ВС РК - Постановление от 28.12.2022 по делу 6001-22-00-3гп/500 (Гражданское)

6001-22-00- 3гп/500

Қ А У Л Ы

2022 жылғы 28 желтоқсан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші Н.К.Шәріповтің,

судьялар М.Ж.Бектұрғановтың, А.С.Савинованың, талапкердің өкілі К[...], жауапкер С[...], оның өкілі Е[...] қатысуымен,

ашық сот отырысында мобильді бейне-байланыс құрылғысы арқылы арызданушы «Атырау облысының полиция департаменті Жылыой ауданының полиция бөлімі» ММ-нің шетелдік С[...] Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығару туралы арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған.

Атырау облысы Жылыой аудандық сотының 2022 жылғы 18 қазандағы шешімін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы С[...] өтінішхаты бойынша келіп түскен азаматтық істі қарап,

«Атырау облысының полиция департаменті Жылыой ауданының полиция бөлімі» ММ-сі (бұдан әрі - Полиция бөлімі) Өзбекстан Республикасының азаматы С[...] Қазақстанның заңнамасын бұзғаны үшін, Республика шегінен шығарып жіберуді сұраған.

Жылыой аудандық сотының 2022 жылғы 18 қазандағы шешімімен арыз қанағаттандырылып, С[...] Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарылған.

С[...] өтінішхатында соттың тұжырымдары істі қарау барысында зерттелген дәлелдемелер мен сот отырысында анықталған мән-жайларға қайшы келетінін, материалдық және процестік құқық нормаларының дұрыс қолданылмағанын көрсетіп, бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жоюды, Көші-қон қызметінің арызын қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.

Сот алқасы жауапкердің өтінішхатты қолдаған пікірін, Полиция басқармасының қарсылығын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, өтінішхат уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.

Iс үшiн маңызы бар фактiлер, заң талаптарына сай сот отырысында жинақталған осы фактiге қатысты жол берiлген және шынайы дұрыс дәлелдермен расталса немесе дәлелдеудi қажет етпейтiн жалпыға мәлiм мәнжайларға сәйкес келсе немесе iс бойынша жинақталған дәлелдемелер дауды шешу үшiн жеткiлiктi болса, ондай шешiм негiздi болып саналады.

Іс бойынша қабылданған сот шешімі мұндай заң талаптарына сай келмейді.

Іс құжаттарымен анықталғандай, Өзбекстан Республикасының азаматы С[...] Қазақстан аумағында 2016 жылғы желтоқсан айынан бастап тұрып, Атырау облысы, [...]ндағы Е[...] көшесінде орналасқан 243Б-үйінде тіркелген, 2016 жылдың 26 желтоқсаннан бастап салық төлеуші ретінде тіркеліп, оған жеке сәйкестендіру нөмірі берілген, уәкілетті органның 2022 жылғы 21 қыркүйектегі № 9-2022-WP-1034871 жеке тұлғаларда еңбек етуге рұқсаты негізінде жалдамалы жұмыстар жасаған.

2022 жылғы 24 сәуірде С[...] Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 592-бабының 1-бөлігімен көзделген (көлік құралын басқару барысында белгiленген жүру жылдамдығын арттыру) әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған екі айлық есептік көрсеткіш (бұдан әрі - АЕК) мөлшерінде айыппұл түріндегі жаза қолданылған.

2022 жылдың 21 қыркүйектегі түбіртекке сәйкес жоғарыда аталған айыппұл С[...] толық төленген.

2022 жылғы 28 маусымдағы № 222336030009786 хаттама негізінде ӘҚБтК-нің 517-бабының 3-бөлігімен көзделген (шетелдiктiң Қазақстанның заңнамасында белгіленген мерзім өткеннен кейін Республикадан кетпеуінен көрінген, Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы) әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін оған ескерту жасалған.

Бірінші сатыдағы сот Полиция бөлімінің арызын қанағаттандыру туралы шешімін Өзбекстанның азаматы С[...] Қазақстан аумағында тұру кезінде бір жыл ішінде бірнеше рет әртүрлі қоғамдық тәртіп және қауіпсіздікке қарсы әкімшілік құқық бұзушылықтарды жасағанымен негіздеген.

