ҚАУЛЫ
2025 жылғы 19 желтоқсан №6003-25-00-4к/1563 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот құрамында:
төрағалық етуші - судья Ә. Назарова,
судьялар М. Қасымов, Ә. Нұрлыбаева болып,
жауапкерлердің өкілдері К. Мукатаевтің, Н. Амангалиевтің қатысумен ашық сот отырысында
талап қоюшы «Аман» шаруа қожалығы Талғат Нариманович Жубатовтың Батыс Қазақстан облысының Казталов ауданының әкіміне, «Батыс Қазақстан облысының Казталов аудандық жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесіне
Жер комиссиясының 2024 жылғы 28 қарашадағы №24 хаттамалық шешімін заңсыз деп тану, конкурсты қайта ұйымдастыруды мәжбүрлеу туралы талап қоюы бойынша қабылданған
Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 мамырдағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талаппен сотқа жүгінген.
Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 27 қаңтардағы шешімімен талап қоюшының талабы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, іс бойынша жаңа шешім қабылданған.
Талап қоюшы «Аман» шаруа қожалығының басшысы Т.Н. Жубатовтың талап қоюы қанағаттандырылған.
Казталов аудандық жер комиссиясының 2024 жылғы 28 қарашадағы хаттамалық шешімінің №7 лот бойынша Талдыапан ауылдық округіне қатысты бөлігі заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Осы лот бойынша Казталов ауданы әкімдігінің жер комиссиясының отырысында қайта қарауға міндеттелген.
Жауапкер Казталов ауданының әкімі кассациялық шағымында апелляциялық сот алқасының қаулысымен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұрады.
Талап қоюшы «Аман» шаруа қожалығының басшысы Т.Н.Жубатов, мұдделі тұлға М.М. Есказиева кассациялық сот отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды. Кассациялық сот жауапкерлердің өкілдерінің кассациялық шағымды қолдаған пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі-АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Апелляциялық сатыдағы сот тарапынан мұндай кемшіліктерге жол берілген.
Іс материалдарынан анықталғандай, 2024 жылғы 28 қарашада Казталов ауданының жергілікті атқарушы органы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын беруге конкурс өткізген. Казталов ауданы Талдыапан ауылдық округіне № 7 лот жалпы алаңы 470,0 га жер учаскесіне конкурсқа қатысу үшін 2 конкурстық өтінім келіп түскен. Конкурстық комиссия шешімінің № 24 хаттамасына сәйкес үміткерлердің жинаған ұпай саны тең болуына байланысты ашық дауыс беру кезінде Т.Н. Жубатов 4-дауыс, М.М. Есқазиева 5-дауыс алып, жеңімпаз деп танылған.
Бірінші сатыдағы сот жер комиссиясы отырысының осы конкурс заңнамаға сәйкес өткізілгенін және заң бұзушылықтар анықталмауына байланысты конкурсты заңсыз деп тануға негіз жоқ деген тұжырымға келген.
Бұл тұжырыммен келіспеген апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жойып, талапты қанағаттандырған.
Жер комиссиясының отырысы формальді түрде өткізілгенін, конкурсқа қатысушылардың бизнес-жоспарлары тиісті түрде тексерілмегенін, жеңімпаз М.М.Есказиеваның бизнес-жоспарында кәсіпорынның 2024 жылдан бастап мал шаруашылығымен айналысатыны және онда 10 қызметкер жұмыс істейтіні туралы шындыққа сәйкес келмейтін деректер қамтылғаны ескерілмегенін, басқа да қателіктер бар екенін, «Агро» ШҚ орнына «Тама» ШҚ атауы көрсетілгенін және мәтінде басқа да қайшылықтар бар екенін атап көрсеткен.
Сондай-ақ, жеңімпаздың ауыл шаруашылығында жұмыс тәжірибесі жоқ екендігі ескерілмеген, мектепте мұғалім болып жұмыс істейді, ауыл шаруашылығы мамандығы бойынша білімі жоқ, мал басының саны елеусіз, шаруа қожалығы тіркелмеген, ұсынылатын инвестициялар көлемі Т.Н.Жубатовқа қарағанда айтарлықтай төмен. Апелляциялық сатыдағы сот іс үшін маңызы бар мән-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамай, материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбаған.
