ВС РК - Постановление от 13.05.2025 по делу 6001-24-00-6ап/3352 (Административное)

6001-24-00-6ап/3352 6001-24-00-6ап/3352 (2)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 13 мамыр

Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья Ғ.Ө.Әлжанов, судьялар - Б.Т. Нажмиденов, Ж.Б. Ермагамбетова болып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының прокуроры Н.Ә. Молдахановтың, талап қоюшының өкілі Н.Н.Каусбековтың, жауапкердің өкілі Е.С.Құрманбектің, мүдделі тұлға өкілдері Ж.А.Лесовтың, Ә.Ғ.Сейданованың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Өмір жолы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі - Серіктестік) жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Түркістан қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - РММ, Басқарма) 2024 жылғы 07 ақпандағы №5820VH100001 камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны (бұдан әрі - хабарлама) заңсыз деп танып, күшін жою туралы жөніндегі талап қоюы бойынша қабылданған Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 6 маусымдағы шешіміне, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10 қазанындағы қаулысына жауапкер, Түркістан облысының прокурорымен келтірілген кассациялық шағымы мен өтінішхатымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Серіктестік сотқа Басқармаға жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгінген.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 6 маусымдағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған. Хабарлама заңсыз деп танылып, күші жойылған. Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10 қазанындағы қаулысымен сот шешімі күшінде қалдырылған. Жауапкер, прокурор кассациялық шағым мен өтінішхатта жергілікті соттардың сот актілерінің тұжырымдарымен келіспей, олардың күшін материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына орай жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Сот алқасы, жауапкер өкілінің шағымды қолдау уәждерін, талап қоюшының қарсылығын, мүдделі тұлға өкілдерінің пікірлерін, прокурордың кассациялық шағым мен өтінішхатты қолдаған қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын, шағым мен өтінішхат уәждерін зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Соттармен анықталған мән-жайларға қарағанда хабарламаны қабылдауға Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының (бұдан әрі - МАЭС) 2023 жылғы 21 тамыздағы заңды күшіне енген шешімімен жеке кәсіпкер Гульсим Бахитбековна Андабаеваның және 2023 жылғы 27 қазандағы заңды күшіне енген МАЭС-тің шешімімен «Ақсәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мемлекеттік тіркеулері жарамсыз деп танылғаны негіз болған. Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандыра отырып, Қазақстан Республикасының Салық кодексінің (бұдан әрі - Салық кодексі) 94, 96 - баптарын және 114-бабының 2-тармағы 10) тармақшасын, ӘРПК-нің 79 - бабын, 84-бабының 1 және 2 бөліктерін басшылыққа алып салық органымен белгіленген мерзімді елеулі бұзып хабарламаның қабылдануы оның заңсыз деп танылуға жатады деген дұрыс қорытындыға келді. ӘРПК-нің 129 - бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасы және үшінші бөлігі негізінде дәлелдеу ауыртпалығын дау айту жөніндегі талап қою бойынша ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні қабылдаған жауапкер көтереді.

Басқарма сот шешімдерін тиісті мерзімде ала тұра хабарламаның кеш қабылдануына уәждері мен дәлелдемелерін сотқа ұсынбаған, сондықтан соттардың хабарлама қабылдану мерзімін МАӘС шешімдерін заңды күшіне енген күннен бастап негізді есептеген.

Салық кодексінің 48-бабына сілтеме жасап, осы бапта көзделген мерзім ішінде салық органы хабарламаны қабылдау құқығы бар деген кассациялық шағым мен өтішінхаттың уәждері негізсіз, өйткені «талап қою мерзімі» және «хабарламаны жіберу мерзімі» тектес мерзімдер болып табылмайды, Салық кодексінің әртүрлі нормаларымен реттеледі.

Расымен хабарлама талап қою мерзім шегінде қабылдану мүмкін, алайда Салық кодексінің 114-бабында көзделген мерзімдер сақталуы тиіс.

Жоғарыда баяндалған және соттар анықтаған мән-жайлары аясында сот алқасы жергілікті соттардың талап қоюды қанағаттандыру туралы тұжырымымен келіседі, өйткені сотқа шағымданылған әкімшілік актінің заңсыздығы істі қарау барысында өз растауын тапқан.

Бұл ретте апелляциялық сатының талап қоюшы мен осы контрагенттер арасындағы өзара есеп айырысулардың нақты жүзеге асырылуының дәлелденуі туралы қорытындылары Cалық кодексінің 145бабымен салық органдарына бекітілген тексеру жүргізу құқығы, салықтық әкімшілендіру шаралары, оның ішінде салықтық тексерулердің нәтижелерін алдын ала анықтауға жол бермеуіне байланысты қаулының дәлелді бөлігінен алып тастауға жатады.

Сот актілері материалдық және процестік құқық нормаларына негізделіп шығарылған, заң нормалары дұрыс қолданылған, іс бойынша дәлелдемелерге заң тұрғысынан дұрыс баға берілген.

Сот алқасы дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға не өзгертуге дәлелді негіздер жоқ деп санайды.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 6 маусымдағы шешімі, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10 қазанындағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Түркістан қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы мен Түркістан облысының прокуроры М.Тлеубердиевтің кассациялық өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар Көшірмесі дұрыс

Ғ. Әлжанов Б. Нажмиденов Ж. Ермагамбетова Ж. Ермағамбетова

Судья

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.