жергілікті соттардың бұйрықты және шартты заңсыз деп танып, талап қоюды қанағаттандыру туралы тұжырымдары заңды әрі негізді деп есептейді.

АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс. Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерімен тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 4 наурыздағы шешімі, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 12 қыркүйектегі қаулысы өзгеріссіз, мүдделі тұлға Меруерт Зейнуллаевна Еркебалаеваның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Б.Дуйсенбаев Судьялар Ш.Т.Даниярова Г.К.Нұрбаев Көшірмесі дұрыс Судья Г.К.Нұрбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.