Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 01.12.2025 по делу 6003-25-00-2к/2353 (Гражданское)

№6003-25-00-2к/2353

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 1 желтоқсан Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар Г.Б.Тергемесова, Н.Б.Ормаханов, прокурор А.С.Камашевтың, талап қоюшы Е.Н.Сариевтың өкілі Д.Ізбасарұлының, жауапкер өкілі Д.Ж.Даулбаеваның қатысуларымен,

ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Ержан Нурланович Сариевтің жауапкер «Қызылорда облысының полиция департаменті» мемлекеттік мекемесіне тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықты заңсыз деп танып, күшін жою, бұрынғы қызметіне қайта орналастыру және лажсыз бос жүрген күндеріне айлық жалақы өндіру туралы талап қоюы бойынша Қызылорда қалалық сотының 2025 жылғы 5 қаңтардағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 наурыздағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Е.Н.Сариев сотқа аталған талап қоюмен жүгінген.

Қызылорда қалалық сотының 2025 жылғы 5 қаңтардағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы қабылданған сот актілерімен келіспей, өзінің сыбайлас жемқорлық әрекеттері үшін қылмыстық не әкімшілік жауапқа тартылмағанын, қызметтік тергеу барысында өзінің құқық бұзушылық жасағаны дәлелденбегенін, істің мән-жайлары дұрыс анықталмағанын, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюын толығымен қанағаттандыруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың түсініктерін, прокурордың сот актілерін күшінде, шағымды қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған қорытындысын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 449-бабының 1-бөлігіне сай істi кассациялық тәртiппен қарау кезiнде сот iстегі материалдар бойынша кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексередi.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

«Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 80-бабының 1-тармағының 12), 14) тармақшаларына сәйкес қызметкер қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауына байланысты жұмыстан шығарылады. Талап қоюшы Е.Н.Сариев Қызылорда қаласының Полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімінің патрульдік полиция батальонының инспекторы лауазымын атқарған. Қызылорда облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне (бұдан әрі - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі) 2024 жылғы 22 қыркүйекте азамат Ю.К.Юсипов патрульдік полиция батальонының инспекторының әкімшілік шара қолданбағаны үшін өзінен пара ретінде 20 000 теңге ақша алып қойғаны жөнінде арызданған.

Аталған арыз бойынша Заңның 57-бабының 3-тарамағына сәйкес «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қызылорда облысының полиция Департаменті» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Департамент) тарапынан 2024 жылғы 30 қыркүйекте қызметтік тергеу жүргізу туралы №813 н/б бұйрық шығарылып, қызметтік тергеуді жүргізу Қызылорда облысының Полиция департаменті Өзіндік қауіпсіздік басқармасына (бұдан әрі-Өзіндік қауіпсіздік басқармасы) жүктелген.

Тексеру барысында анықталғаны: 2024 жылғы 22 қыркүйекте талап қоюшы мен әріптесі Қ.Өмірбаев қызметтік автокөлігімен аумақтық кезекшілікте қызметтерін атқару барысында Қызылорда қаласы, Әйтеке би көшесінің бойында жүргізуші Ж.Қуатбайдың «Opel Zafira» үлгісіндегі, мемлекеттік тіркеу белгісі Х 859 TZN, автокөлігін жол жүру қағидаларының талаптарын бұзып қарама-қарсы бағытпен басқарып келе жатқанын көріп тоқтатқан.

Қ.Өмірбаев қолындағы планшетпен автокөліктің құжаттарын тексеру барысында жүргізуші Ж.Қуатбайдың автокөлікті басқаруға міндетті сақтандыру полисі тізімінде болмағаны анықталған. Алайда, жүргізуші Ж.Қуатбайдың аталған әрекеті үшін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 601-бабында (жол белгілерімен немесе жолдың жүру бөлігіндегі таңбаларымен көрсетілген талаптарды сақтамау) және 230-бабында (міндетті сақтандыру туралы заңнамасын бұзуы) әкімшілік жауапкершілік көзделгенімен талап қоюшымен оған қатысты әкімшілік шара қолданылмай, оның әкімшілік жауапкершіліктен заңсыз босатылуына жол берген.

Сотта зерттелген Қ.Өмірбаевтың кеудесіндегі бейнежетонымен түсірілген бейнежазбада, олар жүргізуші Ж.Қуатбайды тоқтатып, оған қандай әкімшілік құқық бұзушылық жасағанын түсіндіріп және оның сөйлесейік дегеннен кейін Қ.Өмірбаев кеудесіндегі бейнежетонын шешіп, автокөліктің ішіне қойғаны, жүргізушімен сөйлескен кезде талап қоюшы оған ӘҚБтК-нің

601-бабымен әкімшілік құқық бұзушылық жасағанын айтқаны, алайда жүргізушінің сөйлесейік деген сөзінен кейін қашықтау жерге барып тұрғаны көрінеді.

Ал жүргізуші Ж.Қуатбайдың ұялы телефонымен жасырын түсірген бейнежазбада, ол өзінің автокөлігінің ішінде көліктің құжаттарының арасына бір 10 000 теңге, екі 5 000 теңге, барлығы 20 000 теңгені салып, Қ.Өмірбаевқа бергені, Қ.Өмірбаев құжаттарды алып, қызметтік автокөлігіне келіп, алдыңғы жүргізуші жағындағы орындыққа қойып, аталған 20 000 теңге ақша қаражатын қызметтік планшеттің артқы қалтасына салғаны көрінеді.

