6ап-34-17 көшірме
2017 жылғы 29 маусым Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья А.Қыдырбаева,
судьялар Н.Жолдасбеков, Б.Шермұхаметов,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Департамент бөлімінің бастығы Ч[...],
«Алматы облысы Талдықорған қаласының Ішкі істер бөлімі» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Талдықорған қаласының Ішкі істер бөлімі) өкілі Т[...] 2017 жылғы 26 маусымдағы сенімхат негізінде қатысуымен,
кассациялық тәртібімен ашық сот отырысында Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының Талдықорған мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2016 жылғы 29 маусымдағы қаулысына келтірген наразылықпен түскен YIMANAILI JIAZIYILA-ға қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 517-бабының 2-бөлігімен қозғалған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы :
Талдықорған мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2016 жылғы 29 маусымдағы қаулысымен YIMANAILI JIAZIYILA (бұдан әрі - И[...]) ӘҚБтК-нің 517-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған осы бап бойынша Қазақстан Республикасы шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу туралы жазасы тағайындалған.
Әкімшілік іс апелляциялық тәртіпте қаралмаған.
Бас Прокурордың орынбасары наразылығында іс бойынша И[...] құқық бұзушылық жасаған әрекетін дауламай, бірінші сатыдағы соттың қаулысын тек тағайындалған жаза бөлігінде, әкімшілік туралы заңды дұрыс қолданбауына байланысты өзгертуін сұраған.
Наразылықты қуаттаған прокурор Ч[...], Талдықорған қаласының Ішкі істер бөлімінің өкілі Т[...] пікірін тыңдап, іс материалдарын зерделеп, мамандандырылған сот алқасы прокурордың наразылығы төмендегі негіздермен қанағаттандыруға жатады деген тұжырымға келді.
ӘҚБтК-нің 55-бабының 3-бөлігіне сәйкес жеке тұлғаға жаза қолданылғанда жасалған құқық бұзушылықтың сипаты, кінәлінің жеке басы, оның ішінде құқық бұзушылық жасағанға дейінгі және одан кейінгі мінезқұлқы, мүліктік жағдайы, жауаптылықты жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар ескеріледі.
Шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу жазасы негізгі, сол сияқты қосымша жаза ретінде ӘҚБтК-тің ерекше бөлігінде көзделген шекте қолданылады.
Расында, ӘҚБтК-нің 517-бабының 2-бөлігінің санкциясында әкімшілік жолмен шығарып жіберу жазасы көзделген. Алайда, бұл баптың санкциясы баламалы, яғни аталған жазадан басқа айыппұл мен қамауға алу жазалары да бар. Сондықтан сот айыппұл немесе қамауға алу жазасын қолдануға құқылы.
Дегенмен, ӘҚБтК-нің 55-бабының 2-бөлігіне сәйкес, әкімшілік жаза әділ, құқық бұзушылықтың сипатына, оның жасалу мән-жайларына, құқық бұзушының жеке басына сай келетін болуға тиіс.
Бірақ, сот құқық бұзушылық жасаудың мән-жайын, құқық бұзушының жеке басын, мүліктік және отбасылық жағдайларын ескермей И[...] әкімшілік жолмен Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу туралы қатаң жазасын қолданған.
ӘҚБтК-нің 40-бабының 2-бөлігінде әкімшілік жаза құқық бұзушылықты жасаған тұлғаны заңнама талаптарын сақтау және құқық тәртібін құрметтеу рухында тәрбиелеу, сондай-ақ құқық бұзушының өзінің де, басқа тұлғалардың да жаңа бұзушылықтар жасауының алдын-алу мақсатында қолданылады делінген. Әкімшілік заңнамасының қағидаттарының біріне ізгілік қағидаты жатады. Мұнда әкімшілік жаза әкімшілік құқық бұзушылық жасаған тұлғаға дене азабын келтіруді немесе адами қадір-қасиетін қорлауды мақсат тұтпайды делінген.
Аталған жәйттерді ескере отырып, мамандандырылған сот алқасы И[...] тағайындалған жаза өте ауыр және оның алғаш рет жасаған әрекетіне, жеке басына сәйкес келмейді деп есептейді. Мұндай жағдайда, Талдықорған мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2016 жылғы 29 маусымдағы И[...] қатысты қаулысы тағайындалған жаза бөлігінде, әкімшілік туралы заңды дұрыс қолданбауына байланысты өзгертілуге жатады.
Оған ӘҚБтК-нің 517-бабының 2-бөлігі бойынша тағайындалған Қазақстан Республикасы шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу туралы жазасы он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі әкімшілік айыппұлға ауыстырылсын.
ӘҚБтК-нің 840-бабының 2) және 4)-тармақшаларына сәйкес судьяның әкімшілік жауаптылық туралы заңды дұрыс қолданбауы және қаулымен қолданылған әкімшілік жазаның жасалған құқық бұзушылық сипатына, кінәлінің жеке басына сәйкес келмеуі әкімшілік іс бойынша қаулының күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болып табылады.
Жоғарыда баяндалғанның негізінде, ӘҚБтК-нің 840-бабының 2), 4)-тармақшаларын, 844-бабының 1-бөлігін, 851-бабын басшылыққа ала отырып, мамандандырылған сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
YIMANAILI JIAZIYILAҒА қатысты қабылданған Талдықорған мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2016 жылғы 29 маусымдағы қаулысын өзгертіп, оған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 517-бабының 2-бөлігімен тағайындалған Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу туралы жазасын он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде немесе 31 815 (отыз бір мың сегіз жүз он бес) теңге айыппұлға ауыстырылсын.
Қаулының басқа бөлігі өзгеріссіз қалдырылсын.
Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
А. Қыдырбаева
Н. Жолдасбеков
Судьялар
Б. Шермұхаметов
Көшірмесі дұрыс. Н. Жолдасбеков
Судья
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.