ВС РК - Постановление от 18.12.2024 по делу 6001-24-00-6ап/1305 (Административное)

№6001-24-00-6ап/1305

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 18 желтоқсан

Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,

судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова болып,

жауапкерлердің өкілдері Н.Р.Ақбердиевтің, Н.М.Майлышевтің

қатысуыларымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Сунакбаева Жумакуль Мухамеджановнаның жауапкерлер «Сарыағаш ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Аудан әкімінің аппараты), Сарыағаш ауданы әкіміне (бұдан әрі – Аудан әкімі), «Сарыағаш қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Қала әкімі аппараты), Сарыағаш қаласының әкіміне (бұдан әрі – Қала әкімі), Сарыағаш ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің «Сарыағаш ауданы су шаруашылығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына (бұдан әрі – «Сарыағаш ауданы су шаруашылығы» кәсіпорны), «Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Басқарма), Түркістан облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының «Тұран су» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына (бұдан әрі - «Тұран су» кәсіпорны) әрекеттерді-әрекетсіздіктерді заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 25 қыркүйектегі шешімі мен Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 22 ақпандағы қаулысына талап қоюшының өкілі К.Джунусбековтің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Ж.М.Сунакбаева жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 25 қыркүйектегі шешімімен талап қоюы ішінара қанағаттандырылған.

Жауапкер «Сарыағаш ауданы су шаруашылығы» кәсіпорының Түркістан облысы, Сарыағаш қаласының Қасымбеков көшесіндегі № 38 үйінің айналасы мен төңірегінде орналасқан Сарыағаш қаласындағы Р-4-3 каналының ирригациялық жүйесін тиісінше пайдаланбау бойынша әрекеті заңсыз деп танылған.

«Сарыағаш ауданы су шаруашылығы» кәсіпорына алдағы уақытта Түркістан облысы, Сарыағаш қаласының Қасымбеков көшесіндегі № 38 үйінің айналасы мен төңірегінде орналасқан Сарыағаш қаласындағы Р-4-3 каналының сотта анықталған ирригациялық жүйесінің ақаулықтарын жоюға бағытталған өз құзыретінде көзделген әкімшілік рәсімдерді жүргізуге міндеттелген.

Талап қоюдың қалған бөлігін қанағаттандырудан бас тартылған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 22 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшының өкілі кассациялық шағымында іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды сұраған.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында өтетіні туралы уақытылы хабарланған талап қоюшының сот отырысына техникалық байланыс арқылы қатысуға рұқсат беру туралы өтініші қанағаттандырусыз қалдырылады.

Сот алқасы кассациялық шағымның уәждерімен жауапкерлердің пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.

Іс материалдарынан анықталғандай, талап қоюшы Ж.М.Сунакбаева Сарыағаш ауданының Сарыағаш қаласындағы Қасымбеков көшесінде № 38 орналасқан тұрғын үй иесі болып табылады.

Ж.М. Сунакбаеваның тұрғын үй алдынан өтетін «Рамадан» каналынан аққан «Р-4-3» каналы бойынша 2016 жылғы 27 сәуірдегі Сарыағаш қаласындағы және Құркелес ауыл округіндегі «Р-4-3» каналының жұмыс жобасына сәйкес ұзындығы 490 метр болатын 3-ші учаскенің жөндеу жұмыстары мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша «AMG Compani» ЖШС-мен орындалған.

2016 жылғы 29 қарашада Сарыағаш қаласы және Құркелес ауылдық округіндегі «Р-4-3» каналын ағымдағы жөндеу жұмыстары бойынша объектіне пайдалануға қабылдау актісі рәсімделген.

Талап қоюшы өз талап арызында «Рамадан» каналының ернеулерін, бетондау жұмыстары жүргізілген соң, каналдан сызаттанып су шыға басталғанын, каналдан Қасымбеков көшесіне баса су ағып басталғанын, су үйіне кіріп, аулаларды, үйдің подвалын түгел толтырғанын көрсеткен. «Р-4-3» каналдың жөндеу жұмыстарына қатысты және каналдан талап қоюшының үйіне су бару мүмкіншілігі бойынша ғимараттар мен ғимараттарды сот-сараптамалық құрылыс-экономикалық зерттеуді және ғимараттар мен ғимараттарды сот-сараптамалық құрылыс-техникалық зерттеу туралы кешенді сараптамалар тағайындалған.

Зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша тұрғын үй учаскесінің жер асты (жер асты сулары) негізінен «Р-4-3» суару каналының сүзгі суларынан, атмосфералық жауын-шашынның ішінара инфильтрациялық суларынан тұратыны, олар асты сулармен араласып, тұрғын үй учаскесіне ағып кететініні көрсетілген. Тұрғын үй учаскесінің аумағында қатты су басу кезеңіне жер асты сулары тұрғын үйдің ең төменгі учаскесінде дебиті аз түсетін түрінде жер бетіне шығатындығы туралы қорытынды берілген. Қорытынды бойынша келесідей кеңес берілген: тұрғын үйлердің шатырларынан атмосфералық жауын-шашын жинауды ұйымдастыру және тұрғын үй аумағынан тысқары жерлерге бұру. Суару каналынан сүзуді толығымен бетондау немесе суару каналдарының су құбырын жүргізу арқылы жою қажет.

Бұл жағдайда, жергілікті соттардың талап қоюды ішінара қанағаттандырып, жауапкер «Сарыағаш ауданы су шаруашылығы» кәсіпорының Түркістан облысы, Сарыағаш қаласының Қасымбеков көшесіндегі № 38 үйінің айналасы мен төңірегінде орналасқан Сарыағаш қаласындағы «Р-4-3» каналының ирригациялық жүйесін тиісінше пайдаланбау бойынша әрекеті заңсыз деп танып, сотта анықталған ирригациялық жүйесінің ақаулықтарын жоюға бағытталған өз құзыреті шегіндегі көзделген әкімшілік рәсімдерді жүргізуге міндеттеу жөнінде тұжырымдары заңды және негізді болып саналады.

Сонымен қатар, соттар, Сарыағаш ауданы Әкімдігінің 2010 жылғы 15 желтоқсандағы №1008 қаулысымен «Р-4-3» каналы «Сарыағаш ауданы су шаруашылығы» кәсіпорының меншігіне өткен, яғни теңгерім бойынша аталған мекеменің есебінде. Сондықтан, аталған каналдың ақаулықтары бойынша осы мекеме жауапты деп тұжырымдауға негіз бар деп көрсеткен.

Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай. Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.

Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша соттарда анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды. Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 25 қыркүйектегі шешімі мен Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 22 ақпандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының өкілі К.Джунусбековтің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

С. Баймаханов Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова

Көшірмесі дұрыс. Судья Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.