Бұл ретте соттар талап қоюшының әріптесі Қ.Өмірбаев жүргізушіге әкімшілік құқық бұзушылық туралы «хаттама толтырған шығар»,- деп ойлағаны және хаттама толтырылмай жібергені жөнінде хабарсыз екені негізсіз деп дұрыс тұжырымдаған.

Аталған мән-жайларға байланысты Өзіндік қауіпсіздік басқармасымен 2024 жылғы 30 қыркүйектегі қызметтік тергеу қорытындысымен талап қоюшыны атқаратын лауазымынан босату мәселені тәртіптік комиссиясында қарауға ұсынылған.

2024 жылғы 2 қазандағы №239 тәртіптік комиссия шешімімен талап қоюшыны қызметтен шығару жөнінде ұсыныс келтірген.

Нәтижесінде Департаменттің 2024 жылдың 2 қыркүйегіндегі №442 ж/қ бұйрығымен талап қоюшы өзінің қызметтік міндеттерін тиісінше орындамай, Заңның 80-бабы 1-тармағының 12),14) тармақшалары негізінде құқық қорғау органдарынан шығарылған.

Соттар аталған даулы бұйрықпен келісіп талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқан.

Кассациялық сот бірінші және апелляциялық сатыдағы сот актілерін зерделей отырып, олар мәні бойынша дұрыс шығарылған деп санайды.

Алайда іс құжаттарынан анықталғандай, Департамент Заңның 80-бабы 1-тармағының 12), 14) тармақшаларын басшылыққа алып, яғни талап қоюшы қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауына байланысты талап қоюшыны құқық қорғау органдарынан шығарған.

Көрсетілген құқықтық негізді қолдану үшін талап қоюшының қылмыстық жауаптылыққа тартылғаны, не қылмыстық істің ақтамайтын негіздер бойынша тоқтатылғаны жөнінде талап қоюшыға қатысты процестік шешім қабылданбаған және талап қоюшымен қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны анықталмаған.

Іс бойынша анықталған мән-жайлар талап қоюшының қызмет бабын жеке пайдакүнемдік мақсатта пайдаланғанын, нәтижесінде азамат Ю.К.Юсиповтың шағым келтірілгенін, ол шағым сотта зерттелген бейне жазбалармен дәлелін тапқанын айғақтайды. Бұл әрекеттер Заңның 80-бабы 1- тармағының 13) тармақшасына сәйкес қызметтен шығаруға негіз болып

табылады. Яғни құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасаған деген негіздерге жатады.

Осыған байланысты Департамент талап қоюшыны Заңның 80-бабы 1- тармағының 12, 14) тармақшаларымен қызметтен шығару негізін дұрыс айқындамаған.

Сол кездегі қолданыста болған «Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 6 қазандағы №9 нормативтік қаулысының (бұдан әрі - нормативтік қаулы) 31-тармағында егер сот жұмысқа қайта алу туралы дауды шешу кезінде жұмыс берушінің еңбек шартын тоқтатуға немесе бұзуға негізі болса, бірақ ол бұйрықта қателесіп Еңбек кодексінің немесе өзге заңның басқа негізіне сілтеме жасады деп таныса, сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тартады. Бір мезгілде сот шешімнің уәжді бөлігінде Еңбек кодексінің немесе өзге заңның еңбек шарты тоқтатылуға немесе бұзылуға жататын нақты негізін көрсетуге тиіс делінген.

Мұндай жағдайда кассациялық сот даулы бұйрықта Департамент Заңның 80-бабы 1-тармағының 12, 14) тармақшаларына қателесіп сілтеме жасаған деп танып, Заңның 80-бабы 1-тармағының 13) тармақшасымен талап қоюшыны жұмыстан шығарылған болып есептеуге жатады.

АПК-нің 427-бабының 3-бөлігіне сай мәні бойынша дұрыс сот шешімінің күші бір ғана формальды пайымдаулар бойынша жойылмайды.

Қызметтен шығару туралы даулы бұйрық уәкілетті лауазымды тұлға тарапынан қабылданып, белгіленген тәртіппен рәсімделген. Қызметтік теріс қылық фактісі бойынша қызметтік тергеу тағайындалған. Қызметтен шығару тәртібі мен мерзімдері заң талаптарына сәйкес сақталған.

Талап қоюшының құқық қорғау органдарынан шығару заңсыз деген уәждері объективті дәлелдермен расталмады және сот оларды негізсіз деп таниды.

Аталған мән-жайларды ескеріп, сот талап қоюшыны құқық қорғау органдарынан шығару заңды, негізді және уәкілетті органның құзыреті шегінде жүзеге асырылған деген қорытындыға келеді.

Сондықтан талап қоюшыны бұрынғы қызметіне қайта орналастыруға және лажсыз бос жүрген уақытына жалақы өндіруге құқықтық негіздер жоқ.

Қабылданған шешімнің негіздері мен себептері дау айтылған сот актілерінде заң нормаларына сілтеме жасалына отырып толық көрсетілген, шағымда аталған уәждер соттармен толығымен зерделенген, жаңа уәждер шағымда келтірілмеген.

Мұндай жағдайда дау айтылған сот актілерінің күшін жоюға негіз жоқ.

Сол себепті, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып,

сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 наурыздағы қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Джаппарова Судьялар Г.Тергемесова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.