Қ А У Л Ы
2026 жылғы 26 ақпан №6003-25-00-2к/5243 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында
төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,
талап қоюшы өкілі С.Д.Сарсенбаевтың, жауапкер өкілі Б.С.Абдикеримовтың, үшінші тұлға өкілі Е.Р.Сұлтанның бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы жеке кәсіпкер «KOMPOZIT» Ердос Сейілханұлы Саттарханның (бұдан әрі - Кәсіпкер) жауапкер «KUNGEY» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - Cеріктестік) 2025 жылғы 9 сәуірдегі алдын ала жалға алу шартын (бұдан әрі - Даулы шарт) жарамсыз тану және 926 016 теңге өндіру туралы электрондық форматтағы азаматтық істі Кәсіпкердің Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 қазандағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
Кәсіпкер сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, оны Даулы шарт орыс тілінде және кезекті тіркелу нөмірсіз жасалғанымен негіздеген.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 28 шілдедегі шешімімен (бұдан әрі - сот шешімі) талап қою қанағаттандырылып, Даулы шарт жарамсыз деп танылған және Серіктестіктен Кәсіпкердің пайдасына 926 016 теңге төлемі және мемлекеттік бажға төлеген 9 260 теңге өндірілген.
Алқа қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, талапты қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығарылған.
Кәсіпкер кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы сотпен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, алқа қаулысының күшін жоюды, талап қоюды қанағаттандыру жөнінде қаулы шығаруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Апелляциялық сатыдағы сотпен мұндай бұзушылықтарға жол берілмеген.
Апелляциялық сатыдағы сот іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың
уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.
Анықталғаны, тараптар арасында Даулы шарт жасалып, оған сәйкес Серіктестік Кәсіпкерге Шымкент қаласында орналасқан №189 квартал, №392\1 көпқабатты «Otau mart» тұрғын үй кешенінің ішінен көлемі 68,9 шаршы метр бөлмені жалға беруге келісіп, екі жақты алдын ала жалдау шарты жасалған және оны қамтамасыз ету мақсатында Кәсіпкермен Серіктестікке 926 016 теңге төлем жасалған.
Бірінші сатыдағы сот талапты қанағаттандыру жөніндегі шешімін Даулы шарт орыс тілінде және кезекті тіркелу нөмірсіз жасалғандықтан заңсыз болып табылады деп тұжырымдаған.
Алайда, Кәсіпкердің бұл уәждері Даулы шартты бұзуға негіз болмайтыны, себебі оның орыс тілінде рәсімделуі және нөмірленбеуі тараптардың құқықтарын бұзбайтыны бірінші сатыдағы соттың назарынан тыс қалған.
Істің мұндай тұрғысында, яғни Даулы шартты бұзуға құқықтық негіздердің жоқ екенін ескере отырып, талап қою қанағаттандырылуға жатпайды деген апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.
Кассациялық шағым уәждері апелляциялық сот алқасының тұжырымын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актінің күшін жоюға немесе өзгертуге әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.
Сол себепті, алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 қазандағы қаулысы күшінде, талап қоюшы жеке кәсіпкер «KOMPOZIT» Ердос Сейілханұлы Саттарханның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші К.Айтжанов
Судьялар Н.Жумагулова
Н.Косанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.