Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 15.04.2026 по делу 6003-26-00-2к/899 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 15 сәуір №6003-26-00-2к/899 (2) Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты, төрағалық етуші судья А.Даненова, судьялар М.Ибрагимова, А.Токсанбаев,

талап қоюшының өкілі К[...], жауапкерлердің өкілі И[...], А[...] және үшінші тұлға А[...] қатысуларымен,

ашық сот отырысында, талап қоюшы З[...] жауапкерлер Р[...], «ЛД[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жер телімін сатып алу-сату шартын, кепілдік билеттерін жарамсыз деп тану туралы талап қоюымен қабылданған Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 3 маусымдағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 27 тамыздағы қаулысына жауапкер Р[...] кассациялық шағымы бойынша келіп түскен электронды азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

З[...] жоғарыда көрсетілген талап қоюымен сотқа жүгінген. Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 3 маусымдағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, 2022 жылғы 16 ақпандағы З[...] мен Р[...] арасында жеке нотариус Ш[...] куәлендіруімен жасалған Шымкент қаласы, Абай ауданы, Самал-3 ықшам ауданы, № 2347 мекенжайы бойынша орналасқан жер телімін сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылған.

Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.

Ж[...].Р[...] талап қоюшы З[...] пайдасына 50 000 теңге мемлекеттік баж төленген сот шығыны өндірілген.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 27 тамыздағы қаулысымен шешім өзгеріссіз қалдырылып, жауапкерлер Р[...] және «ЛД[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен үлестік тәртіппен талап қоюшы З[...] пайдасына өкілдің көмегіне жұмсалған 250 000 теңге сот шығыны өндірілген.

Ж[...].Р[...] кассациялық шағымында соттармен іс үшін маңызы бар мән-жайлар дұрыс анықталмағанын, талап қоюшымен 2 700 000 теңгені қолма-қол бергені туралы құжат ұсынылмағанын, шарттың мәтіні бойынша ақша шартқа қол қойғанға дейін берілді деп көрсетілгенін, талап қоюшының жұбайы Б[...], қайын апасы Б[...] айғақтары мүдделікке байланысты сын көзімен қарау қажет екенін, мәміле басқа

мәмілені бүркемелеу үшін жасалғаны дәлелденбегенін көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, істі жаңадан қарау үшін жіберуді сұраған. Сот тараптардың түсіндірмелерін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын зерделеп, келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі –АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Соттар мұндай заң бұзушылыққа жол бермеген.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 157-бабы 3-тармағына сәйкес мүдделі түлғалар мәмілені жарамсыз деп тану туралы талап қоюы мүмкін.

АК-нің 160-бабының 2-тармағына сәйкес егер мәміле екінші бір мәмілені (құлықпен) бүркемелеу мақсатымен жасалса, тараптар шын мәнінде ойлаған мәмілеге қатысты ережелер қолданылады.

2022 жылғы 16 ақпанда талап қоюшы З[...] мен жауапкер Р[...] арасында жеке нотариус Ш[...] куәлендіруімен Шымкент қаласы, Абай ауданы, Самал-3 ықшам ауданы, №2347 мекенжайы бойынша орналасқан жер телімін сатып алу-сату шарты жасалған.

Сол күні, яғни 2022 жылғы 16 ақпанда «ЛД[...]» ЖШС-мен З[...] 2 700 000 теңге микрокредит 2022 жылғы 16 сәуірге дейін беріліп, екі тараптардың қолдары қойылған, серіктестіктің мөрі басылған кепіл билеті талап қоюшыға берілген.

2022 жылғы 12 мамырда «ЛД[...]» ЖШС-мен З[...] 4 200 000 теңге микрокредитті 2022 жылғы 10 маусымға дейін беру туралы екі тараптардың қолдары қойылған, серіктестіктің мөрі басылған кепіл билеті талап қоюшыға берілген.

2024 жылғы 6 ақпанда жер телімі сатып алу-сату шарты бойынша жауапкер Р[...] үшінші тұлға Ж[...] А[...] 5 000 000 теңгеге сатылған. Бұл мәмілені талап қоюшы дауламаған.

Талап қоюшы З[...] 2022 жылғы 16 ақпандағы шартты және екі 2022 жылғы 16 ақпанда, және 12 мамырдағы кепіл билеттерін жарамсыз деп тану туралы талап қоюын сатып алу-сату шарты кепіл шартын бүркемелеу мақсатында жасалғанын, кепіл билеттері бойынша қаражат алмағанымен негіздеген.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюдың жер телімін сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы бөлігін қанағаттандырғанда жауапкер Р[...] «ЛД[...]» ЖШС-нің директоры бола тұра, бір күнде кепілдік билеті мен жер телімін сатып алу-сату шартын жасауы және талап қоюшы З[...] 2022 жылы өзіне тиесілі жер телімін сату ниеті болмағаны,

ол жайында ешқайда хабарлама бермегені тараптар арасында жер телімін сатып алу-сату шарты кепіл шартын бүркемелеу мақсатымен жасалғаны туралы тұжырымға келген.

Сонымен қатар, 2022 жылғы 16 ақпанда және 2022 жылғы 12 мамырда жасалған кепіл билеттеріне талап қоюшының өзі қол қойғанын жоққа шығармағанын ескеріп, оларды жарамсыз деп тану туралы талабын қанағаттандырусыз қалдырған.

Апелляциялық сатыдағы сот шешіммен келіскен.

Соттармен іс үшін маңызы бар мəн-жайлар ауқымы жан-жақты, толық анықталған, процестік және материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылған. Соттардың қорытындылары істің мән-жайларына сәйкес келеді.

Кассациялық шағымда көрсетілген уәждер материалдық құқық нормалары мен іс бойынша жинақталған дәлелдемелерді қайта бағалауға байланысты келтірілгендіктен, сот оларды негізсіз деп санайды. Шағымның уəждері сот актілерін күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болып табылмайды. Сондықтан, сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылғандықтан АПК-нің 109-бабы 1-бөлігіне сәйкес соңғыдан талап қоюшының пайдасына өкілдің көмегіне төленген 500 000 теңге және жол жүруіне жұмсалған 66 727 теңге сот шығындары өндіріледі. Бұл шығындар әуе билеттері, келісімшарт, кассалық ордер және түбіртекпен бекітілген.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігі 1)-тармағын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 3 маусымдағы шешімі және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 27 тамыздағы қаулысы күшінде, жауапкер Р[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Жауапкер Р[...] талап қоюшы З[...] пайдасына өкілдің көмегіне және жол жүруіне жұмсалған шығындары 566 727 (бес жүз алпыс алты мың жеті жүз жиырма жеті) теңге өндірілсін.

А.Даненова

М.Ибрагимова

Судьялар

А.Токсанбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.