КСАД РК - Постановление от 12.08.2025 по делу 6003-25-00-4к/710 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 12 тамыз 6003-25-00-4к/710 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында: төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев

судьялар Л.Е.Кудекова, Ш.С.Манжуева болып,

аудармашы Р.А.Таласпаеваның, талап қоюшының өкілі И.Кабидулланың, жауапкер ЖСО Ш.Қ. Дидарбековтың, мүдделі тұлға С.А. Турашеваның қатысуларымен,

ашық сот отырысында «Астана қаласының Активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма, талап қоюшы) мекемесінің Астана қаласы атқарушы округінің жеке сот орындаушысы Шерхан Қайратұлы Дидарбековке (бұдан әрі – ЖСО Ш.Қ. Дидарбеков, жауапкер) қатысты мүліктерді беру туралы қаулыларын заңсыз деп тану және олардың күшін жою, атқару өндірісін қысқарту туралы қаулыларын заңсыз деп тану және олардың күшін жою туралы талабымен қозғалған әкімшілік ісімен,

Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 7 қарашадағы шешіміне, Астана қалалық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10 желтоқсандағы қаулысына жауапкер ЖСО Ш.Қ.Дидарбековтың және мүдделі тұлға С.А. Турашеваның берген кассациялық шағымдарын қарап, төмендегіні

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы сотқа жауапкер, ЖСО Ш.Қ. Дидарбековтің мүліктерді беру туралы қаулыларын заңсыз деп тану және олардың күшін жою, атқару өндірісін қысқарту туралы қаулыларды заңсыз деп тану және олардың күшін жою туралы әкімшілік талап қоюымен жүгінген.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 7 қарашадағы шешімімен Басқарманың қойған талабы қанағаттандырылды. ЖСО Ш.Қ. Дидарбековтың төменде көрсетілген мекенжайларда орналасқан тұрғын емес орын-жайларды:

  • Астана қаласы, С.Кубрин көшесі, 23/1 үй, 3 тұрғын емес орын-жай, кадастрлық № 21:319:019:000:23/1: н.п.3;

  • Астана қаласы, С.Кубрин көшесі, 23/1 үй, 4 тұрғын емес орын-жай, кадастрлық №21:319:019:000:23/1: н.п.4., 2018 жылғы 5 наурыздағы №171/18-71-2673 атқарушылық өндіріс бойынша Д.Ю. Евстафьев жылжымайтын мүлікті беру туралы 2018 жылғы 7 маусымдағы қаулысы заңсыз деп танылып, күші жойылды.

ЖСО Ш.Қ. Дидарбековтың төменде көрсетілген мекен–жайда орналасқан тұрғын емес орын-жайды: - Астана қаласы, С.Кубрин көшесі, 23/1 үй, 2 тұрғын емес орын-жай, кадастрлық №21:319:000:000:23/1: н.п.2., 2018 жылғы 5 наурыздағы №170/18-71-2673 атқарушылық өндіріс бойынша С.А. Турашева жылжымайтын мүлікті беру туралы 2018 жылғы 7 маусымдағы қаулысы заңсыз деп танылып, күші жойылды.

ЖСО Ш.Қ. Дидарбековтың 2018 жылғы 5 наурыздағы № 171/18-712673 атқарушылық өндірісті тоқтату туралы 2018 жылғы 8 маусымдағы қаулылары заңсыз деп танылып, кұші жойылды.

Астана қалалық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкердің және мүдделі тұлға С.А. Турашеваның кассациялық шағымдарында, іс бойынша қабылданған жоғарыдағы сот актілерімен келіспейтіндері көрсетіліп, олардың күшін жою және талап арызды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдау сұранған.

Кассациялық сот, жауапкер және мүдделі тұлға С.А. Турашеваның кассациялық шағымдардын уәждерін қолдаған пікірлерін, талап қоюшының шағым уәждерімен келіспеген түсінігін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 – бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438 – бабының бесінші бөлігі бойынша, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК – нің 427 – бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

АПК – нің 76 – бабының екінші және үшінші бөліктеріне сәйкес, соттың бұрын қаралған азаматтық іс бойынша заңды күшіне енген шешімімен немесе қаулысымен анықталған мән-жайлар сот үшін міндетті. Мұндай мәнжайлар тап сол тұлғалар қатысатын басқа да азаматтық істерді талқылау кезінде қайта дәлелденбейді.

