6001-22-00-6ап/1260
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 13 қаңтар
Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Н.Ү. Қайыпжан, судьялар – Г.Б. Дуйсенбаев, Б.Т.Нажмиденов., талапкер өкілі Б[...],
жауапкер Ә[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында мобильді бейне-конференц байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы «Қазақстан Республикасының Ұлттық Ұланы 6506 әскери бөлімі» республикалық мемлекеттік мекемесінің жауапкер жеке сот орындаушысы Ә[...], мүдделі тұлға ретінде «СЦ9[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін тарта отырып, 2022 жылғы 28 наурыздағы қаулысын заңсыз деп тану, атқару өндірісін қабылдауды міндеттеу туралы,
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 28 сәуірдегі шешіміне, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 2 маусымдағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
«Қазақстан Республикасының Ұлттық Ұланы 6506 әскери бөлімі» республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – талап қоюшы) жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгініп, оны жеке сот орындаушысы Ә[...] (бұдан әрі – ЖСО) борышкерге қатысты барлық шектеулер мен сұраным хаттарын, әкімшілік пен қылмыстық жауапкершілікке тартуға өкілетті органдарға тиісті құжаттарды рәсімдеп ұсынбағанымен, борышкерге қатысты іздеу іс-шараларын қолданбай, атқарушылық құжатты негізсіз кері қайтарғанымен негіздеген.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 28 сәуірдегі шешімімен талап арыз қанағаттандырылған. ЖСО-ның іс-әрекеті, 2022 жылғы 28 наурыздағы атқару құжатын қайтару туралы қаулысы заңсыз деп танылған.
ЖСО-ның борышкер Серіктестіктен мемлекеттің пайдасына 375 506,35 теңге айып өндіру туралы атқарушылық өндірісті өзінің өндірісіне қабылдау міндеттелген.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 2 маусымдағы қаулысымен бірінші саты сотының шешімі күшінде қалдырылған.
Жауапкер кассациялық шағымында жергілікті соттардың тұжырымдарымен келіспей, олар заңсыз және негізсіз қабылданғандықтан күштерін жойып, талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Іс құжаттарына қарағанда Оңтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2018 жылғы 2 ақпандағы шешімімен Серіктестіктен мемлекеттің пайдасына 375 506 теңге айыппұл өндірілген.
2021 жылғы 16 тамызда атқарушылық өндіріс жеке сот орындаушысы Ә[...] берілген.
ЖСО атқарушылық өндірісті орындау барысында борышкердің мүліктік жағдайын тексеріп, тыйым салуға болатын жылжитын, жылжымайтын мүліктерінің, ақша қаражаттарының жоқтығын анықтап, тиісті қаулылар қабылдаған.
Атап айтқанда, 2021 жылы 30 желтоқсанда ЖСО борышкер Серіктестіктің директоры Ә.С.Сәкен сот актісін орындаудан қасақана жалтарғандықтан Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669-бабының 1-бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін Әділет департаментіне ұсыныс жолдаған.
2022 жылдың 10 ақпанда Шымкент қаласының Әділет департаментінің филиалы «Жеке сот орындаушыларының жұмыстары бойынша әкімшілік тәжірибе бөлімі» Заңның 35-1 бабына сай борышкерді күштеп әкелу туралы қаулы қабылдауды сұраған және әкімшілік жауапкершілікке тарту, бөлімге борышкерді мәжбүрлі түрде жеткізілгеннен кейін қозғалатыны туралы хабарлаған.
Заңның 35-1 бабына сай, осы Заңның 67-бабы 1-тармағының 8) тармақшасында көзделген, сондай-ақ атқарушылық құжатты орындамағаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылған жағдайларда шақыру бойынша дәлелді себептерсіз келмеген кезде борышкер сот санкциялаған сот орындаушысының уәжді қаулысы бойынша күштеп әкелінуі мүмкін.
Күштеп әкелуді сот орындаушысы ішкі істер органы қызметкерінің қатысуымен үш сағаттан аспайтын мерзімге және жұмыс күндері сағат тоғыздан он сегізге дейін ғана атқарушылық әрекеттер жасау орнына мәжбүрлеп апару арқылы жүзеге асырады.
2022 жылы 5 наурызда ЖСО борышкерді күштеп әкелу туралы қаулы қабылдаған, алайда бұл қаулыны ешқайда жолдамағаны сотта анықталған. Заңның 35-1 бабының талаптарына сәйкес, бұл қаулы сотпен санкциялануға жатады және орындалуға полиция басқармасына жолдануы қажет болған.
Алайда, ЖСО аталған заңның талаптарын орындамай атқарушылық құжатты өндіріп алушыға 2022 жылы 28 наурыздағы қаулымен қайтарып жіберген.
Заңның 48-бабының 1-тармағының 2-тармақшасына сәйкес, өндiрiп алу жүргiзiлмеген немесе толық көлемде жүргiзiлмеген атқарушылық құжат сот орындаушысының қаулысы бойынша мына жағдайларда: егер борышкердің өндіріп алу қолданылуы мүмкін мүлкі, оның ішінде ақшасы, бағалы қағаздары немесе табыстары болмаса және сот орындаушысы оның мүлкін немесе табыстарын анықтау жөнінде қолданған, заңда көзделген барлық шаралар нәтиже бермесе өндіріп алушыға қайтарылады.
Сот отырысында зерттелген дәлелдемелерге қарағанда ЖСО даулы атқарушылық өндіріс бойынша заңда көзделген барлық шараларды орындамаған.
Сот алқасы, төменгі саты соттарының талап арызды қанағаттандыру туралы тұжырымдары іс бойынша анықталған нақты мән-жайларға және ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.
Сондықтан іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 28 сәуірдегі шешімі, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 2 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкер жеке сот орындаушысы Ә[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Н. Қайыпжан Судьялар Б.Нажмиденов Г.Дуйсенбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.