ҚАУЛЫ
2023 жылғы 13 маусым 6001-23-00-6ап/117 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,
судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өміралиев болып,
мүдделі тұлға «Маделханова» жеке кәсіпкерінің (бұдан әрі – ЖК) өкілі – Ж[...] қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Ақан» атауымен әрекет етуші жеке кәсіпкер Ө[...] (бұдан әрі – «Ақан» ЖК) жауапкерлер «Қызылорда облысының білім басқармасының Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің «№267 орта мектебі» (бұдан әрі – №267 мектеп), «№282 мектеплицейі» (бұдан әрі – №282 мектеп) коммуналдық мемлекеттік мекемелеріне конкурс қорытындыларын заңсыз деп танып, конкурсты қайтадан жариялауды және шарттарды жарамсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 27 қазандағы шешіміне, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 24 қарашадағы қаулысына мүдделі тұлға «Маделханова» ЖК өкілінің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 27 қазандағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.
№267 мектебінің № 7848698-ОК1, №282 мектебінің № 7818032-ОК1 хаттамалары заңсыз деп танылған.
Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.
Сонымен қатар жеке ұйғарымдар қабылданған. Оларға апелляциялық және кассациялық шағымдар келтірілмеген.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 24 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Мүдделі тұлғаның өкілі кассациялық шағымында шешім және қаулымен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған.
Талап қоюшы өзінің кассациялық шағымға қарсы пікірінде шағымды қанағаттандырусыз қалдырып, істі мобильді видеоконференцбайланыс арқылы қарауды сұраған.
Сот алқасының отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында қарауға тағайындалған болатын. Талап қоюшының сотқа келмеуі туралы уәжін сот дәлелді деп санамайды.
Жауапкерлер және басқа мүдделі тұлғалар немесе оладың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Бұл жағдайлар істі сотқа келмеген тараптардың қатысуынсыз қарауға кедергі болып табылмайды.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Мүдделі тұлға «Маделханова» ЖК өкілінің кассациялық шағымды қолдаған түсінігін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда №267 және №282 мектептер аз қамтылған отбасылардан шыққан білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру қызметін сатып алуға веб-портал арқылы конкурстар өткізген. Аталған конкурстар қорытындыларына сәйкес жеңімпаз ретінде «Маделханова» ЖК танылған. «Ақан» ЖК екінші орынды иеленген.
«Ақан» ЖК-нің шағымы «Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі мен «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесімен қанағаттандырусыз қалдырылған.
Осыған байланысты «Ақан» ЖК жоғарыда аталған талап қоюлармен сотқа жүгінген.
Соттар талап қоюларды ішінара қанағаттандырғанда мына мәнжайларды ескерген.
Мектептерде оқушыларды тамақпен қамтамасыз ету конкурстарын өткізу Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 598 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу қағидаларымен» (бұдан әрі – Қағида көзделген.
Соттар істі қарау барысында даулы конкурстар өткізілгенде аталған Қағиданың талаптарының бұзылып, конкурстар жеңімпазы ұсынған мамандардың біліктілігін бекітуге қатысты бұзушылықтар орын алғанын анықтаған.
Дауланып отырған конкурстар бойынша әлеуетті өнім берушілер диетолог ретінде көрсеткен мамандардың диетология саласында медициналық білімі және біліктілігінің болуын не болмаса диетология саласында біліктілігін арттырудан (қайта даярлаудан) өткен медициналық білімінің болуын растайтын тиісті құжаттарын, оның ішінде уәкілетті орган белгілеген үлгідегі құжаттарды ұсынбаған.
Апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы соттың диетолог маманның біліктілігіне қатысты тұжырымын негізді деп, ал «Ақан» ЖК шотфактураларды ұсынуға міндетті болмағаны жөніндегі тұжырымын қате деп санаған.
Сонымен қатар, конкурстар жеңімпазы өзінің біліктілігін бекіту үшін білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың санына қарай қажетті штат қызметкерлерін ұсынбаған.
Мектеп оқушыларын тамақтандыруды іркіліссіз ұйымдастыру қажеттілігін, сондай-ақ тиісті қаржы жылына бөлінген қаражаттың басым бөлігі игеріліп қойғанын ескере отырып, соттар конкурс қорытындыларының заңсыздығын танумен шектеліп, шарттардың күшін жоймаған. Істің басқа да егжей-тегжейлі мән-жайлары, соттардың негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 24 қарашадағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Мүдделі тұлға «Маделханова» жеке кәсіпкері өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
С. Баймаханов
Судьялар
Ш. Даниярова
Е. Өміралиев
Көшірме дұрыс. Судья
С. Баймаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.