ВС РК - Постановление от 19.12.2022 по делу 6001-22-00-6ап/2120 (Административное)

ҚАУЛЫ

2022 жылғы 19 желтоқсан 6001-22-00-6ап/2120 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,

судьялар – Г.Б.Дүйсенбаев, Е.Ж.Өміралиев болып,

талап қоюшылардың өкілі – Ж[...],

жауапкер Қызылорда облысы, [...] әкімінінің өкілі – Ж[...],

мүдделі тұлғалар:

«Жалағаш аудандық жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (КММ) өкілі – Б[...], «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша филиалының Жалағаш ауданының тіркеу және жер кадастры бойынша бөлімінің өкілі – К[...],

«Б[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (ЖШС) өкілі – Ж[...],

«АЖ[...]» ЖШС-ның өкілі – А[...],

Д[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейне-конференцбайланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында талап қоюшылар Р[...], С[...], С[...], И[...], А[...], Т[...], Ш[...], Т[...], С[...], Н[...], Т[...], А.Баймаханова, Н[...], А[...], К[...], А[...], А[...], Б[...], О[...], М[...] және Н[...] жауапкер Қызылорда облысы, [...] әкіміне 2021 жылғы 27 тамыздағы қаулыға дау айту туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 20 мамырдағы шешіміне және Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі қаулысына мүдделі тұлға «Б[...]» ЖШС-ның келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшылар жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 20 мамырдағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған. Қызылорда облысы, [...] әкімінің «Б[...]» ЖШС-ға жер учаскелеріне ортақ үлестік уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығын табыстау туралы 2021 жылғы 27 тамыздағы №159 қаулысы заңсыз деп танылып, күші жойылған. «Жалағаш аудандық жер қатынастары бөлімі» КММ-ы мен «Б[...]» ЖШС-ы арасында жасалған 2021 жылғы 27 тамыздағы №414, 415 жер учаскесін жалға беру шарттары жарамсыз деп танылған. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша филиалына аталған қаулы мен шарттардың тіркелуін сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап бір айдан аспайтын мерзім ішінде жоюға міндеттелген.

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі қаулысымен шешім күшінде қалдырылған.

Мүдделі тұлға «Б[...]» ЖШС кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық шағымның уәждерін қолдаған мүдделі тұлға өкілінің түсінігін, талап қоюшылар өкілінің қарсылығын, жауапкер мен мүдделі тұлағалардың және өкілдерінің пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда «АЖ[...]» ЖШС-ның 2018 жылғы 27 шілдедегі жалпы жиналысында 109 қатысушысы (оның ішінде талап қоюшылар да бар) серіктестік құрамынан шығарылып, шаруа қожалығын құру үшін оларға 495,19 га жер учаскесін бөліп беру туралы хаттамалық шешім қабылданған.

109 қатысушы мұнан кейін, 2018 жылғы 1 тамызда, жиналыс өткізіп, өздерінің жер үлестерін «АЖ[...]» ЖШС-ның жарғылық капиталына салым ретінде беруге шешім қабылдаған.

2018 жылғы 29 тамызда жоғарыда аталған жиналыс хаттамалары негізінде Жер қатынастары бөлімі (жалға беруші) мен жер үлесі иелері атынан өкіл Т[...] (жалға алушы) арасында кадастрлық нөмірі №[...]- 550 №1 ауыспалы егістік алқабын (жалпы ауданы 594 га, оның ішінде 497 га ауыл шаруашылық алқабы) жалға беру туралы №3278 шарт жасалған.

Дауланып отырған 2021 жылғы 27 тамыздағы №159 қаулымен Жалағаш ауданының әкімі кадастрлық нөмірі №[...] №1 ауыспалы егістік алқабының 235 га егістік және ауданы 340,88 гектар жер учаскесі, оның ішінде 19,0 га шабындық, 292,8 га жайылымдық, 28,9 га басқа алқаптары ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін ортақ үлестік негізде уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығымен «Б[...]» ЖШС-на 2052 жылғы 1 желтоқсанды қоса алғандағы мерзімге табыстаған.

Жер қатынастары бөлімі мен «Б[...]» ЖШС-ы арасында 2021 жылғы 27 тамызда осы жер учаскелерін жалға беру туралы №№ 414, 415 шарттары жасалған.

Талап қоюшылар сотқа берген әкімшілік талабын Жалағаш ауданы әкімінің 2021 жылғы 27 тамыздағы №159 қаулысымен өздерінің жер үлестері «Б[...]» ЖШС-на заңсыз табысталғанымен негіздеген.

Жергілікті соттар талапты қанағаттандырғанда мына мән-жайларды ескерген:

«АЖ[...]» ЖШС-ның құрамынан шыққан талап қоюшылардың жер учаскесіне қатысты құқықтары рәсімдеу жүргізілмей қалған;

Талап қоюшылар қазіргі уақытқа дейін «АЖ[...]» ЖШС-ның қатысушылары ретінде тіркеуде тұр және олардың шартты үлес құқықтары серіктестіктің жарғылық капиталынан шығарылмаған;

талап қоюшылар тарапынан жергілікті атқарушы органға олардың жерге қатысты құқықтарын рәсімдеуге өтініш түспеген;

талап қоюшылардың «Б[...]» ЖШС-ның құрамына қатысушы (құрылтайшы) ретінде кіруге ниеті болғаны бірде-бір құжатпен бекітілмейді.

АПК-ның 452 бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426 бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ: Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 20 мамырдағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Мүдделі тұлға «Б[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

С.Баймаханов Г.Дүйсенбаев Е.Өміралиев

Судьялар

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.