ҚАУЛЫ
2025 жылғы 10 желтоқсан 6003-25-00-4к/2375 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – Д.Ә.Әбдіғалиев, судьялар – Г.М.Ыдырысова, М.А.Қасымов болып,
ашық сот отырысында талап қоюшы Раушан Әбдіманапқызы Едилованың жауапкер «Батыс Қазақстан облысы ішкі істер департаменті» мемлекеттік мекемесіне автокөлігіне қойылған шектеуді заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған
Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 24 шілдедегі ұйғарымына және Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 тамыздағы ұйғарымына талап қоюшының берген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының ұйғарымымен талап қою – әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды деген негізбен Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 138-бабының екінші бөлігінің 11) тармақшасына сәйкес қайтарылған.
Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 тамыздағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы өкілінен Астана қаласына бара алмауына байланысты бейнеконференцбайланыс режимінде сот отырысына қосылу туралы өтініш келіп түсті. Алайда бұл өтініш қанағаттандыруға жатпайды, себебі сот отырысы Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының ғимаратында міндетті түрде жеке қатысу арқылы өткізуге тағайындалған, бұл туралы іске қатысушы барлық тұлғалар алдын ала хабарланған. Аталған мән-жай кассациялық сатыдағы сотта сот отырысын өткізу форматын өзгертуге негіз болып табылмайды.
Жауапкерден аталған сот отырысын оның қатысуынсыз қарау туралы өтінішхат келіп түскен.
ӘРПК-нің 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот кассациялық шағымның уәждерін тексеріп, іс құжаттарын зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалай келе, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Төмен тұрған соттар тарапынан мұндай кемшіліктер орын алмаған.
ӘРПК-нің 102-бабының 2-бөлігіне сай жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, осы Кодексте көзделген даулар әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен соттардың соттылығына жатады.
ӘРПК-нің 3-бабының 7-бөлігінің 2) тармақшасына сәйкес іс жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік, азаматтық процестік заңнамасында және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген істер әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды.
Іс құжаттармен анықталғандай, талап қоюшы Р.Едилованың атына тіркелген мемлекеттік белгісі 668ADY13 «MERCEDES BENZ» маркалы автокөлікке, қылмыстық іс бойынша шектеу қойылған.
Ал, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексiнің (бұдан әрі- ҚПК) 163-бабының 13 бөлігіне сәйкес, мүлікке тыйым салуға қажеттілік жойылған кезде бұл шараның күші жойылады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезеңінде тергеу судьясы санкциялаған мүлiкке тыйым салудың күшін жою қылмыстық қудалау органының уәжді қаулысы негізінде прокурордың келісімімен жүргізіледі.
Яғни, қылмыстық іс бойынша мүлiкке тыйым салудың күшін жою қылмыстық қудалау органының қаулысы негізінде прокурордың келісімімен жүргізіледі.
Сондай-ақ, ҚПК-нің 105-бабының 1 бөлігіне сай, сотқа дейінгі тергептексеруді жүзеге асыратын адамдардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешiмдерiне өздерінің құқықтары мен мүдделерін немесе өздері білдіретін құқықтар мен мүдделерді қорғайтын тұлғалар берген шағымдар тергеу бөлімінің бастығына, анықтау органының бастығына, прокурорға, сотқа беріледi.
Осыған орай, қылмыстық іс бойынша құқық қорғау органдарының және лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне немесе әрекетсіздіктеріне шағым келтіру, қылмыстық іс жүргізу заңнамасымен реттеледі.
Аталғанның негізінде, талап қоюшы мен жауапкердің арасында жарияқұқықтық қатынастар туындамағандықтан, бұл талап қою әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген. Жоғарыда аталғанның негізінде, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың сот актілері күшінде қалдырылуға жатады.
ӘРПК–нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы іс бойынша Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 24 шілдедегі ұйғарымы, Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 тамыздағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Д .Әбдіғалиев
Төрағалық етуші
Судьялар
Г. Ыдырысова
М. Қасымов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.