Қ А У Л Ы
2025 жылғы 12 қараша №6003-25-00-2к/1416 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында: төрағалық етуші судья А.Тоқсанбаев, судьялар М.Ибрагимова, А.Даненова,
талап қоюшының өкілі К.Канболатов, үшінші тұлға жеке сот орындаушы А.Сермахановтың қатысуларымен
ашық сот отырысында талап қоюшы «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының жауапкерлер Галым Ибрагимович Жанаевқа және Жанар Куанышевна Куанышеваға қарызды кепiлге салынған мүлiктен өндiрiп алу туралы талап қоюымен қабылданған
Маңғыстау облысы Қарақия аудандық сотының 2025 жылғы 17 наурыздағы шешіміне және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 сәуірдегі қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен азаматтық істі қарап,
«Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы жоғарыда көрсетілген талап қоюымен сотқа жүгінген.
Маңғыстау облысы Қарақия аудандық сотының 2025 17 наурыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
2025 жылғы 29 сәуірдегі қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында, жергілікті соттармен материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмағанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Сот талап қоюшының өкілі К.Канболатов пен үшінші тұлға жеке сот орындаушы А.Сермахановтың түсіндірмелерін тыңдап, кассациялық шағым уәждері мен іс құжаттарын зерттеп, келесі негіздерге байланысты сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген түйінге келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Алайда соттармен іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 317бабының 1-бөлігіне сәйкес борышқор өзi жауап беретiн кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған ретте кепiл
ұстаушының (несие берушiнiң) талаптарын қанағаттандыру үшiн кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алуы мүмкiн.
АК-нің 317-бабы 2-бөлігіне сәйкес егер борышқордың кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi бұзуы болмашы болып және соның салдарынан кепiл ұстаушы талаптарының мөлшерi кепiлге салынған мүлiктiң құнына көрiнеу сәйкес келмесе, бір мезгілде мынадай жағдайлар болған кезде:
орындалмаған міндеттеменің сомасы (тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) есепке алынбастан) тараптар кепіл туралы шартта айқындаған, кепілге салынған мүлік құнының он пайызынан кемін құрағанда;
кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені орындау мерзімін өткізіп алу кезеңі үш айдан кем болғанда кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алудан бас тартылуы мүмкiн делінген.
Соттардың атқарушылық іс жүргізу туралы заңнаманың кейбір нормаларын қолдануы туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 31 наурыздағы №1 Нормативтік қаулысының 7-тармағына сәйкес, сот борышкердің мүлкін өндіріп алу туралы мәселені шешу кезінде Заңның 72-бабына сай борышкердің мүлкін өткізу кезектілігінің қағидаларын негізге алуға, мүліктің борышкерге тиесілі екендігін, оның нақты құнын және ондағы ауыртпалықты анықтауға, сондай-ақ мүлік құнының қалған берешектің мөлшеріне мөлшерлес болуын, атқарушылық құжаттың орындалуда болған мерзімін және басқа да назар аударуға болатын мән-жайларды бағалауға тиіс.
Жеке меншікті қорғауға бағытталған сот бақылауы мақсатында жылжымайтын мүлікті өндіріп алу қарыз берушінің (кепіл ұстаушының) талаптарын қанағаттандыру үшін соңғы шара ретінде заңға қатаң сәйкестікте жүзеге асырылуы тиіс.
Іс құжаттарына қарағанда, 2019 жылдың 12 тамызда «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы (несие беруші) мен жеке кәсіпкер Г.И.Жанаевтың (несие алушы) арасында №МН-9-ДЗ-Игілік0255 несие шарты жасалып, несиешіге 4 000 000 теңге несие 2024 жылғы 12 тамызға дейінгі мерзімге берілген.
Несие шартының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында Несие беруші мен жеке кәсіпкер Г.И.Жанаев және Ж.К.Куанышева арасында 2019 жылғы 12 тамызда №МН-9-ДЗ-Игілік-0255/1 кепіл шарты жасалған.
Кепіл шарты бойынша жауапкерлер өзіне тиесілі Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Мұнайлы ауылы, Байтерек шағын ауданы, 81 үй, мекен-жайы бойынша, көлемі 0,1 га жер учаскесінде (кадастр №13-197-007-601) орналасқан, шаруашылық құрылыстары бар, тұрғын үйді кепілге қойған.
Жауапкер шартқа сәйкес өз міндеттемелерін тиісінше орындамауына байланысты 2021 жылғы 12 наурыздағы сот шешімімен жеке кәсіпкер Г.И.Жанаевтан Қоғамның пайдасына 3 741 962 теңге қарызы өндірілген.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 25 қаңтардағы №137 қаулысымен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ (бұдан әрі - Қоғам) «Ауыл шаруашылығы саласын несиелендіру мәселелері туралы» құрылған.
Қазіргі кезде атқарушылық іс ЖСО А.Т.Сермахановтың орындауында және жауапкердің 2024 жылғы 26 желтоқсанға қарыз берешегі – 1 866 661,96 теңгені құрайды.
Бағалаушы «ADAL EXPERT» ЖШС-інің 2024 жылғы 29 қарашадағы жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалау туралы қорытындысына сәйкес, кепілге қойылған мүліктің нарықтық құны 11 829 000 теңгені құраған.
Талап қоюшы талабында жауапкермен сот шешімі орындалмағанын, қәзіргі кездегі қарызы 1 866 662 теңгені құрайтынын көрсетіп, қарызды жауапкерлердің кепілге қойған мүлкі арқылы өндіруді сұраған.
Жергілікті соттар жауапкердің қазіргі кездегі қарызы 1 866 662 тенге, ал кепілге қойылған жылжымайтын мүліктің құны 11 829 000 теңге, яғни қарыздың мөлшері кепіл мүліктің құнынан алты есе кем екенін, кепiл мүлiктiң құны қарызбен көрiнеу сәйкес келмейтінін, жауапкерлер қарыздың қалған бөлігін өтеуден жалтармайтынын ескеріп, әділдік пен ақылға сыйымдылық өлшемшарттарын негізге ала отырып, қалған қарызды кепілден өндіріп алу туралы талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқан.
Сотта жеке сот орындаушы А.Сермаханов борышкермен 2025 жылғы 28 мамырда 100 000 теңге төленгенін хабарлады. Бұл да жергілікті соттармен дұрыс қорытынды жасағанын білдіреді.
Кассациялық шағымның уəждері алқа қаулысының қорытындыларын теріске шығармайды, тек келіспей, дәлелдемелерге басқа құқықтық баға берумен байланысты. Шағым иесімен жергілікті соттармен материалдық және процестік құқықтық нормалары елеулі түрде бұзғаны туралы дәлелдемелер ұсынылмаған.
Сондықтан, апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігі 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Маңғыстау облысы Қарақия аудандық сотының 2025 жылғы 17 наурыздағы шешімі және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 сәуірдегі қаулысы күшінде, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
А.Тоқсанбаев
Төрағалық етуші
М.Ибрагимова
Судьялар
А.Даненова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.