ҚАУЛЫ
2023 жылғы 30 мамыр 6001-22-00-6ап/2587 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өміралиев болып, талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ж[...] ресурстарын басқару комитеті Жамбыл облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Департамент) өкілі – М[...] қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Департаменттің жауапкерлер Тараз қаласының әкіміне, «Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне, «Тараз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне, Н[...], «Мейірім Тараз» медициналық орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне әкімнің қаулысының күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 5 қыркүйектегі және Жамбыл облыстық 2022 жылғы 26 қазандағы ұйғарымдарына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 5 қыркүйектегі ұйғарымымен талап қою әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды деген негізбен кері қайтарылған.
Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 26 қазандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша шығарылған бірінші және апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қоюды бірінші сатыдағы сотқа қарауға жіберуді сұраған.
Жауапкерлер немесе олардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді. Сотқа келмеу себебін хабарламады.
Бұл жағдайлар істі сотқа келмеген тараптардың қатысуынсыз қарауға кедергі болып табылмайды.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда Департамент дауланып отырған Тараз қаласының әкімінің 2022 жылғы 22 сәуірдегі №367 қаулының заңсыз қабылданғанын көрсетіп, оның күшін жою туралы мемлекет мүддесі үшін талап қоюмен сотқа жүгінген.
Жергілікті соттардың талап қою арызын қайтаруы негізді болып табылады.
ӘРПК-нің 5-бабының екінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.
Қоғамдық-құқықтық қатынастар – құқық субъектілері арасындағы қатысушылардың бірінің биліктік өкілеттіктерін басқаларға жүргізуіне байланысты туындайтын қатынастар болып табылады.
ӘРПК тәртібімен істерді қарау әкімшілік органдардың заңсыз әрекеттерінен (әрекетсіздігінен) талап қоюшының құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған арнайы қағидаттарды қолдануды көздейді.
ӘРПК-нің 4-бабының 33) тармақшасына сәйкес, талап қоюшы өзінің бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгінген адам не оның мүддесі үшін прокурор, Қазақстан Республикасының заңдарында осындай өкілеттік берілген өзге адам талап қоюды берген тұлға.
ӘРПК-нің 31-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, қоғам мен мемлекет мүдделерін қорғау үшін сотқа талап қоюмен әкімшілік іс жүргізуде прокурор жүгінуге құқылы.
Ал, прокурор сотқа басқа тұлғаның құқықтарын қалпына келтіру және мүдделерін қорғау үшін ӘРПК-нің 31-бабының үшінші бөлігінде көзделген жағдайларда ғана жүгінуге құқылы. Өзге тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осындай өкілеттіктер берілген жағдайларда ғана басқа тұлғаның мүдделері үшін талап қоюмен сотқа жүгіну құқығына ие.
Қазақстан Республикасы Ж[...] кодексінің 147, 148-баптарына сәйкес жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті орган жер учаскелерін бөлу кезінде заңдылықтың бұзылуы анықталған жағдайда ғана сотқа талап қою беруге құқылы.
2021 жылғы 1 шілдеден, яғни ӘРПК-нің қолданысқа енгізілгеннен бастап, Ж[...] ресурстарын басқару департаменті әкімшілік сот өндірісі шеңберінде жергілікті атқарушы органның шешімдерін заңсыз деп тану туралы талап қоюға құқы жоқ, себебі ауылдық округ әкімі Ж[...] ресурстарын басқару департаментіне қатысты билік өкілеттіктерін жүзеге асырмайды.
Сондықтан соттардың талап қою арызын қайтаруы аталған заң нормаларына сай келеді.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 5 қыркүйектегі және Жамбыл облыстық 2022 жылғы 26 қазандағы ұйғарымдары күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ж[...] ресурстарын басқару комитеті Жамбыл облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші С. Баймаханов
Судьялар Ш. Даниярова
Е. Өміралиев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.