ВС РК - Постановление от 13.09.2021 по делу 6001-21-00-3Г/4177 (Гражданское)

6001-21-00-3Г/4177

ҚАУЛЫ

2021 жылғы 13 қыркүйек Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Ғ.Ж. Мырзаке талап қоюшы «Қазақстан Республикасының экология, геология және табиғи ресурстар министірлігі экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша экология департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Мекеме, Департамент) жауапкер «ШС[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - Серіктестік):

-Серіктестіктің «Пирометаллургия» цехында орналасқан шахталық пешінің №0001 ластау көзінен атмосфералық ауаға зиянды ластаушы заттарды белгіленген нормативтерден тыс шығару салдарынан қоршаған ортаға келтірген 412 611 962 теңге экономикалық залалды өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 9 маусымдағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы Серіктестіктің келтірген өтінішхатын азаматтық істі сұрату арқылы алдын ала қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Мекеме Серіктестікке қатысты сотқа жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгінген.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 2 сәуірдегі шешімімен талап қою арызы ішінара қанағаттандырылған.

Серіктестіктен мемлекеттің пайдасына 9 150 578 теңге экономикалық залал, 274 517 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Талап қою арыздың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 9 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгертілген.

Серіктестіктен мемлекет пайдасына өндірілген экономикалық залал 412 611 962 теңгеге дейін, мемлекеттік баж 12 378 359 теңгеге дейін ұлғайтылған.

Өтінішхатта Серіктестік істі қарау барысында материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуына байланысты апелляциялық қаулының күшін жойып, бірінші сатыдаты сот шешімін күшінде қалдыруыды сұраған.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы,

заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Алайда, мұндай заң бұзушылықтарға арызданушының пікірінше іс бойынша жол берілген.

Іс материалдарынан анықталғандай, Серіктестіктің «Пирометаллургия» цехында ауаға ластаушы заттарды шығару үшін шахталық пеш орнатылған.

2020 жылғы 3-11 тамыз аралығында Мекемемен шахталық пештің ауаға ластаушы заттарды шығару бойынша құралдық өлшемдер жүргізілген.

Тексеру нәтижесінде Серіктестікке шахталық пешті пайдалану кезінде атмосфералық ауаға зиянды ластаушы заттарды белгіленген нормативтерден тыс эмиссиялар шығарып, қоршаған ортаға зиян келтіргені анықталған.

Департаментпен ұсынылған есеп бойынша, қоршаған ортаға келтірілген экономикалық залалдың мөлшері 412 611 962 теңге құраған.

Бірінші сатыдағы сот талап қою арызды ішінара қанағаттандыру туралы шешімін экономикалық залалдың мөлшері экологиялық бақылау барысында жүргізілген соңғы тексеруден өткен уақыт ішінде залал келтірген жабдықтың жұмыс уақыты, яғни сағаты есептелуге жататындығымен тұжырымдаған.

Апелляциялық сатыдағы сот бұл тұжырыммен келіспей, мемлекеттік экологиялық қадағалау Мекемемен 2020 жылғы тамыз айында жүргізілгендіктен, ескіру мерзімі аяқталғанға дейінгі кезеңді, яғни, 2018 - 2020 жылдар аралығын бағалау негізді деген қорытындыға келген. Өтінішхат иесі апелляциялық алқаның мұндай тұжырымдарын заңсыз деп есетпейді.

Алайда, қолданыстағы экологиялық заңнамада өндірістік экологиялық бақылау шеңберінде қоршаған ортаға эмиссиялар мониторингінің болуы көзделген.

Мемлекеттік экологиялық бақылауды жүргізу кезінде мемлекеттік экологиялық инспекторлардың атына "Эко-Тест" бөгде аккредиттелген зертханасының тоқсан сайынғы өлшеу хаттамалары ұсынылды. Өндірістік экологиялық бақылау шеңберінде соңғы өлшеу 27 мамырда жүргізілді, 2020 жылғы 27 мамырдағы №12/4-А сынақ хаттамасы.

Өлшеу жүргізу кезінде ластаушы заттар эмиссиясының асып кетуі анықталған жоқ.

Өлшеу нәтижелері 2020 жылдың 2 тоқсанындағы өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасы бойынша есепке енгізілді.

Осылайша, 27 мамырдағы 2020 жылғы жағдай бойынша эмиссиялардың асып кетуі болған жоқ және залалды есептеуде 27 мамыр 2020 жылдан бастап 6 тамыз 2020 жылғы экология Департаментінің өлшеу жүргізу күніне дейін өткен уақытты есептеу қажет.

