ВС РК - Постановление от 30.01.2024 по делу 6001-23-00-6ап/1945 (Административное)

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 30 қаңтар 6001-23-00-6ап/1945 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,

судьялар – Ғ.Ө. Әлжанов, Ш.Т. Даниярова болып,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы О[...] жауапкер Алматы қаласы әкімдігінің жер учаскелеріне уақытша өтеулі мерзімге жер пайдалану құқығын беруден бас тарту туралы қаулысының талап қоюшыға қатысты бөлігін заңсыз деп танып, оның күшін жою, келтірілген заң бұзушылықтарды жойып, бұзылған құқықтар мен мүдделерді қалпына келтіруге міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 6 ақпандағы шешіміне, Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 1 маусымдағы қаулысына мүдделі тұлға «Алматы қаласы жер қатынастар басқармасы» КММ-нің кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 6 ақпандағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырылған.

Алматы қаласының әкімдігінің 31 қазан 2022 жылғы № 4/517-563 «Жер учаскелеріне уақытша өтеулі мерзімге жер пайдалану құқығын беруден бас тарту туралы» қаулысы О[...] – Алматы қаласы, Алатау ауданы, «Ұлжан-1» шағын ауданы, Жалайыр көшесі, н/ж үй мекен-жайында орналасқан, көлемі 0,0806 га жер телімін уақытша өтеулі мерзімге жер пайдалану құқығына беруден бас тарту бөлігінде заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 1 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Мүделлі тұлға «Алматы қаласы жер қатынастар басқармасы» КММ кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күштерін жойып, талапты қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Іс бойынша тараптардың өкілдері сот алқасына отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы, кассациялық шағымның уәждерімен танысып, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Істің мән-жайларына қарағанда 4 маусым 2014 жылы О[...] Алматы қаласының әкіміне Алматы қаласы, Алатау ауданы, «Ұлжан-1» шағын ауданы, Жалайыр көшесі, н/ж үй мекен-жайында орналасқан, көлемі 0,0806 га жер телімін (бұдан әрі – жер учаскесі) жеке тұрғын үй құрылысы үшін уақытша жер пайдалану құқығына беру туралы өтініш берген.

25 ақпан 2016 жылы Алматы қаласының Жер комиссиясы сұратылған жер учаскесін көрсетілген нысаналы мақсаты бойынша 2 жылға уақытша жер пайдалануға болады деген оң қорытынды қабылдаған.

Алайда, жер комиссиясының аталған қорытындысының күші жойылып, Алматы қаласының әкімдігінің (бұдан әрі – әкімдік) 31 қазан 2017 жылғы №4/392-2404 қаулысының негізінде талап қоюшыға сұратқан жерді уақытша пайдалану құқығына беруден бас тартылған.

12 қыркүйек 2022 жылы талап қоюшы О[...] қайтадан Алматы қаласының әкіміне өзі тұрып жатқан жеке тұрғын үй құрылысын пайдалану үшін уақытша жер пайдалану құқығын беру туралы өтініш келтірген. 10 қазан 2022 жылы талап қоюшының соңғы арызы жер комиссиясының отырысында қаралып, оның №11 хаттамалық шешіміне сәйкес О[...] 0,0806 га жер учаскесін уақытша пайдалану құқығына беруден бас тартылған.

31 қазан 2022 жылы әкімдікпен өтінішті қанағаттандырудан бас тарту туралы қаулы қабылдаған. Бас тартудың негізі ретінде Алматы қаласы әкімдігінің 11 наурыз 2017 жылғы №1/84 қаулысымен бекітілген Алматы қаласы аумағын егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес, сұратылып отырған жер учаскесі – жалпыға ортақ пайдаланылатын жер болып табылатыны және күл-қоқысты төгетін аймақтың санитарлық-қорғау аймағында, Үлкен Алматы өзенінің су қорғау белдеуінде орналасқаны. Жер учаскесінде арыз беруші заңсыз құрылыс (тұрғын үй) салғаны көрсетілген.