Жоғарғы Соттың сот алқасы келесі негіздер бойынша бірінші сатыдағы соттың тұжырымдары іс мән-жайларына сәйкес келмейді және қабылданған сот шешімі материалдық құқық нормаларын бұзу арқылы қабылданған деп санайды.

«Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 28-бабына сәйкес егер шетелдік Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзса, оның iс-әрекетi мемлекеттiк қауiпсiздiктi қамтамасыз ету немесе қоғамдық тәртiптi қорғау мүдделерiне қайшы келетiн болса, егер бұл халықтың денсаулығы мен адамгершiлiк қасиетiн сақтау, Қазақстан Республикасы азаматтарының және басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн қажет болса, ол республика шегiнен қуылуы мүмкiн.

Көрсетілген норманың мазмұны бойынша шетелдік Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып, оның iс-әрекетi мемлекеттiк қауiпсiздiктi қамтамасыз ету немесе қоғамдық тәртiптi қорғау мүдделерiне қайшы келіп, бұл халықтың денсаулығы мен адамгершiлiк қасиетiн сақтауына қажет болса, Республика шегiнен қуылуы мүмкiн.

Өтінішхат иесі С[...], 2016 жылдан бастап «Қ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде ағаш шебері болып жасайтынын, екі әкімшілік құқық бұзушылық бойынша айыппұлдарды төлегенін, бірінші құқық бұзушылық бойынша науқас кісіні аурухана жеткізу керек болғандығын, 2022 жылғы 28-маусымда халыққа қызмет көрсету орталығына тіркеуге барған кезде жарық өшіп қалғандығын, сондықтан уақытылы тіркеле алмағандығын, азаматтардың қадір қасиетіне нұқсан келетіндей әрекет немесе әркетсіздік жасамағанын көрсетті.

Бұл тұрғыда, алқа С[...] iс-әрекетiнен жағымсыз немесе қауіпті салдар болмағанын, мемлекеттiк қауiпсiздiктi қамтамасыз ету немесе қоғамдық тәртiптi қорғау мүдделерiне қайшы келмейді деп санайды. Көрсетілген негіздер жергілікті сотпен ескерілмеген, іс үшiн маңызы бар фактiлерге назар аударылмаған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2013 жылғы 13 желтоқсандағы № 4 «Шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу істерін қараудың сот практикасы туралы» нормативтік қаулысының 6-тармағында берілген түсіндірмелерге сәйкес, шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен кетіру ӘҚБтК-нің ерекше бөлімінде белгіленген тәртіппен және негіздер бойынша берілетін негізгі немесе қосымша әкімшілік жазалар ретінде қолданылуы мүмкін.

Сонымен қатар, жергілікті сот С[...] тұрғылықты мекенжайының бар екендігін, тұрақты түрде қызмет жасайтынын, оның әрекетінен Қазақстан Республикасының, оның азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделері бұзылмағанын, жауапкер тарапынан мемлекеттiк қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мүддесiне қайшы келетін құқық бұзушылықтар орын алмағанын ескермеген.

Бұл мән-жайларды Жоғарғы Соттың сот алқасы Полиция бөлімінің Өзбекстан азаматы С[...] Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу туралы арызын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауға, өтінішхатты қанағаттандыруға негіз болады деп санайды. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 451-бабының 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа ала отырып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Атырау облысы Жылыой аудандық сотының 2022 жылғы 18 қазандағы шешімінің күші жойылсын.

Азаматтық іс бойынша жаңа шешім қабылдансын.

«Атырау облысының полиция департаменті Жылыой ауданының полиция бөлімі» ММ-нің шетелдік С[...] Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығарутуралы арызы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

С[...] өтінішхаты қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

Н.К.Шәріпов М.Ж.Бектұрғанов А.С.Савинова

Көшірмесі дұрыс Судья

М.Ж.Бектұрғанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.