№6003-25-00-2к/5498
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 16 наурыз Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов болып, талап қоюшы С.А.Суевбаевтың, өкілі Т.У.Ердановтың,
жауапкер өкілі Ж.Б.Тагановтың қатысуларымен, ашық сот отырысында Жаңаөзен қалалық сотының 2025 жылғы 9 сәуірдегі шешімі мен Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 шілдедегі қаулысына талап қоюшы С.А.Суевбаевтың кассациялық шағымымен түскен,
талап қоюшылар Серик Амангалыевич Суевбаев пен Бауыржан Кармысович Кулингараевтың жауапкер «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамына жұмысқа қабылдаудан бас тартуын заңсыз деп танып, жұмысқа қабылдауды міндеттеу туралы электрондық азаматтық ісін қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Талап қоюда, жауапкер «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамының (бұдан әрі - Қоғам) сирек қолданыстағы мамандықтар тізімінде «D» санатындағы автобус жүргізушісі мамандығы болмауына байланысты жұмысқа қабылдаудан бас тартуын заңсыз деп танып, жұмысқа қабылдауды міндеттеуді сұраған.
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 шілдедегі қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған, Жаңаөзен қалалық сотының 2025 жылғы 9 сәуірдегі шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Талап қоюдың қанағаттандырусыз қалдырылуына, «D» санатындағы автобус жүргізуші мамандығының бекітілген сирек қолданыстағы мамандықтардың тізімінде болмауы негіз болған.
Талап қоюшы кассациялық шағымын, сот түйіндерінің істің мәнжайларына сәйкес келмеуіне, материалдық құқық нормаларының бұзылуына, іріктеуден өткеніне қарамастан заңсыз жұмысқа қабылданбауына негіздеп, талап қоюын қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот істегі бар дәлелдемелерді зерттеп, сотқа қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде сот актiсінің заңдылығын тексерiп, шағым уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi тұрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Бұл іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға соттармен жол берілмеген.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі- Кодекс) 21бабының 2-тармағының талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасының заңдарында, құрылтай құжаттарында, жұмыс берушінің актілерінде белгіленген жағдайларда және тәртіппен еңбек шартын жасасу алдында: 1) лауазымға сайлану (сайлау); 2) тиісті лауазымға орналасуға арналған конкурс бойынша сайлану; 3) лауазымға тағайындау немесе лауазымға бекіту; 4) Қазақстан Республикасының заңдарымен уәкілеттік берілген органдардың белгіленген квота есебімен жұмысқа жіберуі; 5) еңбек шартын жасасу туралы сот шешімін шығару рәсімдері болуы мүмкін.
Даудың туындауына негіз болған мән-жайлар, шағым берілген сот актілерінде көрсетілген, сондықтан олар қайталап осы қаулыда атап өтуді қажет етпейді.
Іс құжаттарына қарағанда, жұмыссыздық пен әлеуметтік шиеленістің алдын алу мақсатында, 2021 жылғы 17 наурызда Қоғамға қарасты өндірістікқұрылымдық бөлімшелерге қажетті сирек қолданыстағы мамандықтардың тізімі және мамандарды жұмысқа алу алгоритімі бекітілген.
Тараптар арасында дау осы алгоритм аясында бекітілген сирек қолданыстағы мамандықтардың тізіміне кірмеген «D» санатындағы автобус жүргізуші мамандығы бойынша Қоғаммен негізсіз жұмысқа қабылдау үшін іріктеудің жүргізілуінен туындаған.
Яғни, «D» санатындағы автобус жүргізуші мамандығы бекітілген тізімде сирек қолданыстағы мамандар санатына жатпаса да, талап қоюшы 2024 жылғы 29 қазанда өткізілген іріктеуге қатыстырылып, іріктеуден өткен.
Аталған қателік Қоғамның перспективті даму және тәуекелдерді басқару департаментінің директоры А.Смадиновтың тарапынан орын алған, осыған байланысты оған қатысты бірінші сатыдағы сотпен жеке ұйғарым шығарылған. Аталған мән-жайлар, жұмыскерінің жұмысты ұйымдастырудағы қателігі, өздігінен Қоғамның әрекетінің заңсыздығына әкеп соқтырмайды, қателік дер кезінде еңбек шарты жасалғанға дейін анықталып жойылған, талап қоюшыға оның салдарынан зиян келмеген.
Қалыптасқан жағдайда, Кодекстің 23-бабына сәйкес жұмыс берушінің жұмысқа қабылдау кезінде таңдау еркіндігі құқығын ескере отырып, Қоғамды осы бекітілген алгоритм бойынша талап қоюшыны жұмысқа қабылдауға міндеттеуге құқықтық негіз жоқ. Соттардың тұжырымдары сот қаулысында ашып көрсетілген, кассациялық сотқа бұрын соңды зеттелмеген жаңа дәлелдер ұсынылмаған. Осы мән-жайларға байланысты сот актілерінің күшін жоюға заңда көзделген негіздердің болмауына байланысты, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 шілдедегі қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Г.Джаппарова
Судьялар
А.Есдаулетов
Н.Ормаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.