Қ А У Л Ы
2026 жылғы 18 маусым №6003-26-00-4к/660 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші - судья М.А. Манабаева,
судьялар - Н.Е. Нуралыева, Н.М. Кабдрахманова
Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Т[...]
Қ[...] қатысуымен
ашық сот отырысында «МЮ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі– Серіктестік) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Түркістан қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Басқарма) хабарламаны даулау туралы талап қоюы бойынша
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 27 қарашадағы ұйғарымына және Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 желтоқсандағы ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жауапкерге жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 желтоқсандағы ұйғарымымен өзгеріссіз қалдырылған Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 27 қарашадағы ұйғарымымен сотқа талап қоюмен жүгінудің өткізіп алынған мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішхатты қанағаттандырудан бас тартылған, талап қою қайтарылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында өзара байланысты даулар ұзақ уақыт бойы қаралғаны, салық органының түсіндірмелері оның хабарламаны даулауға қатысты мүмкіндігіне қатысты жаңсақ пікір қалыптастырғанын, сондай-ақ денсаулық жағдайы сотқа жүгіну мерзімін өткізіп алуға себеп болғанын көрсетіп, сотқа жүгіну мерзімін қалпына келтіруден бас тарту туралы сот актілерінің күшін жоюды және істі мәні бойынша қайта қарауға жіберуді сұрайды.
Талап қоюшының пікірінше, Жоғарғы Сот жасалған мәмілелердің заңдылығын растайтын сот актілерін қабылдағаннан кейін ғана оған өз құқықтарының бұзылғаны туралы анық белгілі болған. Соттар мерзімді өткізіп алу себептерін дәлелсіз деп танып, талап қоюды мәні бойынша қараудан бас тартқаны заңсыз деп санайды.
Кассациялық сот кассациялық шағымның уәждерін қолдаған талап қоюшының өкілін, жауапкер өкілінің қарсылығын, прокурордың қорытындысын тыңдап, іс материалдарын зерттеп, мынадай тұжырымға келді. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК)169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігінің талаптары бойынша заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар сот актілерін қайта қарауға әкеп соғатын бұзушылықтарға жол бермеген.
Істің нақты мән-жайлары бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың сот актілерінде егжей-тегжейлі баяндалған.
ӘРПК-нің 136-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік актіні даулау туралы талап қою әкімшілік акт табыс етілген күннен бастап немесе осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен назарына жеткізілген кезден бастап бір ай ішінде беріледі. Аталған баптың жетінші бөлігіне сәйкес сот дәлелді себеппен өткізіп алынған талап қоюды беруге арналған мерзімді қалпына келтіруі мүмкін.
Іс материалдарынан көрінгендей, Басқарма 2021 жылғы 31 тамызда камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы № 5820QB600002 хабарлама шығарған. Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 3 маусымдағы шешімі осы хабарламаны шығаруға негіз болған. Хабарлама салық есептілігінің 300.00 нысанында көрсетілген бұзушылықтарға қатысты. Осы бұзушылықтар бойынша есепке жатқызудан шығарылуға тиіс қосылған құн салығының (ҚҚС) сомасы 3 048 246 теңгені құрады.
Соттар дауланып отырған хабарлама Серіктестікке 2021 жылғы тамызда тиісті түрде тапсырылғанын, Серіктестік оны өз еркімен орындағанын анықтаған, бұл ретте, оған заңда белгіленген мерзімде шағым беруге қатысты қандай да бір шаралар қолданылмаған. Серіктестік осы талап қоюмен 2025 жылғы 29 қазанда, яғни әкімшілік актіні алғаннан кейін төрт жылдан астам уақыт өткен соң жүгінген.
Бірінші сатыдағы сот өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тарту туралы шешім қабылдай отырып, сотқа уақтылы жүгінуге объективті түрде кедергі келтіретін дәлелді себептердің болмағанын негізге алған. Апелляциялық сатыдағы сот осы қорытындымен келіскені заңды.
Кассациялық шағымның сотқа жүгіну мерзімі корпоративтік табыс салығы бойынша хабарламаны даулау жөніндегі іс бойынша сот актілері заңды күшіне енген кезден бастап есептелуге тиіс деген уәжі процестік құқық нормаларын қате түсіндіруге негізделген.
Соттар анықтағандай, 2021 жылғы 7 қазандағы корпоративтік табыс салығы (бұдан әрі – КТС) бойынша хабарлама және осы іс бойынша дауланып отырған 2021 жылғы 31 тамыздағы №5820QB600002 хабарлама әр түрлі салық міндеттемелеріне қатысты шығарылған дербес әкімшілік актілер болып табылады. Дауланып отырған хабарлама салықтық есептіліктің 300.00 нысаны бойынша бұзушылықтарға және қосылған құн салығын (ҚҚС) есептеу мәселелеріне қатысты, ал бұрын қаралған сот дауының мәні корпоративтік табыс салығы бойынша хабарлама болған. Осыған байланысты КТС бойынша хабарламаның кейіннен заңсыз деп танылуы ӘРПК-нің 136-бабында белгіленген сотқа жүгіну мерзімін есептеу тәртібіне әсер етпейді және басқа әкімшілік актіні даулауға арналған жаңа мерзімнің басталуына ықпал етпейді.
«Соттардың салық заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2022 жылғы 22 желтоқсандағы № 9 нормативтік қаулысының 33-тармағына сәйкес хабарламалар туралы даулар бойынша сотқа талап қоюмен жүгіну мерзімі салық заңнамасында белгіленген тәртіппен салық төлеушіге тапсырылған күннен бастап есептеледі. Демек, мерзімнің өтуінің басталуы өзге сот істерін қарау нәтижелеріне емес, тек әкімшілік актіні алу фактісіне байланысты.
Сонымен қоса, талап қоюшының салық органының түсіндірмелерін, кейіннен КТС бойынша хабарламаның заңсыз деп танылуын, сондай-ақ сот актісі заңды күшіне енгеннен кейін Басқармаға жүгінгенін талап қою мерзімін өткізіп алудың дәлелді себептері ретінде келтірген уәждері де негізсіз. Аталған мән-жайлар Серіктестікті сот арқылы қорғау құқығын уақтылы іске асыру мүмкіндігінен айырмайды. Бұдан бөлек, талап қоюшының КТС бойынша хабарламаны даулауы оған даулы хабарламалардың негізіне алынған мәнжайлар да, сондай-ақ оларды сот тәртібімен даулаудың заңда көзделген тәсілдері де белгілі болғанын растайды.
Кассациялық шағымның уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, материалдық немесе процестік құқық нормаларының дұрыс қолданылмағанын дәлелдемейді және істің мән-жайларына соттар берген құқықтық бағамен келіспегенін білдіреді.
ӘРПК-нің 138-бабының екінші бөлігінің 15) тармақшасына сәйкес талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тарту талап қоюды қайтару үшін дербес негіз болып табылады.
Жоғарыда баяндалған мән-жайларға байланысты кассациялық сот бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың сот актілері заңды және негізді болып табылады, олардың күшін жоюға не өзгертуге негіз жоқ деген қорытындыға келеді
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы іс бойынша Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 27 қарашадағы ұйғарымы және Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 желтоқсандағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы «МЮ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
М. Манабаева
Төрағалық етуші
Судьялар
Н. Нуралыева
Н. Кабдрахманова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.