Қ А У Л Ы
2026 жылғы 14 қаңтар №6003-25-00-2к/4424 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында: төрағалық етуші Г.Бастаубаев, судьялар А.Даненова, А.Токсанбаев,
талап қоюшының өкілі К[...], жауапкер П[...] және үшінші тұлға П[...] қатысуларында,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Банк Центр Кредит» акционерлік қоғамының жауапкер П[...], даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлғалар П[...], жеке сот орындаушысы Ж[...], берешекті кепілдегі мүліктен өндіру туралы талап қоюымен қабылданған Қызылорда қалалық сотының 2025 жылдың 25 ақпандағы шешіміне және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 мамырдағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымы бойынша келіп түскен электронды азаматтық істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
«Банк Центр Кредит» акционерлік қоғамы (бұдан әрі – банк) жоғарыда көрсетілген талап қоюымен сотқа жүгінген.
Қызылорда қалалық сотының 2025 жылдың 25 ақпандағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 мамырдағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Кассациялық шағымда акционерлік қоғам бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың қорытындылары істің мән-жайларына сәйкес келмейтінін, материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете келе, сот актілерінің күшін жойып, талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұрайды.
Сот, тараптардың түсіндірмелерін тыңдап және іс құжаттарын зерделеп, шағымды тексеріп, келесі тұжырымға келді.
әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Жергілікті соттармен іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
2022 жылғы 29 қыркүйектегі шартына сәйкес банк жауапкерге жылжымайтын тұрғын үй мүлкін сатып алу үшін 120 айға, жылдық 18 % сыйақы төлеу шартымен 17 500 000 теңге несие берген.
Тараптардың арасында 2022 жылғы 29 қыркүйекте жасалған № KZA/2022/W/P/01220 жылжымайтын мүлікті кепілге беру шарты негізінде қарыз алушының/кепіл берушінің кепіл ұстаушыға қайтару жөніндегі міндеттемелерін тиісті дәрежеде орындауын қамтамасыз ету үшін қарыз алушы/кепіл беруші өзінің жеке меншік құқығына тиесілі Қызылорда қаласы, [...] мекен-жай бойынша орналасқан, жалпы ауданы 197,2 шаршы метр, тұрғын ауданы 95,1 шаршы метр, тұрғын бөлмесінің саны 4, жерінің аумағы 0,1 гектар болатын тұрғын үйін кепілге қойған.
Қызылорда қаласы, Қорқыт ата мөлтек ауданы, Тұмарөткел көшесі № 25 мекен-жайында орналасқан жылжымайтын мүліктің меншік иесі жауапкер П[...] болып табылады.
2024 жылдың 9 қаңтарында заңды күшіне енген Қызылорда қалалық сотының 2023 жылдың 6 желтоқсанындағы шешімімен банктің пайдасына жауапкер П[...] 17 203 888 теңге берешек және 516 116 теңге сот шығындары, жалпы 17 720 004 теңге өндірілген.
Ж[...].П[...] қарызды қайтару туралы міндеттемесін орындамаған соң, 2024 жылғы 5 қарашада банк сотқа қарызды кепіл жылжымайтын мүліктен өндіру туралы талап қоюымен жүгінген Аталған сот «GC[...]» ЖШС-мен 2024 жылдың 1 қазанындағы № ПР/1 бағалау есебіне сәйкес кепіл мүліктің нарықтық құнын 34 547 808 теңге деп анықтаған.
Бірінші саты соты даулы болып отырған сот шешімін қабылдау барысында, кепіл мүліктен қарызды өндіру туралы талап төлем кестесі аяқталмай тұрып қойылғандығын, қазіргі таңда жауапкердің қарыз сомасын өтеуден бас тартпайтынын, қарыз жауапкердің айлық табысынан ұсталып отырғанын, даулы кепіл мүлкі жалғыз баспанасы екендігін, онда апасы отбасымен бірге тұратынын, заем шартын орындау үшін әлі де болса мүмкіндік бар екенін ескере отырып, талап қоюшының кепіл мүліктен қарызды өндіру туралы талап қоюы қанағаттандырусыз қалдыруға жатады деген тұжырымға келген.
Апелляциялық сот алқасы бірінші саты сотының тұжырымен келіскен.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 317-бабы 1-тармағының талабына сай борышкер өзi жауап беретiн кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған ретте кепiл ұстаушының (несие берушiнiң) талаптарын қанағаттандыру үшiн кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алуы мүмкiн.
Осы баптың 2-тармағына сәйкес егер борышкердің кепiлмен қамтамасыз
етiлген мiндеттеменi бұзуы болмашы болып және соның салдарынан кепiл ұстаушы талаптарының мөлшерi кепiлге салынған мүлiктiң құнына көрiнеу сәйкес келмесе, кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алудан бас тартылуы мүмкiн.
