ВС РК - Постановление от 03.06.2020 по делу 6001-20-00-3гп/133 (Гражданское)

6001-20-00-3гп/133

ҚАУЛЫ

2020 жылғы 03 маусым Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья М. Таймерденов судьялар Т.А. Ибрашев, Ғ.Ж. Мырзаке талап қоюшы Б[...] өкілі - А[...], жауапкерлер:

  • «НА[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі

Н[...],

  • «БанкЦентрКредит» акционерлік қоғамының өкілі Т[...], Шымкент қалалық сотымен мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Б[...] жауапкерлер «НА[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі – Серіктестік), «БанкЦентрКредит» акционерлік қоғамына (бұдан әрі - Банк), үшінші тұлға «Оңалту және активтерді басқару компаниясы» акционерлік қоғамына (бұдан әрі – Компания) автокөлікке қойылған шектеуді алып тастау туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 12 қарашадағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы талап қоюшы Б[...] өтінішхатына байланысты келіп түскен азаматтық істі қарап,

Б[...] сотқа жоғарыда аталған талап қою арызымен жүгініп, уәждерін электрондық аукцион арқылы сатып алған автокөлігіне қойылған шектеу алынып тасталмағандықтан, өзінің атына ресімдей алмай отырғанымен негіздеген.

Шымкент қаласы Абай аудандық сотының 2019 жылғы 18 қыркүйектегі шешімімен талап қою арызы қанағаттандырылып, мемлекеттік белгісі [...], «ВАЗ-2114411042» маркалы автокөлігіне (бұдан әрі – даулы автокөлік) қойылған шектеу алынып тасталған.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 12 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, Б[...] талабын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылданған.

Өтінішхат беруші іс бойынша қабылданған апелляциялық қаулымен келіспей, тұжырымдары істің мән-жайына сәйкес келмейтінін көрсетіп, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылғанына

сілтеме жасап, оның күшін жойып, бірінші сатыдығы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Сот алқасы талапкер өкілі – А[...] пен Серіктестік өкілі Н[...] өтінішхатты қолдаған түсініктерін, Банк өкілі Т[...] қарсы пікірін тыңдап, іс құжаттары мен өтінішхат уәждерін зерделеп, төмендегі негіздерге байланысты дау айтылған сот актісі күшінде қалдырылуға жатады деген тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға апелляциялық сатыдағы сотпен жол берілмеген.

Іс құжаттарына қарағанда, Шымкент қаласы Абай аудандық сотының 2017 жылғы 18 қаңтардағы заңды күшіне енген шешімімен Серіктестіктен Банктің пайдасына 413 747 626 теңге өндірілген.

Өз кезегінде, шешім қабылданғанға дейін аталған соттың 2016 жылғы 21 қарашадағы ұйғарымымен талап қоюды қамтамасыз ету мақсатында Серіктестіктің жылжымалы және жылжымайтын мүліктеріне тыйым салынған.

Белгілі болғандай, Серіктестіктің салықтық берешектерінің қордалануына байланысты «Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер Департаментінің Абай ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесімен 2016 жылдың 9 қарашасынан бастап 2017 жылдың 10 мамырына дейінгі аралықта Серіктестіктің мүлікке билік етуін шектеу туралы бірқатар шешімдер қабылданған.

Осы шешімдердің бірі негізінде Компания 2017 жылғы 30 мамырда Серіктестіктің тыйымда тұрған даулы автокөлігіне электрондық аукцион өткізіп, нәтижесінде Б[...] жеңімпаз болып танылған.

Бұл ретте, сауда - саттық ұйымдастырылған кезде даулы автокөлікке сот ұйғарымымен тыйым салынғаны оны ұйымдастырушы Компанияға және Б[...] белгілі болған.

Б[...] көлік үшін толық көлемде ақшалай төлем жасап, 2017 жылғы 6 маусымда Серіктестікпен араларында даулы автокөлікті сатып алу – сату шарты жасалып, ол сол күні тапсыру актісімен Б[...] берілген.