Соттың қылмыстық іс бойынша заңды күшіне енген, талап қоюды қанағаттандыру құқығы танылатын үкімі өзіне қатысты сот үкімі шығарылған адам әрекеттерінің азаматтық-құқықтық салдары туралы істі қарайтын сот үшін міндетті. Заңды күшіне енген сот үкімі мұндай азаматтық істі қарайтын сот үшін осы іс – әрекеттер орын алды ма және оларды осы адам жасады ма деген мәселелер бойынша да, сондай-ақ үкіммен белгіленген басқа да мән-жайларға және олардың құқықтық бағасына қатысты міндетті.

Астана қаласы Алматы аудандық сотының 2017 жылғы 30 қазандағы ұйғарымымен талапкер Н.К.Рысбаевтың жауапкерлер «Бразерс Компани» ЖШС, «Үміт – 2» ТҚК – ге 2004 жылғы 19 қазандағы № 174 тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартты бұзу туралы азаматтық ісі бойынша медиативтік келісімі бекітілгендігі анықталды.

Осы ұйғарымды орындау үшін сотпен 2018 жылғы 27 ақпанда атқару парақтары берілген.

2018 жылғы 5 наурызда ЖСО Ш.К.Дидарбековтың қаулыларымен №170/18 – 71 – 2673 және №171/18 – 71 – 2673 атқарушылық іс жүргізу өндірістері қозғалған.

ЖСО Д.К.Дидарбековпен «Үміт-2» ТҚК-нің жылжымайтын мүліктері берілген, атап айтқанда:

  1. 2018 жылғы 7 маусымдағы қаулысымен №2 ТЕО С.А.Тұрашеваға берілген.

  2. 2018 жылғы 7 маусымдағы қаулысымен №3 және №4 ТЕО – лар Д.Ю.Евстафьевке берілген.

«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорация» КЕАҚ – ы сот орындаушысының көрсетілген қаулыларының негізінде С.А.Тұрашева мен Д.Ю.Евстафьевтің меншік құқығын тіркеген.

Сот орындаушысының 2018 жылғы 8 маусымдағы қаулыларымен №170/18– 71 –2673 және №171/18 –71 – 2673 атқарушылық іс жүргізулер толық орындалуына байланысты тоқтатылған.

Алайда, Астана қаласы азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 24 қарашадағы ұйғарымымен Астана қаласы Алматы аудандық сотының 2017 жылғы 30 қазандағы ұйғарымының күші жойылып, азаматтық іс бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жолданған.

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының заңды күшіне енген 2023 жылғы 15 желтоқсандағы ұйғарымымен 2017 жылғы медиация тәртібімен дауды реттеу жөніндегі туралы келісімді бекіту туралы тараптардың өтініші қанағаттандырусыз қалдырылған. Медиативтік келісім сотпен бекітілмеген.

Сонымен қатар, Астана қаласы Сарыарқа ауданын №2 аудандық сотының 2017 жылғы 14 тамыздағы үкімімен «Үміт – 2» ТҚК – нің төрағасы А.Р. Агниязов Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 195 – бабының төртінші бөлігінің 2-тармағымен сотталып, заңды күшіне енген үкіммен А.Р. Агниязовтың меншікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны анықталған.

2015 жылғы 11 тамызда «Үміт-2» ТҚК-нің төрағасы А.Р. Агниязов «Еуропалық – 2» ТК – нің жертөле қабатының тұрғын емес үй – жайларына мекен – жай нөмерін алу туралы арыз берген. Арыз бойынша орын–

жайларға: Астана қ., Кубрин к – сі 23/1, ТЕО – 2, ТЕО – 3, ТЕО – 4 деген атаумен мекен – жай нөмерлері берілген.

Бірақ, аталған мүліктер Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1962 қаулысымен Астана қаласының коммуналдық меншігіне берілген.

Жоғарыда көрсетілген сот актілерімен (сот үкімімен және ұйғарымымен) мүдделі тұлғалар С.А. Тұрашева мен Д.Ю. Евстафьевке мүліктердің заңсыз берілгені анықталды.