О[...] сотқа берген талап қою арызын Өзбекстан Республикасынан қайтып келген қандас екендігімен. Сұратылып отырған жер учаскесін 2008 жылы «П[...]» ЖШС-нен сатып алып, тұрғын-үй салғандығын, бірақ кейін жер учаскесі соңғысының иелігіне болмағандығын анықтағанымен негіздеген.

Соттар талап қоюды қанағаттандырғанда мына мән-жайларды негізді ескерген.

Іс құжаттарымен, сұратылған жер учаскесінің бір бөлігі Ж-1 - усадьбалық құрылыстар, яғни жеке тұрғын үйлер аумағында; басым бөлігі Р-4 - өзендер, сулар, жағалау жолақтары, яғни рекреациялық аумақта орналасқаны анықталған.

Даулы жер учаскесіне көршілес әрі бір қатарда орналасқан: [...], [...], [...] және [...] жер учаскелері де «Үлкен Алматы» өзенінің су қорғау белдеуінде, жалпыға ортақ пайдаланудағы жерде; күл-қоқысты төгетін аймақтың санитарлық-қорғау аймағында орналасқан. Алайда, аталған төрт жер учаскелері жергілікті атқарушы органының 2011-2022 жылдар аралығында қабылданған қаулыларының негізінде оларды сұратқан жер пайдаланушыларға уақытша жер пайдалану құқығына берілген.

Қазақстан Республикасы Су кодексінің 125-бабының 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес, су қорғау белдеулерінің шегінде: су шаруашылығы және су жинайтын құрылысжайлар мен олардың коммуникацияларын, көпірлерді, көпір құрылысжайларын, айлақтарды, порттарды, пирстерді және су көлігі қызметіне байланысты өзге де көліктік инфрақұрылым, кәсіпшілік балық өсіру, балық шаруашылығы технологиялық су айдындары объектілерін, жаңартылатын энергия көздерін (гидродинамикалық су энергиясын) пайдалану объектілерін, сондай-ақ су объектісіндегі рекреациялық аймақтарды қоспағанда, демалыс және (немесе) сауықтыру мақсатындағы ғимараттар мен құрылысжайларды салмай, ғимараттар мен құрылысжайларды салуға және пайдалануға тыйым салынады.

Су кодексінің 145-1-бабына сәйкес, осы Кодекстің 125-бабының 1- тармағы 2) тармақшасының ережелері су қорғау белдеулері шекараларының шегінде 2009 жылғы 1 шілдеге дейін тұрғызылған ғимараттар мен құрылыстардың пайдаланылуына қолданылмайды. Бұл ретте оларды пайдалануға ұйымдастырылған, орталықтандырылған кәріз, ластанған ағынды суларды бұрып жіберудің және тазалаудың өзге жүйесі немесе ішіндегі заттарды әкетуді қамтамасыз ететін су өтпейтін науалар болған кезде ғана жол беріледі.

Даулы жер учаскесіне салынған тұрғын үйде [...] жылдан бері О[...] мен оның отбасы мүшелері тұратындығы дәлелін тапқан.

Яғни, қарастырылып отырған негізгі тұрғын үй [...] шілде 2009 жылға дейін салынған болса, оған қазіргі қоланыстағы Су кодексінің 125-бабының 1- тармағының 2) тармақшасындағы шектеу ережелері қолданылмайды.

Сонымен қатар, су объектісінің (су каналы) сұратылып отырған жер учаскесінің шекарасынан тым алшақ аумақта, тіпті 500 метрден алыс аумақта орналасқандығы анықталған.

Соттардың келтірген негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген. АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.

ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 6 ақпандағы шешімі, Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 1 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Мүдделі тұлға «Алматы қаласы жер қатынастар басқармасы» КММ-нің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші С. Баймаханов

Судьялар

Ғ. Әлжанов

Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.