Жер комиссиясының шешімдеріне дау айту туралы талап қоюларды қарау кезінде соттар Жер кодексінің 43-1-бабының талаптарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 20 желтоқсандағы №518 бұйрығымен бекітілген Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты ұйымдастыру мен өткізу қағидаларын (бұдан әрі - № 518 Қағидалар) басшылыққа алады.
Әкімшілік даудың мәні конкурс өткізу рәсім сақтау болып табылады.
Тиісінше, сот комиссия құрамы, кворумның болуы және басқа да рәсімдік мәселелерді тексеруі тиіс.
Бірінші сатыдағы сот анықтағандай, Казталов аудандық мәслихатының 2024 жылғы 12 маусымдағы №19-2 Аудандық мәслихаттың 2024 жылғы 22 ақпандағы № 13-5 «Қазталов аудандық жер комиссиясының құрамын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы жер комиссиясы мүшелерінің негізгі құрамы бекітілген.
2024 жылғы 28 қарашада өткізілген «Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру» жөніндегі конкурсқа Жер кодексінің 43-бабының 2-тармағына сәйкес құрылған жер комиссиясының 13 мүшесі қатысқан.
Соның ішінде 8-тұрақты комиссиясының мүшелері және Жер кодесінің 43-бабының 2-тармағының 1) және 2)-тармақшасына сәйкес жер учаскесі аумағында орналасқан аудандық маңызы бар Қараөзен және Болашақ ауылдық округтерінің әкімдері сонымен қатар жергілікті қоғамдастық жиналысы жіберген Талдыапан, Болашақ, Қараөзен ауылдық округтің жергілікті қоғамдастықтың өкілдері де бар. Жер кодесінің 43-бабының 2)-тармағына сәйкес Жер комиссиясы тұрақты негізде жұмыс істейді. Жер комиссиясы мүшелерінің саны тақ болуға және тоғыз адамнан кем болмауға тиіс. Бұл ретте қоғамдық кеңестер, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік емес ұйымдар және өзге де салалық мемлекеттік емес ұйымдар, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдары өкілдерінің саны жер комиссиясы мүшелері жалпы санының кемінде елу пайызын құрауға тиіс.
Бұл ретте, жалпы 13 комиссия мүшесінің 6-уы мемлекеттік қызметкер, 7- уі, яғни 50 пайыздан жоғары бөлігі мемлекеттік емес ұйымдар және өзге де салалық мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері. Талап қоюшы өз талабында Талдыапан ауылдық округі аумағында орналасқан жалпы алаңы 470,0 га жер учаскесі №7 лот бойынша 13 комиссия мүшесінің 9 мүшесі дауыс берді деп көрсетеді.
№7-лот бойынша 9 комиссия мүшесі дауыс беруге қатысты, оның ішінде 8-тұрақты комиссия мүшесі және 1-жергілікті қоғамдастық мүшесі. Демек комиссия мүшелерінің 4-уі мемлекеттік қызметкер, 4-уі мемлекеттік емес ұйымдар және өзге де салалық мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері, 1-уі Талдыапан ауылдық округінің жергілікті қоғамдастықтың мүшесі. Сол уақытта Талдыапан ауылдық округі әкімінің лауазымы бос болуына байланысты комиссия отырысына қатысу мүмкіндігі қарастырылмаған.
Жер учаскесінің орналасуы бойынша сол ауылдық округінің (оның әкімшілік бағынысына берілген аумағына сәйкес) әкімі мен жергілікті қоғамдастық мүшесі дауыс беруге құқылы. Яғни 13 комиссия мүшесінің төртеуі басқа әкімшілік аумаққа қарауына байланысты № 7 лот бойынша қатысуға және дауыс беруге құқылы емес.
Жер кодесінің 43-бабының 2)-тармағына сәйкес № 7 лот бойынша жер комиссиясы мүшелерінің саны тақ және тоғыз адамнан кем емес сонымен қатар жер комиссиясының отырысы, егер оған комиссия құрамының жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, құқыққа сыйымды деп есептеледі.
