Қ А У Л Ы
2025 жылғы 26 тамыз 6003-25-00-2к/68 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші С.К. Нурабай судьялар С.С.Кененбаев, Л.Б.Мамырбаева, прокурор К.К.Тогаевтың, аудармашы Р.А.Таласпаеваның, талап қоюшының өкілі С.Тастыбайдың, жауапкер А.И. Морозовтың және оның өкілі Ф.Г.Хисамутдиновтың қатысуларымен
талап қоюшы Астана қаласының әкімдігінің сенімді тұлғасы «Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - ММ) жауапкер Александр Иванович Морозовқа өтемақы төлеу арқылы жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы электронды азаматтық істі талап қоюшының берген Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 25 желтоқсандағы шешіміне және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 наурыздағы қаулысына кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ :
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, онда жауапкердің меншігіндегі жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін ақшалай өтемақы төлей отырып, мәжбүрлеп иеліктен шығаруды сұраған.
Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 25 желтоқсандағы шешімімен талап қоюшы Астана қаласының әкімдігінің атынан «Астана қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы» ММ-нің талабы ішінара қанағаттандырылған. А.И.Морозовқа 22 902 000 теңге мөлшерінде ақшалай өтемақы төлеу арқылы Астана қаласы, «Алматы» ауданы, «Строитель» ЦТС б/с, 164 учаскесіндегі мекенжайында орналасқан, кадастрлық нөмірі 21-318-086-156, жалпы ауданы 0,1100 га жер учаскесі мәжбүрлеп иеліктен шығарылған. А.И.Морозовтан мемлекет пайдасына 1846 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 наурыздағы қаулысымен Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 25 желтоқсандағы шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымда істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылғанын, іс үшін маңызы бар мәнжайлардың шеңбері дұрыс анықталмағанын, сарапшының қорытындысымен келіспейтінін көрсетті. Апелляциялық соттың қаулысының күші жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертіп, өндірілген 22 902 000 теңге ақшалай төлемді 15 489 826 теңгеге дейін азайту сұрады.
Кассациялық шағымды қолдаған талап қоюшының өкілі С.Тастыбайды, шағымға қарсылық білдірген жауапкер А.И. Морозовты және оның өкілі
Ф.Г.Хисамутдиновты, шешімді өзгеріссіз қалдыруды сұраған прокурордың қорытындысын тындап, шағымның уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесідей қорытындыға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Іс құжаттарынан анықталғандай, А.И.Морозовқа Астана қаласы, «Алматы» ауданы, б/с «Строитель», №164 учаскесі кадастрлық нөмері 21318-086-156 меншік құқығында тиесілі болған.
Астана қаласы әкімдігінің 2024 жылғы 5 шілдедегі № 510-2259 қаулысына сәйкес, жауапкерге тиесілі жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға жататыны анықталған.
Уәкілетті органмен 2024 жылдың 17 шілдесінде жауапкерге өтемақы төлеу арқылы мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы хабарлама табысталған.
2024 жылғы 6 тамызда жауапкерге жер учаскесі үшін «Дом Оценки» тәуелсіз бағалау компаниясы» ЖШС-мен жасаған мүлікті бағалау есебі негізінде 15 489 826 теңге ақшалай өтемақы ұсынылған.
Жауапкер көрсетілген өтемақы мөлшерімен келіспеген. Жауапкердің ұсынған «Тomay Еxpert» ЖШС-нің 2024 жылғы 19 тамыздағы №24/0250 қорытындысына сәйкес жер учаскесінің нарықтық бағасы 34 084 000 теңгені құраған.
Бірінші сатыдағы сот тараптардың арасындағы дауды шешу мақсатында сот сараптамасын тағайындаған. Сарапшы қорытындының шынайылығы үшін қылмыстық жауаптылық қарастырылғаны туралы ескертілген.
Сот ұйғарымы негізінде 2024 жылғы 13 желтоқсанда жасалған № С-7224 сарапшының қорытындысына (бұдан әрі – Сарапшы қорытындысы) сәйкес, жауапкердің жер учаскесінің нарықтық құны 22 902 000 теңгені құраған.
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» заңының (бұдан әрі –Заң) 1-бабының 25) тармақшасының талаптарына сәйкес мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару – жер учаскесін мемлекеттік мүлік құрамына алып қоюға байланысты жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті алып қою, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекше жағдайларда және құны тең бағамен өтелген жағдайда
мемлекет мұқтажы үшін жүргізілетін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу болып табылады.
Заңның 67-бабының 2, 3-тармақтарына сәйкес, мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалады.
Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы Заңның 208-бабы 1-тармағының ережелерін ескере отырып, бағалау жүргізу күніне айқындайды.
Бірінші сатыдағы сот шешім қабылдаған кезде Сарапшының қорытындысын назарға алған. Өйткені, қорытынды иеліктен шығарылатын жер учаскесінің шынайы нарықтық құнын айқындайтын анық дәлелдеме деп танылған. Апелляциялық сот алқасы соттың бұл тұжырымымен келіскен. Істің мұндай тұрғысында, соттардың мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алынатын жер учаскесі үшін өтемақы мөлшерін 22 902 000 теңге деп анықтауы заңды.
Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жанжақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.
Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 25 желтоқсандағы шешімі және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 наурыздағы қаулысы күшінде, талап қоюшы Астана қаласының әкімдігінің сенімді тұлғасы «Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші: С.К.Нурабай
Судьялар:
С.С.Кененбаев
Л.Б.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.