6001-23-00-3гп/254
Қ А У Л Ы
2023 жылғы 04 шілде А с т а н а қ а л а с ы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында
төрағалық етуші – алқа төрағасы Н.К.Шәріпов,
судьялар Ш.А.Иманиязова, Е.Ж.Исмаилов,
прокурор Д[...],
талап қоюшы С[...], оның өкілі А[...],
жауапкер «Қазақстан Республикасы Ішкі Істер Министрлігі Шымкент қаласының Полиция департаменті» ММ-нің өкілі Ж[...] қатысуларымен
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының ғимаратында мобилді бейнеконференцбайланыс арқылы өткізілген ашық сот отырысында талап қоюшы С[...] жауапкер «Қазақстан Республикасы Ішкі Істер Министрлігі Шымкент қаласының Полиция департаменті» ММ-ге бұйрықты заңсыз деп танып, оның күшін жою, бұрынғы қызметіне қайта орналастыру туралы талап қоюмен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотының 2022 жылғы 17 тамыздағы шешімін, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 27 қазандағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы С[...] өкілі А[...] өтінішхаты бойынша келіп түскен азаматтық істі қарап,
а н ы қ т а ғ а н ы :
С[...] «Қазақстан Республикасы Ішкі Істер Министрлігі Шымкент қаласының Полиция департаменті» ММ-ге (бұдан әрі – Полиция департаменті) талап қою арызымен сотқа жүгініп, Полиция департаментінің 2021 жылғы 10 желтоқсандағы № 1093 ж/қ жазалау туралы бұйрығын заңсыз деп танып, күшін жоюды, бұрынғы жұмысына Қаратау аудандық Полиция басқармасы бастығының орынбасары лауазымына қайта орналастыруды сұраған.
Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының 2022 жылғы 17 тамыздағы шешімімен С[...] талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 27 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған
С[...] өкілі А[...] істі қарау барысында бірінші және апелляциялық сатыдағы соттармен материалдық құқық нормалары бұзылғанын, соттардың тұжырымдары істің мән-жайына сәйкес келмейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, іс бойынша талап қоюды толық қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Жоғарғы Сот алқасы талап қоюшы С[...] мен оның өкілі А[...] өтінішхатты қолдап келтірген уәждерін, жауапкердің өкілі Ж[...]
өтінішхатқа қарсылықтарын, Бас прокуратураның өкілі Д[...] өтінішхатты қанағаттандырып, сот актілерінің күшін жою туралы пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, тараптардың уәждерін талқылап, даулаған Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотының шешімі мен Шымкент қалалық сотының қаулысы төмендегі негіздерге байланысты өзгеріссіз, өтінішхат қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деген тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады. Іс бойынша жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Іс құжаттарынан анықталғандай, Полиция департаментінің 2019 жылғы 19 желтоқсандағы № 1404 ж/қ бұйрығымен С[...] Шымкент қаласының Полиция департаменті Қаратау аудандық Полиция басқармасы (бұдан әрі – Қаратау АПБ) бастығы орынбасары лауазымына тағайындалған.
2021 жылы 08 желтоқсанда Полиция департаменті ғимаратының № 507 қызметтік бөлмесінде күдікті ретінде ұсталған азамат Ж[...] қайтыс болған. Бұл жағдай қызметтік тергеп-тексеру жүргізуге негіз болған.
