6003-25-00-2к/4221
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 17 ақпан
Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков, судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева,
арыз беруші С.З. Лобянның, шетел азаматы Ж.Н.Кайнарбаевтің өкілі А.К.Чушбековтың қатысуларымен,
арыз беруші Маңғыстау облысы Ақтау қаласының полиция басқармасы халықтың көші қон сұрақтары бойынша уәкілетті органының Өзбекстан Республикасының азаматы Жолдас Несипбаевич Кайнарбаевті Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығарып жіберу туралы электронды азаматтық істі шетел азаматының өкілі А.К.Чушбековтың берген Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотының 2025 жылғы 1 қазандағы шешіміне кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Арыз беруші шетел азаматы Ж.Н.Кайнарбаев Қазақстан Республикасының заңнамаларын бірнеше рет бұзғаны үшін оны Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығарып жіберу туралы арызбен сотқа жүгінген. Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотының 2025 жылғы 1 қазандағы шешімімен арыз қанағаттандырылған. 1996 жылдың 5 сәуірінде туған Өзбекстан Қарақалпақстан Республикасының азаматы Ж.Н.Кайнарбаев Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығарылған және өздігінен кетуге мерзім белгіленген. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.
Шағымданушы қабылданған шешіммен келіспей, оның күшін жойып, арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды немесе бірінші сатыдағы сотқа қайта қарауға жіберуді сұраған.
Кассациялық шағымды қолдаған шетел азаматы Ж.Н. Кайнарбаевтің өкілі А.К.Чушбековты, шағымға қарсылық білдірген арыз беруші С.З.Лобянды тыңдап, іс құжаттарын, шағымның уәждерін зерделеп, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Іс бойынша бірінші сатыдағы сотпен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Уәкілетті органның осы арызбен сотқа жүгінуіне Ж.Н. Кайнарбаевтің Қазақстан Республикасының заңдарын бұзуы себеп болған.
Өзбекстан Қарақалпақстан Республикасының азаматы Ж.Н. Кайнарбаев 2025 жылдың 27 қаңтарында Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің (әрі қарай-Кодекс) 230-бабының 2-бөлігімен қарастырылған құқықбұзушылық жасағаны үшін (Қазақстан
Республикасының міндетті сақтандыру туралы заңнамалық актісіне сәйкес міндетті сақтандыру шартын жасасуға міндетті тұлғаның міндетті сақтандыру шартын жасаспауы), 2025 жылдың 28 қаңтарында Кодекстің 612-бабының 2- бөлігімен (көлiк құралын басқару құқығы жоқ адамның оны (жүргiзіпүйренуден басқа) және Кодекстің 615-бабының 1-бөлігімен (жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларының талаптарын орындамауы), 2025 жылдың 11 наурызында Кодекстің 505-бабының 1-бөлігімен (қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендердің инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру), 2025 жылдың 30 маусымында Кодекстің 592-бабының 2-бөлігімен (көлiк құралының белгiленген жүру жылдамдығын сағатына жиырмадан қырық километрге дейiнгi шамаға арттыру) қарастырылған құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылған.
Демек, Ж.Н. Кайнарбаевтің Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылуы, оның ішінде көлік құралын басқаруға құқығы жоқ екенін біле тұра, көлік құралын басқарып, оның жылдамдығын асырып, қоғамға қауіптілік туғызатын құқықбұзушылықтар жасағаны оны елден шығаруға негіз болады.
Бірінші сатыдағы соттың Қазақстан Республикасының «Халықтың көшіқоны туралы» Заңының 5-бабының 2-тармағы 2) тармақшасын, «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» Заңының 28-бабының «в» тармақшасын, яғни осы заң нормаларының талаптарын ескеріп, арызды қанағаттандыруы заңды.
Жергілікті сот іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жан-жақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге сот тиісті құқықтық баға берілген.
Сондықтан дауланып отырған сот актісі күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу жөніндегі істерді қараудың сот практикасы туралы» 2013 жылғы 13 желтоқсандағы № 4 нормативтік қаулысының 18-тармағына сай, соттың шығарып жіберу туралы шешімі өзгеріссіз қалдырылған кезде кассациялық сатының қаулысында шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам Қазақстан Республикасының аумағынан шығуға тиіс жаңа мерзім көрсетіледі.
Сондықтан кассациялық сот Ж.Н. Кайнарбаев Қазақстан Республикасының аумағынан 2025 жылдың 10 наурызға дейін шығарылуы тиіс деп санайды.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотының 2025 жылғы 1 қазандағы шешімі күшінде, Ж.Н. Кайнарбаевтың өкілі А А.К.Чушбековтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын. Жолдас Несипбаевич Кайнарбаев Қазақстан Республикасының аумағынан 2025 жылдың 10 наурызға дейін шығарылсын.
Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков
Судьялар: А.О.Тогумбетова
Л.Б.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.