Жер комиссиясының отырысы ашық өтіп, аудио-бейне жазбалар жүргізілді. Сот аудио-бейне жазбаларды қарап, тексеру барысында жер заңнамасының бұзылуын анықтамаған. Жер комиссиясының мүшелері әр қатысушыны және ұсынған құжаттарды талқылаған.
Қағидалардың 24-тармағына сәйкес ең жоғары балл алған қатысушы жеңімпаз болып танылады. Екі және одан да көп конкурстық ұсыныстардың тартылатын инвестицияның ұсынылған көлемі бойынша балдары тең болған жағдайда конкурстың жеңімпазы комиссия мүшелерінің ашық дауыс беруі арқылы анықталады. Бұл жағдайда ең жоғары балл алған және комиссия мүшелерінің ең көп дауысын алған қатысушы жеңімпаз болып танылады.
Комиссия мүшелерінің дауыстары келесідей бөлінген: М.М. Есказиева - 5 дауыс, Т.Н. Жұбатов - 4 дауыс. Байқау жеңімпазы М.М. Есказиева ашық дауыс беру арқылы анықталған.
Қағидалардың 22-тармағына сәйкес конкурстық өтінімнің мәнін, атап айтқанда ұсынылатын болжамды инвестициялар мен бизнес-жоспарды талқылау тек қана комиссия мүшелерінің құзыретіне жататыны көзделген.
Соттың бұл мәселелердi талқылауы әкiмшiлiк сот iсiн жүргiзудiң мiндеттерi мен қағидаттарына қайшы келедi, өйткенi сот әкiмшiлiк органды алмастыруға тиiс емес, тек қабылданған шешiмнiң немесе жасалған әрекеттiң заңдылығын тексередi. Қағидалардың 14-тармағына сәйкес өтінімде және конкурстық ұсыныста қатысушыға грамматикалық және арифметикалық қателерді түзету қажет болған жағдайларды қоспағанда, жолдар арасында ешқандай кірістірмелер, өшірулер немесе қосып жазулар болмауы тиіс.
Грамматикалық қателерге қатысты уәждер де сот шешімін өзгертуге немесе күшін жоюға негіз бола алмайды.
Апелляциялық сатыдағы соттың М.М. Есказиеваның бизнесжоспарындағы инвестиция сомасы негізделмегенін және Т.Н. Жубатовтың инвестиция сомасына қарағанда аз екенін атап көрсеткені негізсіз. Жер комиссиясы Қағидалардың 23-тармағы бойынша салынатын инвестициялардың болжамды көлеміне қатысты қабылданған міндеттемелер бойынша балл береді, бұл ретте, заңнама конкурс өткізу кезінде осы өлшемшарт бойынша конкурсқа қатысушының инвестициялық төлем қабілеттілігін тексеруді талап етпейді, себебі олар жоспарланған. Осыған байланысты конкурс жеңімпазы өзіне алған міндеттемелер бойынша жауапты болатыны көзделген. Қағидалардың 25-тармағына сәйкес міндеттемелер Жер кодексіне сәйкес жерді пайдалануға мониторинг жүргізу кезінде тексеріледі. Міндеттемелер, оның ішінде салынатын инвестициялардың болжамды көлемі бойынша міндеттемелер орындалмаған жағдайда жалдау шарты бұзылуы мүмкін. Осылайша, қойылған талаптың жер комиссиясының 2024 жылғы 28 қарашадағы № 24 хаттамалық шешімін даулауға қатысты бөлігін қанағаттандыруға заңды негіздер жоқ.
Сондықтан, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы бірінші сатыдағы соттың шешімі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келеді.
Істің бұл тұрғысында дауланып отырған сот қаулысының күші жойылып, бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдыруға жатады. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 мамырдағы қаулысының күші жойылсын.
Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 27 қаңтардағы шешімі күшінде қалдырылсын. Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
Судьялар
Ә. Назарова
М. Қасымов Д. Нұрлыбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.