Бір мезгілде мынадай жағдайлар болған кезде:
орындалмаған міндеттеменің сомасы (тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) есепке алынбастан) тараптар кепіл туралы шартта айқындаған, кепілге салынған мүлік құнының он пайызынан кемін құрағанда;
кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені орындау мерзімін өткізіп алу кезеңі үш айдан кем болғанда, кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені бұзу болмашы және кепіл ұстаушы талаптарының мөлшері кепiлге салынған мүлiктiң құнына анық мөлшерлес емес болып табылады. Жеке тұлғаның тұрғын үйімен қамтамасыз етілген және кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес ипотекалық қарыздар бойынша кепілмен қамтамасыз етілген міндеттеменің бұзылуы болмашы болып табылады және кепіл ұстаушы талаптарының мөлшері бір мезгілде мынадай шарттар болған кезде:
орындалмаған міндеттеменің сомасы (тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) есепке алмағанда) тараптар кепіл туралы шартта айқындаған, кепілге салынған мүлік құнының он бес пайызынан кем болса;
кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені орындау мерзімін өткізіп алу кезеңі алты айдан кем болса, кепілге салынған мүліктің құнына анық мөлшерлес емес болып табылады.
АК-нің 318-бабы 1-тармағына сәйкес, кепіл ұстаушының талаптарын кепілге салынған мүліктің құнынан қанағаттандыру, егер осы Кодексте және басқа заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, сот тәртібімен жүзеге асырылады.
Жылжымайтын мүлiк ипотекасы туралы Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 23 желтоқсандағы № 2723 Заңының 20-бабына сәйкес борышкер өзі жауап беретін, ипотекамен қамтамасыз етiлген міндеттемені орындамаған жағдайда, кепiл ұстаушының талаптарын қанағаттандыру үшін кепiлге салынған мүлiкке өндiрiп алу қолданылуы мүмкін. Кепiл ұстаушы өз талаптарын ипотеканы сот тәртiбiмен өткiзу арқылы қанағаттандыруға құқылы.
Кепіл шартының 4.1. тармағына сәйкес, талап қоюшы кепіл ұстаушы ретінде қарыз алушы тарапынан кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемелер орындалмаған немесе тиісінше орындалмаған кезде оны кепіл нысанасының құнынан өндіруге құқылы.
Жергілікті соттар істі негізінен қарау барысында, қарыз шарты бойынша орындау мерзімі аяқталмағанын, кепіл мүлкі жауапкердің жалғыз баспанасы екенін ескеріп, талап қоюдың бұл бөлігін қанағаттандырудан бас тартқан.
Алайда, сот жергілікті соттар істің мән-жайларын дұрыс анықтап,
материалдық құқық нормаларын қолдануда қателік жіберген.
Несие алушы және кепілгермен қарызды қайтару міндеттемесі бір жылдан астам уақыттан бері тиісті түрде орындалмаған. Қарыз сомасы 17 720 004 теңгені, ал кепілге салынған мүліктің нарықтық құны 34 547 808 теңгені құрайды, яғни берешек сомамен салыстырғанда қарыз кепіл мүлкінің нарықтық құнының он бес пайызынан жоғары және міндеттеме алты айдан астам уақыт тиісінше орындалмаған. Осы мән-жайларға байланысты сот АКнің 317-бабы 2-тармағы негізінде кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алудан бас тарту мүмкін емес деген қорытындыға келді.
Сот, жауапкердің қалыптасқан қарыз сомасын өтемегендігін, кепіл беруші ретінде міндеттемені орындаудан босатуға негіз болып табылатын мәнжайлар анықталмағанын ескере отырып, талап қоюшының кепілге қойылған мүлік құнының есебінен қарыз сомасын өндіріп алу туралы талабы негізді деген қорытындыға келді.
Істің мұндай тұрғысында шешім және қаулының күші жойылып, талап қою қанағаттандырылады. Талап қою қанағаттандырылғандықтан АПК-нің 109-бабы 1-бөлігі негізінде жауапкерден талап қоюшының пайдасына сот шығындары өндіріледі.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігі 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Қызылорда қалалық сотының 2025 жылдың 25 ақпандағы шешімінің және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 мамырдағы қаулысының күші жойылып, талап қоюшы «Банк Центр Кредит» акционерлік қоғамының талап қоюын қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылсын.
П[...] «Банк Центр Кредит» акционерлік қоғамының алдындағы 17 720 004 (он жеті миллион жеті жүз жиырма мың төрт) теңге қарызы меншік құқығымен тиесілі Қызылорда қаласы, Қорқыт ата мөлтек ауданы, Тұмар өткел көшесі, №[...] үй мекенжайы бойынша орналасқан тұрғын үй мен жер учаскесі кепіл мүлкінен бастапқы сату бағасы 34 547 808 (отыз төрт миллион бес жүз қырық жеті мың сегіз жүз сегіз) теңге мөлшерде белгілене отырып, өндірілсін.
Ж[...] П[...] талап қоюшы «Банк Центр Кредит» акционерлік қоғамының пайдасына мемлекеттік бажға төленген 2 829 (екі мың сегіз жүз жиырма тоғыз) теңге шығыны өндірілсін. Талап қоюшының кассациялық шағым қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші судья Г.Бастаубаев
Судьялар А.Даненова
А.Токсанбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.