Талап қою арызын қанағаттандыру туралы тұжырымын, бірінші саты соты аукцион қорытындысы мен сатып алу–сату шартының сотта дауланбағаны және даулы автокөліктің Банкке кепілге қойылмағанымен негіздеген.

Мұндай тұжырыммен келіспеген апелляциялық сатыдағы сот өз шешімін бұрын Б[...] жеке сот орындаушының автокөлікке тыйым салу туралы әрекеттерін заңсыз деп танып, оны тыйымнан босату туралы шағымы заңды күшіне енген Шымкент қаласы Абай аудандық сотының 2019 жылғы 17 мамырдағы шешімі бойынша қанағаттандырусыз қалдырылғанымен қорытындылаған.

Сонымен қатар, талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жою туралы шешімді АПК-нің 160-бабына сәйкес оны қолданған сот қана қабылдауы тиіс деген тұжырым жасаған. Кассациялық сот алқасы жергілікті соттар материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбаған деп санайды.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 1 ақпандағы № 111 бұйрығымен салық төлеушінің және (немесе) үшінші тұлға кепілге қойған мүлікті, сондай-ақ салық төлеушінің (салық агентінің) билік етуі шектелген мүлкін салық берешегі есебіне, төлеушінің – кедендік төлемдер және салықтар бойынша берешектің, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждардың, өсімпұлдардың, пайыздың есебіне өткізу қағидалары (бұдан әрі – Қағида) бекітілген.

Аталған Қағиданың 30-тармағының 3) тармақшасында тиісті лот бойынша электрондық аукцион сот органдарының шешімдері, ұйғарымдары болған жағдайларда өткізілмейтіні көзделген.

Қағида мазмұнының мағынасы бойынша, сауда-саттықты ұйымдастырушы Компания даулы автокөлікке сот ұйғарымымен тыйым салынған жағдайда оны өткізуге құқылы емес болған, яғни Қағида талаптары көрсетілген жағдайда аукцион өткізуге тікелей тыйым салады.

Сәйкесінше аталған сауда-саттық қорытындысы бойынша мәміле Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 158-бабының 1-бөлігінде белгіленгендей заңнама талаптарына сай болмағандықтан жарамсыз болып саналады.

Сонымен бірге, даулы мүлікке тыйымды салған сот оны өз бастамасымен жоймағаны және сол іске қатысушылардың да талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жоюды сұрап сотқа жүгінбегені жөнінде уәждер назарға алынуға жатпайды.

АПК-нің 160-бабының 2-бөлігіне сәйкес қамтамасыз ету жөніндегі шаралар сот шешімі орындалғанға дейін өзінің қолданысын сақтайды. Ал, жоғарыда аталған іс бойынша сот шешімі осы күнге дейін орындалмаған.

АПК-нің 451-бабының 5-бөлігіне сәйкес егер сот дұрыс шешім қабылдаған, бірақ осы Кодекстің 427-бабының 1 және 2-бөліктерінде көзделген бұзушылықтарға жол берілген жағдайда, қаулыда уәждер, материалдық және процестік құқық нормалары көрсетіледі, оларға сәйкес сот актілері өзгеріссіз қалдырылады.

Мұндай жағдайда өтінішхаттың уәждері негізделмеген және қанағаттандырылуға жатпайды. Апелляциялық сатыдағы соттың заңға сілтемесі негізсіз болғанымен, бірақ талап арызды қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешімі мәні бойынша дұрыс болып табылады.

Сондықтан дауланып жатқан сот актісінің күшін жою не өзгерту үшін негіздер жоқ.

Сонымен қатар, кассациялық сот алқасы Б[...], мәміленің жарамсыздығы салдарын қолдану туралы, талап қоюға құқылы екенін түсіндіру қажет деп санайды. АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын және 5-бөлігін басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 12 қарашадағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Б[...] өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

М. Таймерденов

Т. Ибрашев Ғ. Мырзаке

Судьялар

Көшірмесі дұрыс Судья Т. Ибрашев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.