Осылайша, тұрғын емес орын – жайларды мүдделі тұлғаларға «Үміт – 2» ТҚК – тен (қазіргі «Эгалите-Еуропалық» ТҚК) беру үшін негіздер болмаған.

Осыған байланысты, ЖСО Ш.К.Дидарбековтың 2018 жылғы 7 маусымдағы №170/18 – 71 – 2673 атқарушылық іс жүргізу шеңберінде сот шешімі бойынша өндіріп алушы болып табылмайтын С.А. Тұрашеваға ТЕО – 2 беру туралы қаулысын заңды деп санауға болмайды.

Сондай – ақ, ЖСО Ш.К.Дидарбековтың 2018 жылғы 7 маусымдағы №171/18 – 71 – 2673 атқарушылық іс жүргізу шеңберінде өндіріп алушы болып табылмайтын Д.Ю.Евстафьевке ТЕО – 3 және ТЕО – 4 – ті беру туралы қаулысын заңды деп тануға негіз жоқ.

ӘРПК – нің 84 – бабының екінші және үшінші бөлігіне сәйкес, заңсыз әкімшілік актінің толық немесе бір бөлігінде күші жойылуы мүмкін. Заңсыз әкімшілік актінің күші жойылған кезде әкімшілік актіні заңсыз деп танудың заңды салдары туралы шешім қабылданады.

Мұндай жағдайда, 2018 жылғы 7 маусымдағы сот орындаушының мүлікті беру туралы қаулылары төменгі саты соттармен заңсыз деп танылды.

ӘРПК – нің 155 – бабының үшінші бөлігінде әкімшілік актіні немесе оның бір бөлігін заңсыз деп тану, егер соттың шешімінде өзгеше көрсетілмесе, оның күшін жоюға, сондай-ақ одан не оның бір бөлігінен туындайтын барлық заңды салдарлардың күшін жоюға алып келеді деп көрсетілген.

«Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 47 – бабы 1 – тармағының 7) тармақшасында, егер атқарушылық құжаттың өндiрiп алу немесе өзге де талабы толық көлемде орындалса атқарушылық iс жүргiзу тоқтатылады деп көзделген.

Заңның 47 – бабы 1 – тармағының 7) тармақшасының негізінде №170/18-71-2673 және № 171/18–71-2673 атқарушылық іс жүргізулерді тоқтату туралы 2018 жылғы 8 маусымдағы қаулыларды заңды деп тануға болмайды, өйткені бұл атқарушылық іс жүргізулерді қайта бастауға негіз бар.

Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде, кассациялық сот, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың шешімдерін заңды және негізді деп

санайды, өйткені олар сотта анықталған нақты мән-жайлар мен заңдылық, әділеттілік принциптері ескеріле отырып қабылданған.

Кассациялық шағымдардардың уәждері төменгі саты соттарымен жанжақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал жауапкердің және мүдделі тұлғаның тұжырымдары, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Сондықтан, іс бойынша қабылданған бірінші сатыдағы сот шешімінің, апелляциялық сот қаулысының күшін жоюға, сөйтіп, кассациялық шағымдарды қанағаттандыруға еш негіз жоқ.

АПК-нің 126-бабының жетінші бөлігінде процестік мерзімді ұзарту немесе қалпына келтіру туралы соттың ұйғарымы шағым жасауға, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарауға жатпайды деп көрсетілген.

Істің мұндай тұрғысында, жаупкер ЖСО Ш.Қ.Дидарбековтың және мүдделі тұлға С.А. Турашеваның берген Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 24 қазандағы ұйғарымымен кассациялық шығымдағы келіспеу бөліғі негізсіз.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 7 қарашадағы шешімі, Астана қалалық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10 желтоқсандағы осы іс бойынша қаулысы өзгеріссіз қалдырылсын.

Жауапкер Астана қаласы атқарушы округінің жеке сот орындаушысы Шерхан Қайратұлы Дидарбековтың және мүдделі тұлға Салтанат Агарысовна Турашеваның берген кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Е. Нұралиев

Судьялар

Л. Кудекова

Ш.Манжуева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.