6001-22-00-3г/667
ҚАУЛЫ
2022 жылғы 11 сәуір Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Ш.С.Иманиязова талап қоюшы У[...] жауапкерлер Шымкент қаласының әкіміне, «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» ММ-не, Н[...] әкімнің өкімін, мүлікті жария ету жөніндегі комиссияның шешімін жарамсыз деп тану және заңсыз салынған тұрғын үйді өз есебінен бұзуды Н[...] міндеттеу туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 10 қыркүйектегі қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы Н[...] өкілі И[...] өтінішхатын алдын ала қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
У[...] сотқа аталған талап қою арызымен жүгініп, онда өзіне тиесілі Шымкент қаласы, Абай ауданы, Тұрлан шағын ауданы, №62/1 мекенжайында Н[...] жер учаскесі өзінің жер учаскесіне сәйкес келетіндіктен, талап қоюшыға тиісті құжаттар берілмегенімен негіздеген.
Шымкент қаласы Абай аудандық сотының 2021 жылғы 3 маусымдағы шешімімен У[...] талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 10 қыркүйектегі қаулысымен сот шешімі өзгертілген. Шешімнің заңсыз салынған тұрғын үйді бұзу туралы бөлігін қанағаттандырусыз қалдырылған бөлігінің күші жойылған. Бұл бөлігінде қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылған. Шымкент қаласы, Абай ауданы, Тұрлан шағын ауданы, № 62 жер учаскесінде заңсыз салынған тұрғын үй өз есебінен бұзуды Н[...] міндеттелген. У[...] пайдасына Н[...] 1459 теңге мемлекеттік баж өндірілген. Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Арыз беруші өтінішхатта істі қарау барысында материалдық және процестік құқық нормалары бұзылуына байланысты апелляциялық сатыдағы сот актісінің күшін жоюды, ал бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Сотта анықталғандай, Шымкент қаласы, Қызылжар селолық әкімнің 2004 жылғы 14 желтоқсандағы №581 өкімімен Н[...] 800 ш.м жер учаскесі түрғын үй салуға берілген.
Шымкент қаласы әкімдігінің жылжымайтын мүлікті жария ету жөніндегі комиссиясының 2007 жылғы 27 ақпандағы №23876 шешімімен
Н[...] атына Тұрлан шағын ауданы, №62 жер учаскесі жария етілген.
Талап қоюшы кадастрлық №[...], Шымкент қаласы, Тұрлан шағын ауданы, №62/1 жер учаскесін 2020 жылғы 15 сәуірде Д[...] сатып алған.
У[...] жер учаскесіне меншік құқығы 2020 жылғы 16 сәуірде тіркелген.
Бірінші сатыдағы сот талапты қанағаттандырусыз қалдырған кезде, дау айтылған өкім және жылжымайтын мүлікті жария ету жөніндегі комиссияның шешімі шығарылғанда У[...] қандай да бір заңмен қорғалатын құқығына нұқсан келмегенін, өзінің қандай да бір мүддесін не құқығын бұзғанын растайтын дәлелдемені сотқа ұсынбағандықтан, оларды жарамсыз деп тануға негіз жоқ деген тұжырымға келген.
Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымымен келіскен.
Алайда, апелляциялық алқа даулы жер учаскесіне тұрғын үй құрылысын жүргізген кезде жер учаскесіне қатысты У[...] қандай да бір құқығы не мүддесі бұзылмаған деген соттың тұжырымын негізсіз деп санаған.
Іс құжаттарындағы, «Шымкент қаласы сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» ММ-нің 2021 жылғы 6 сәуірдегі жауап хатынан кадастрлық №[...] жылжымайтын мүлік нысаны Шымкент қаласы, Ынтымақ-2 шағын ауданы, Кеңістік көшесі бойында, ал кадастрлық №[...] жылжымайтын мүлік нысаны Ынтымақ-2 шағын ауданы Имантау көшесінің бойында орналасқаны анықталған.
Істің мұндай тұрғысында, апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың тұжырымымен келіспей, аталған хатқа және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ-ның Шымкент қаласы бойынша филиалының 2020 жылғы 25 желтоқсандағы және 2021 жылғы 31 наурыздағы хаттарын назарға алып, талап қоюшының меншігіндегі жер учаскесін заңға сәйкес пайдалану, билік ету, басқару құқығына жауапкердің құрылыс нысанымен нұқсан келтіріліп отыр деп есептеген.
Арызданушы апелляциялық сатыдағы соттың мұндай тұжырымымен келіспей, ол істі бір жақты қараған, сот отырысы болатыны туралы Н[...] және оның өкіліне сот хабарлама бермеген, сондықтан даулы жер бойынша далалық зерттеу жұмыстарына ол қатыспаған және оған пікірлерін білдіре алмаған деп өтінішхатта көрсеткен.
Далалық зерттеу жұмыстарының қорытындысында осы даулы жерде орналасқан Шымкент қаласы, Абай ауданы, Тұрлан шағын аудан № 62 мекенжайдағы тұрғын үй У[...] кадастр № [...] жеріне орналасқаны жөнінде бір жақты тұжырым жасалған. Ал кадастр № [...] жер учаскесінің орналасуы координаттары және дерекқорының графикалық бөлігінде өзге жер учаскесі орналасқан деп бір жақты жауап берілгеніне арызданушы назар аударған.
Н[...] өз жер учаскесіне далалык зерттеу жұмыстарын жүргізіп, оның қорытындысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» КеАҚ-ның жер мамандарының жауабына сай №[...] жер учаскесінің мұрағаттық кадастрлық ісіндегі жұмыс сызбасы, абрисі негізінде өз орнында орналасқан. Алайда, координаты бойынша басқа жерде орналасқан. Жер учаскесінде тұрғын үй құрылысы орналасқан және қоршалған. Жер учаскесінің алаңы сәйкестендіру құжаты бойынша 0,08 га, ал нақты іс- жүзінде пайдалануы бойынша 0,0960 га құраған.
Шымкент қаласы, Абай ауданы, Тұрлан шағын аудан №[...] үй мекенжайда орналасқан кадастрлық №[...] жер учаскесі кадастрлық ісіндегі мәліметтерге сәйкес (жұмыс сызбасы, абрис, координат) №[...] жер учаскесімен толығымен беттесу фактісі анықталған.
Екі жер учаскесі кадастрлық ісіндегі абрис және орналасу сызбасы бойынша даулы болып жатқан жер учаскесіне түскен.
Өтінішхатта арызданушы екі жер учаскесі беттесетін болса, онда апелляциялық сатыдағы соттың заңсыз тұрғызылған тұрғын үй Н[...] есебінен бұзу туралы қорытындысы Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабында жария етілген мүлікті қорғау принциптеріне қайшы келеді деп көрсеткен.
Іс материалдарын алдын ала зерделеу, арызданушының өтінішхатында келтірген уәждері және жоғарыда көрсетілген түйіндер дау айтылған сот актісін қайта қарау үшін кассациялық сатының сот мәжілісінде қарауға жататын негіздер бар екенін көрсетеді.
АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 10 қыркүйектегі қаулысына келтірген Н[...] өкілі И[...] өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін.
Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын.
Судья Ш.Иманиязова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.