Қызметтік тергеп-тексеру қорытындысына сәйкес, 2021 жылы 08 желтоқсанда:
Қаратау АПБ-на Шымкент қаласының тұрғыны Ж[...] арызданып, түнгі сағат 01:30 мен азаңғы сағат 09:30 уақыт аралығында Шымкент қаласы, Асар шағын ауданы, № [...] үй алдында автотұрақта тұрған құны 20 000 000 теңгелік «Lexus 570» маркалы мемлекеттік номері [...] автокөлігін белгісіз тұлға құқыққа сыйымсыз иеленіп кеткендігі жөнінде жазып көрсеткен;
Ж[...] арызы бойынша түскен хабарламасы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына сағат 10:46-да түсіп, хабарламаларды тіркеу электронды карточкасына тіркеліп, сағат 10:50-де Қаратау АПБ-на жолданған, алайда АПБ-ның қызметкерлерінің кінәсінен тиісті шаралар ресми түрде уақытылы ұйымдастырылмаған, соның ішінде арызданушының шақыртуын сағат 14:16-да, яғни бірінші келіп түскен шақыртудан кейін арада 3 сағат 30 минут уақыт өткен соң ақпаратты есепке алу кітәбіне кеш тіркелген, сотқа дейіңгі тергеп-тексеру бірыңғай тізіліміне Қазақстан Республикасы Бас прокурорының 2014 жылғы 19 қыркүйектегі № 89 бұйрығымен бекітілген Қағидаларының талаптары өрескел бұзыла отырып енгізілген;
орын алған оқиға бойынша Полиция департаментімен жедел-іздестіру шаралары ұйымдастырылып, нәтижесінде күдікті ретінде Қостанай қаласының тұрғындары Ж[...] пен П[...] ұсталған;
сағат 16:20-да азамат Н.Ж[...] полиция бөлімінің үш қызметкері мен жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері Полиция департаменті ғимаратының № 507 қызметтік бөлмесіне алып барған;
сағат 16:23-да № 507 қызметтік бөлмеге полиция қызметкерлері А[...] пен С[...] кіріп, сағат 16:28-де шығып кетіп, бір минуттан кейін С[...] бірнеше қызметкерлермен қайта кірген;
сол арада және сағат 17:05-ке дейін № 507 қызметтік бөлмесіне А[...], Ж[...], Ж[...] және басқа да қызметкерлер бірнеше рет кіріп шығып жүрген, ал С[...] сол күдікті Ж[...] ұсталған бөлмеде жалпы жарты сағаттан асатын уақыт болып, сағат 17:05-те шыққан;
кейін сағат 17:42-де Полиция департаментіне шақырылып келген жедел жәрдем бригадасы күдікті ретінде ұсталған Ж[...] қайтыс болғанын анықтаған.
Нәтижесінде С[...] және де басқа да қызметкерлерді өздерінің қызметтік міндеттеріне немқұрайлы қарап, яғни азамат Ж[...] Департаменттің № 507 қызметтік бөлмесінде қайтыс болуына байланысты қылмыстық істің қозғалуына, қоғам арасында полиция қызметкерлерінің имиджіне кір келтіретіндей резонанстық жағдай тудырғанына жол бергендері, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің (бұдан әрі - Әдеп кодексі) 8-тармағы 2) тармақшасының талаптарын сақтамағандары үшін ішкі істер органның қатарынан шығару туралы ұсыныс енгізілген.
2022 жылғы 10 желтоқсанда аталған тексеру қорытындысы Полиция департаментінің тәртіптік комиссиясының отырысында қаралып, хаттамаға сәйкес С[...] Қазақстан Республикасы Ішкі істер органының қатарынан шығару туралы ұсыныс енгізуге келісілген.
Қызметтік тергеу нәтижесінде С[...] құқық қорғау органының қызметкері бола тұра қызметтік тәртіпті өрескел бұзып, өзінің құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасап, Қазақстан Республикасы «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңының (бұдан әрі - Заңының) 80-бабы 1-тармағының 12), 13) тармақшасының талаптарын өрескел бұзғаны анықталып, оған тәртіптік жаза қолданылуға ұсынылған.
Полиция департаментінің 2021 жылғы 10 желтоқсандағы № 1093 ж/қ жазалау туралы бұйрығымен Заңның 80-бабының 1-тармағының 12) және 13) тармақшаларында көзделген (яғни қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны, құқық қорғау органына кір келтіретін) теріс қылық жасағаны үшін С[...] Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдары қатарынан шығарылған.
Бірінші сатыдағы сотта С[...] Қаратау ауданына қатысты автокөліктің ұрлануына байланысты күдікті тұлғалардың ұсталғанын естіп, тікелей басшының тапсырумен олардың жеке бас деректері бойынша мәліметтерін білу үшін Департаменттің № 507 қызметтік бөлмесіне кіріп, сондағы Ж[...] мазасызданып, іш асқазан тұсын ұстап отырғанын көріп, жедел жәрдем шақырту керек екендігін айтып көп ұзамай шығып кеткенін, ол азаматтың ұсталуына байланысты және оның өліміне ешқандай қатысы жоқ екендігін көрсеткен.
Алайда қызметтік тексеру барысында С[...] күдікті ретінде ұсталған Ж[...] мазасызданып, іш асқазан тұсын ұстап отырғанын
көре тұра, № 507 қызметтік бөлмеге сағат 16:28-де кіріп, сағат 17:05-те шыққаны, бөлмеде барлығы 37 минут болғаны, өз тарапынан қайғылы оқиғаның болмауы үшін, оның жолын кесуге әрекет жасамағаны, орын алған жағдай бойынша басшы тарапына дереу тиісті түрде хабарламағаны анықталған.
