ВС РК - Постановление от 02.03.2022 по делу 6001-22-00-3гп/17 (Гражданское)

6001-22-00-3гп/17

ҚАУЛЫ

2022 жылғы 2 наурыз Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья Н.К. Шәріпов судьялар Б.Ж. Тоқтарова, Т.Ә. Ибрашев,

арызданушы А[...], жеке сот орындаушысы

Б[...] өкілі – Ж[...] қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы өткізілген ашық сот отырысында талап қоюшы А[...] мен И[...] (бұдан әрі – борышкерлер) жеке сот орындаушысы Б[...] (бұдан әрі – ЖСО) қаулыларды заңсыз деп танып, күшін жою туралы шағымымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 29 қыркүйектегі қаулысын қайта қарау туралы И[...] өкілі Н[...] өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:

Маңғыстау облысының Жаңаөзен қалалық сотының 2021 жылғы 9 шілдедегі шешімімен шағым ішінара қанағаттандырылған.

Маңғыстау облыстық жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы ЖСО Б[...] 2019 жылғы 6 тамыздағы № 402/19-47-148 санды және № 403/19-47-148 атқарушылық ісін жүргізу құжаттары бойынша борышкерлерден ортақ түрде 751 794 теңге қызметке ақы төлеуді бекіту туралы 2021 жылғы 28 мамырдағы қаулылары заңсыз деп танылып, күші жойылған.

ЖСО Б[...] 2021 жылғы 1 маусымдағы атқарушылық ісін тоқтату туралы қаулысының күшін жою туралы талабы қанағаттандырудан бас тартылған.

Маңғыстау облыстық жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы ЖСО Б[...] мемлекет пайдасына 1 458 теңге 50 тиын баж өндірілген.

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 29 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгертілген, арыздың қанағаттандырылған бөлігінің күші жойылып, бұл бөлігінде арыз қанағаттандырусыз, шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.

Өтінішхатта И[...] өкілі Н[...] іс бойынша қабылданған апелляциялық қаулымен келіспей, тұжырымдары істің мән-жайына сәйкес келмейтінін көрсетіп, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанына сілтеме жасап, оның күшін жоюды сұраған.

Өтінішхатты қолдаған А[...], оны қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған Ж[...] тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, өтінішхат уәждерін талқылап, сот алқасы өтінішхат келесі негіздер бойынша қанағаттандырылуға жатады деген тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға апелляциялық сатыдағы сотпен жол берілген.

Іс құжаттарына қарағанда, № 2 Ақтау қалалық сотының 2018 жылғы 25 тамыздағы шешімімен «Астана Ипотека» акционерлік қоғамының (бұдан әрі – Қоғам) пайдасына А[...] мен И[...] ортақтасқан тәртіппен 7 298 980 теңге өндірілген.

Шешім мәжбүрлеп орындауға жолданып, атқарушылық іс қозғалған.

Атқару өндірісі сатысында № 2 Ақтау қалалық сотының 2021 жылғы 19 сәуірдегі ұйғарымымен Қоғамның татуласу келісімді бекіту туралы арызы қанағаттандырылып, борышкерлер қарыздың 3 647 375,29 теңге бөлігін 2021 жылғы 20 сәуірден 2031 жылғы 20 сәуірге дейін бөліп төлеуге міндеттелген.

2021 жылғы 28 мамырда ЖСО-мен атқарушылық іс жүргізу құжаттары бойынша борышкерлерден 751 794 теңге мөлшерінде қызметке ақы төлеуді бекіту туралы қаулы қабылданған.

Бірінші сатыдағы сот шағымды ішінара қанағаттандыру туралы тұжырымын, дау айтылған қаулылар атқарушылық құжат толық немесе ішінара орындалмай тұрып шығарылғанымен негіздеген. Бұл тұжырыммен келіспеген апелляциялық сатыдағы сот шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешімін сот орындаушысымен атқару парағын орындау үшін заңда көрсетілген шаралардың барлығы қабылданғанына, атқару парағы сот орындаушысының өндірісінде бір жарым жылдан аса уақыт болғанына, осы аралықта талап қоюшылар сот шешімін орындау үшін ешқандай шаралар қабылдамағанымен негіздеген. Алайда мұндай қорытынды заң талаптарына қайшы келеді. «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 118-бабының 2-тармағына сәйкес жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу атқарушылық құжат толық немесе ішінара орындалған жағдайда ғана жүргізіледі. Егер мүліктік сипаттағы атқарушылық құжат ішінара орындалса, онда жеке сот орындаушысына оның қызмет ақысының өндіріп алынған сомаға немесе мүлік құнына пропорционалды бір бөлігі ғана төленеді.

Заңның көрсетілген нормасын талдау көрсеткендей, атқарушылық құжат толық немесе ішінара орындалған жағдайда ғана сот орындаушысы өз

қызметтеріне ақы өндіріп алуға құқылы.

Бірінші сатыдағы сотпен атқарушылық іс жүргізу өндірісі аясында берешек сомасы борышкерлерден іс жүзінде өндірілмегені нақты анықталған.

Мұндай жағдайда, кассациялық сот алқасы, бірінші сатыдағы соттың тұжырымдары заңды және материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданған, сәйкесінше апелляциялық сатыдағы соттың шағымды қанағаттандырусыз қалдыруға құқықтық негізі болмаған деп санайды.

Іс құжаттарын зерделеу, бірінші сатыдағы соттың ұстанымы істің нақты мән-жайларына толық сәйкес келетінін, дау мәні бойынша дұрыс және әділ шешілгенін көрсетті.

Істің бұл тұрғысында сот алқасы өтінішхатты негізді және қанағаттандырылуға жатады деп санайды, себебі жоғарыда баяндалған мән-жайлар, дау айтылған сот актісін өзгертіп, мәні бойынша дұрыс бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыру үшін елеулі негіздер болып табылады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 29 қыркүйектегі қаулысы өзгертілсін.

Аталған қаулының шағымды қанағаттандырусыз қалдырған бөлігінде күші жойылып, осы бөлігінде Маңғыстау облысы Жаңаөзен қалалық сотының 2021 жылғы 9 шілдедегі шешімі күшінде қалдырылсын.

Қалған бөлігінде дау айтылған қаулы күшінде қалдырылсын. И[...] өкілі Н[...] өтінішхаты қанағаттандырылсын. Төрағалық етуші Н. Шәріпов

Судьялар Б. Тоқтарова

Т. Ибрашев

Көшірмесі дұрыс Судья Т. Ибрашев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.