Қ А У Л Ы
2024 жылғы 8 ақпан №6001-23-00-6ап/2111 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,
судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ғ.Ө.Әлжанов болып,
прокурор М[...],
талап қоюшының өкілі М[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Н[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi Ішкі мемлекеттік аудит комитетiнiң Ақтөбе облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (әрі қарай – Департамент) нұсқамасын заңсыз деп тану және күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 19 мамырдағы ұйғарымына және Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 27 маусымдағы ұйғарымына талап қоюшы «Н[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (әрі қарай – Серіктестік) келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік ісін қарап,
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 19 мамырдағы ұйғарымымен талап қою өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартуына байланысты қайтарылған.
Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 27 маусымдағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы сот актісі өзгеріссіз, талап қоюшының апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күштерін жойып, әкімшілік істі қайта қарауға жолдауды сұраған.
Жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi Ішкі мемлекеттік аудит комитетiнiң Ақтөбе облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі өкілдерінен істі мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы қарауды сұраған.
Сот алқасының отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында қарауға тағайындалған болатын. Тараптардың өкілдерінің сотқа келмеуі туралы уәждерін сот дәлелді деп санамайды.
Сот алқа отырысында талап қоюшы өкілінің қассациялық шағымды қолдап берген уәждерін, прокурордың қорытындысын тындай келе, іс материалдарын зерттеп, шағымда келтірілген мән-жайларды тексеріп, сот алқасы келесідей тұжырымдарға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Істің мән-жайларынан, талап қоюшы мемлекеттік сатып алу бойынша екі ашық конкурсқа қатысып, жұмыс тәжірибесі болмағандықтан екінші орын алған, конкурс қорытындысымен келіспей Департаментке шағым келтірген.
2022 жылғы 15 тамыздағы Департаменттің камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама келтіріп, конкурстық комиссиямен Серіктестіктің біліктілігі туралы мәліметінде көрсетілген жұмыстары негізсіз есептелмегенін көрсетіп, жұмыс тәжірибесіне 10,5 пайыз қосылған, нәтижесінде Серіктестік жеңімпаз танылып, тапсырыс беруші мен Серіктестік араларында мемлекеттік сатып алу шарттары жасалған.
Департаментпен Комитеттің әлеуеттік өнім берушілердің шағымдары бойынша 2022 жылғы 08 тамыздағы №КВ/ЗТ-Е-1812 және 2022 жылғы 17 қазандағы №КВ/3492-И тапсырмалары негізінде өткізілген конкурстың мемлекеттік сатып алу туралы заңына сәйкестігіне электрондық аудиторлық тексеру жүргізілген.
Аудиторлық тексеру барысында Серіктестіктің мәлімдеген жұмыс тәжірибесі сатып алу нысанасына сәйкес келмейтінін анықталып, оның жұмыс тәжірибесі үшін шартты жеңілдігі 0% құрайтындығы анықталған. Тексеру нәтижесінде, Департаментпен конкурстың ұйымдастырушысына 2022 жылғы 2 қарашадағы №08-06/4702 анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамасы жіберіліп, қазіргі таңда нұсқамада көрсетілген талаптар орындалған.
ӘРПК-нің 136-бабының 1-бөлігіне сәйкес дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы талап қоюлар шағымды қарайтын органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі. Егер заңда сотқа дейінгі тәртіп көзделмеген немесе шағымды қарайтын орган болмаса, талап қою әкімшілік акт табыс етілген күннен бастап немесе осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен назарына жеткізілген кезден бастап бір ай ішінде беріледі.
Сотта анықталғандай, Серіктестік дауланып отырған Нұсқаманың көшірмесін 2022 жылдың қарашаның 10-16 жұлдызы аралығында алған, ал әкімшілік талаппен сотқа 2023 жылғы 21 сәуірде жүгінген, яғни талап сотқа беру мерзімі өтіп кеткен соң берілген.
Аталған мән-жайлар тараптармен дауланбады.
Демек талап қоюшы 2022 жылдың 10-16 қарашасында алған Нұсқаманы даулап, сотқа әкімшілік талаппен бес ай мерзім өткен соң 2023 жылдың 21 сәуірінде жүгінген, яғни заңда көрсетілген талап қоюдың мерзімі өтіп кеткен және оны қалпына келтіруге дәлелді себептер анықталмаған.
ӘРПК-нің 136-бабының сегізінші бөлігіне сәйкес сотқа жүгінудің өтіп кеткен мерзімін қалпына келтірудің мүмкін болмауы талап қоюды қайтару үшін негіз болып табылады.
ӘРПК-нің 138-бабының екінші бөлігінің 15) тармақшасында талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартса, сот (судья) талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығаратыны көзделген.
Сот аталған заң нормаларына сілтеме жасап, талап қоюды негізді қайтарған.
Соттардың осы және басқа да негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І: Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық сотының 2023 жылғы 19 мамырдағы ұйғарымы және Ақтөбе облыстық сотының әкімішілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 27 маусымдағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы «Н[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
С. Баймаханов
Е. Өмірәлиев
Судьялар
Ғ. Әлжанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.