С[...] өкілі А[...] өтінішхатын қарау барысында анықталғандай, Полиция департаменті ғимаратының № 507 қызметтік бөлмесінде Ж[...] өліп қалуына, оның денесінде бірнеше жарақаттар анықталуына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүгізіліп, сотқа Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 362, 146-баптарымен берілген полиция қызметкерлеріне (А[...], Ж[...], И[...] және О[...]) қатысты қылмыстық іс сотқа жолданып, 2023 жылғы 30 маусымда Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотымен айыптау үкімі шығарылған.
Азаматтық іс бойынша жергілікті соттар талап қоюды және апелляциялық шағымды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім, қаулы қабылдағанда, С[...] өзінің қызметтік міндетіне немқұрайлы қарап, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелмеген арыз бойынша, қылмыстық іс-әрекеттері әшкерленбеген тұлғаларды заңсыз ұстап, адамның құқығының бұзылуына жол беріп, күдікті ретінде ұсталған Ж[...] қызметтік бөлмеде қайтыс болуына жол беріп, қоғам арасында полиция қызметкерлерінің имиджіне кір келтіретіндей резонанстық жағдай тудыртып, өзінің әркетімен Әдеп кодексінің 8-тармағы 2) тармақшасына сай басқа мемлекеттік қызметшілер тарапынан қызметтік әдеп нормаларын бұзудың жолын кесуге немесе оларды болдырмау жөнінде өзге шаралар қабылдауға тиіс деп көрсетілген талаптарды сақтамағаны өз дәлелін тапты деген дұрыс тұжырым жасаған.
Сонымен қатар, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешім қабылдағанда, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 179-бабын негізге алып, талап қоюшымен сотқа талап қою мерзімі өткізіп берілген деген тұжырымға келген.
АК-нің 179-бабының 2, 3-тармақтарына сәйкес талап мерзiмiн сот шешiм шығарғанға дейiн дауда тарап жасаған мәлiмдеме бойынша ғана сот қолданады, талап қойғанға дейiн талап қою мерзiмiнiң өтiп кетуi соттың талаптан бас тарту туралы шешiм шығаруына негiз болады.
АК-нің 180-бабының 1-тармағына сай талап қою мерзiмiнiң өтуi адам құқық бұзушылық туралы бiлген немесе бiлуге тиiс болған күннен басталады. Оларды бұл ережеден айыру АК-пен және өзге де заң құжаттарымен белгiленедi.
С[...] талап қою мерзімін өткізіп алғандығын жұмыстан шығару туралы бұйрықпен адвокаттық сұраныстан кейін танысқандығы туралы уәждері негізсіз болып табылады, себебі оның атына 2021 жылғы 10 желтоқсандағы №1093 ж/қ бұйрықтың пошта арқылы уақытылы жолданғаны туралы дерек іс
құжаттарына тіркелген. Одан басқа Д.С[...] департаментінің бастығының атына 2021 жылғы 21 желтоқсандағы баянатында және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне 2022 жылғы 18 қаңтардағы жазған арызында жұмыстан шығару туралы бұйрықты бұзып, өзін бұрынғы лауазымына қайта орналастыру сұрағымен жүгінген.
Мұндай тұрғыда жауапкер өкілінің талап қою мерзімінің өтуіне байланысты талап қою мерзімін қолдану және сол себепті талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы өтініші жергілікті соттармен дұрыс негізге алынған.
Бұл ретте, жергілікті соттармен анықталған мән-жайларға олардың қатыстылығы, жарамдылығы мен анықтығын ескере отырып, ал барлық жиналған дәлелдемелер жиынтығына азаматтық істі шешу үшін жеткіліктігі тұрғысынан дұрыс баға бергендіктен, Жоғарғы Соттың сот алқасы дауланып отырған сот актілерін өзгертуге немесе күшін жоюға негіздер жоқ деп тапты.
АПК-тің 427-бабының 3-бөлігіне сәйкес мәні бойынша дұрыс сот шешімінің күші бір ғана формальды пайымдаулар бойынша жойылмайды. Бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдырған апелляциялық сатыдағы соттың тарапынан жіберілген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде сот актісін заңсыз деп тануына әкеп соқтыратын мән-жайлар мен бұзушылықтар анықталған жоқ.
Істің мұндай тұрғысында, Қазақстан Республикасы АПК-нің 451-бабы 2- бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 27 қазандағы қаулысы күшінде, талап қоюшы С[...] өкілі А[...] өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Н.Шәріпов Судьялар Ш.Иманиязова Е. Исмаилов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.