ВС РК - Постановление от 01.06.2020 по делу 6001-20-00-3Г/2263 (Гражданское)

6001-20-00-3г/2263

ҚАУЛЫ

1 маусым 2020 жыл

Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Б.Мақұлбековтың,

талап қоюшы «Түркістан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» ММ-нің жауапкер Е[...] Түркістан қаласы, [...] хан даңғылы №212 жер учаскесіндегі өз бетімен салынған құрылысты жауапкердің есебінен бұзу туралы азаматтық іс бойынша қабылданған

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 17 қазандағы қаулысына «Түркістан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» ММ-нің келтірген өтінішхатын істі алдыру арқылы алдын-ала қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

«Түркістан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» ММ-ні сотқа жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгінген. Түркістан қалалық сотының 2019 жылғы 1 шілдедегі шешімімен талап қою арызы қанағаттандырылған. Соттың шешімімен Түркістан қаласы, [...] хан даңғылы №212 мекен-жайында орналасқан, кадастрлық №[...] жер учаскесіндегі құрылыс нысаны - екі қабатты, іргетасы – тұтасқұймалы бетон, қабырғасы күйінді блоктан (шлакоблок), шатыры ағаш стропилалар, үстінен профильді металл қаңылтырмен жабылған, жалпы өлшемі 19,80x6,80 метр өз бетімен салынған құрылыс нысанын Е[...] есебінен бұзылу міндеттелген.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 17 қазандағы қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, іс бойынша талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылданған.

Өтінішхат иесі апелляциялық сот алқасының қаулысымен келіспейтіндігін, соттың тұжырымдары істің мән-жайына сәйкес келмейтінін көрсетіп, қаулының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұрайды.

Анықталғандай, жауапкер Е[...] Түркістан қаласы әкімінің 28 қаңтар 2008 жылғы №369 қаулысымен, жалпы көлемі 0,0016 (16 шаршы метр) га бөлінетін жер учаскесі 5 жыл мерзімге уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығымен берілген.

Өтінішхатта жауапкерге аталған жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығымен берілген бес жыл мерзімі өтіп кеткендігі, жауапкер оның ұзартылғаны жөнінде уәкілетті органға құжат ұсынбағандығы көрсетілген.

Сонымен қатар, өтінішхат иесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 30 маусымдағы №735 қаулысымен бекітілген Түркістан қаласының бас жоспарына сәйкес, даулы құрылыс нысаны қызыл сызықта орналасқандығын, Бас жоспарда Таукехан даңғылының қызыл сызығы 40 метр болып белгіленгендігін көрсеткен.

Аталған жағдайлар даулы жерге берілген сәйкестендіру актісімен, техникалық төлқұжатымен, техникалық түгендеу қағазымен, тексеру барысында жасалған 3 сәуір 2019 жылғы құрылыс обьектісін тексеру туралы актісімен, анықталған ақаулардың сипаттамасымен, объектінің ведомосімен толық дәлелденген.

Сонымен қатар, өтінішхат иесі жауапкер Е[...] Түркістан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы тарапынан, 25 қыркүйек 2018 жылғы №185100623000606, №185100623000607 және №185100623000608 әкімшілік құқық бұзушылық хаттамаларында өзінің сауда дүкенінің құрылысын сәулет құрылыс заңнамасының талаптарын бұзып, авторлық және техникалық құжаттарынсыз, тиісті органға хабарлама бермей жүргізгенін мойындағандығын, аталған хаттамалар заңды күшінде екендігін және жауапкер Е[...] құрылыс жүргізу үшін жергілікті атқарушы органның қаулысы жоқ және оның жобалау сметалық құжаттары дайындалмағанына назар аударады.

«Қала құрылысы. Қалалық және ауылдық елді мекендерді жоспарлау және құрылыс салу» туралы ҚР ҚН 3.01-01-2013 құрылыс нормаларының талаптарына сәйкес қызыл сызықтар шеңберінде көліктік инфрақұрылымға қызмет етпейтін ғимараттар мен құрылыстар салуға тиым салынатындығы көрсетілген.

Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексінің 244-бабының 1- бөлігінде Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамаға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасына сәйкес қажетті рұқсат алынбай салынған тұрғын үй, басқа да құрылыс, ғимарат немесе өзге де жылжымайтын мүлік өз бетінше салынған құрылыс болып табылады.

Өтінішхатта жауапкер Е[...] аталған заңнамалар талаптарын бұзып, рұқсат беретін бірде-бір құжатсыз өз бетінше сәулет-жоспарлау, тапсырмасыз, жұмыс жобасыз, жұмыс жобасына беретін оң сараптамалық қорытындысыз заңсыз құрылыс нысанын жүргізгендігіне назар аударады.

Өтінішхат иесі Түркістан қаласының бас архитекторы Т[...] тарапынан аталған құрылыс нысанына 2-қабатты тұрғын үйдің нобайлық жобасына келісім берілмегендігіне, Е[...] бұл нысанды 2-қабатты тұрғын үй деп көрсетіп, нобайлық (эскиздік) жобаға келісім алғаны жайлы жалған мәлімет бергендігін алға тартады.

Іс бойынша жиналған құжаттармен, өтінішхатта келтірілген уәждермен танысып, судья төмендегідей тұжырымға келеді.

Өтінішхат иесінің осы азаматтық дауды реттейтін материалдық және процестік заңнамаларды сот алқасы дұрыс қолданбады деген уәждері ескерілуге және тексерілуге жатады.

Судья көрсетілген жағдайлар сот актісін қайта қарауға негіз болатынын басшылыққа алып, азаматтық істі алқа отырысында қарауға беру қажет деп санайды.

АПК-нің 444-бабының 1-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып,

судья

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

«Түркістан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» ММ-нің Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 17 қазандағы қаулысын қайта қарау туралы өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына қарау үшін берілсін.

Қаулының көшірмесі өтінішхатты берген тұлғаға жолдансын.

Судья Б. Мақұлбеков

Көшірме дұрыс. Судья

Б. Мақұлбеков

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.