Бұдан басқа, жауапкер тарапының және бірінші сатыдағы соттың осы уәжі Қазақтан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 27 маусымдағы [...]қаулысымен бекітілген Қоршаған ортаны ластаудан келтірілген залалды экономикалық бағалау қағидаларында келтірілген залалды есептеу әдістемесіне толық сәйкес келеді, онда залалды есептеу үшін қабылданатын уақыт тікелей

мәтінмен көрсетілген: "мемлекеттік не өндірістік экологиялық бақылау барысында жүргізілген соңғы тексеруден өткен уақыт ішінде қабылданатын залал келтіру кезеңіндегі жабдықтың жұмыс уақыты (сағатпен)".

Демек, есептеу жүргізу кезінде өндірістік экологиялық бақылау барысында жүргізілген соңғы тексеруден өткен уақыт ішінде алынған залал келтіру кезеңі үшін жабдықтың жұмыс уақытын қабылдау қажет (сағатпен).

Бұл уақытты Жабдықтың іске қосылуы мен тоқтатылуын есепке алу журналындағы жазбаларға сәйкес анықтауға болады және ол 27.05.2020 жылдан 06.08.2020 жылға дейінгі кезеңде 267 сағатты құрайды.

Апелляциялық сатыдағы сот "Соттардың азаматтық істер бойынша Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 25 қарашадағы №8 нормативтік қаулысының 24-тармағын дұрыс қолданбаған, оған сәйкес залалды бағалау қағидаларына сәйкес ластаушы заттар шығарындыларының (төгінділерінің) белгіленген нормативтерінен асып кетуін куәландыратын аспаптық өлшеулер мен талдаулардың нәтижелері мемлекеттік экологиялық бақылау барысында жүргізілген соңғы тексеруден бастап талап қою мерзімі өткенге дейінгі кезеңге қолданылады.

Бұл норма тиісті рұқсатсыз табиғат пайдаланушыларға ғана қолданылады. Өз кезегінде Жауапкерде тиісті рұқсаты бар.

Сот алқасы бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгерте отырып, Мемлекеттік кірістер комитеті Төрағасының 2020 жылғы 26 мамырдағы жауабының негізінде залал мөлшерін белгілеу кезінде 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 2651 теңге мөлшерінде айлық есептік көрсеткішті қолдану туралы бірінші сатыдағы соттың қорытындысын дұрыс емес деп санайды, өйткені бұл жауапта салық төлеуші туралы айтылған.

Алқа Талапкер 2020 жылғы 1 сәуірден бастап қолданыста болатын 2778 теңге мөлшеріндегі айлық есептік көрсеткішті дұрыс пайдаланды деп есептейді.

Сот алқасы экологиялық залал мөлшерін 412 611 962 теңгеге дейін ұлғайта отырып, 25.02.2021 жылғы №4 кешенді сот экологиялық-экономикалық сараптамасының қорытындысына баға берген жоқ.

Алайда, АПК-нің 68-бабының 1-бөлігіне сәйкес әрбір дәлелдеме қатыстылығы, жол берілетіндігі, анықтығы, ал барлық жиналған дәлелдемелер жиынтығы азаматтық істі шешу үшін жеткіліктілігі ескеріле отырып, бағалануға тиіс.

Сонымен, іс бойынша дәлелдердің бірі сот сараптамасы болып табылады.

АПК-нің 7-тарауында азаматтық істер бойынша сот сараптамасы қалай тағайындалуға тиіс екендігі, сарапшының құқықтары мен міндеттері және сот сараптамасын жүргізуге қатысты басқа да мәселелер айқындалған.

Сот сараптамасы сараптама қорытындысының қажеттілігі істің мәнжайларынан және ұсынылған дәлелдемелерден көрінетін барлық жағдайларда тағайындалады. Осылайша, соттың азаматтық істер бойынша даудың қандай да бір мән-жайларын анықтау үшін сот сараптамасын тағайындауы оны дәлел ретінде жасасудың міндеттілігі туралы айтады.

Осыған қарамастан, апелляциялық сатыдағы сот кешенді сараптама нәтижелері бойынша қорытындыны іс бойынша дәлел ретінде негізсіз елемеді.

Сот алқасы Департаментке директор ұсынған анықтамаға сәйкес шахта пеші 2018 жылы 4212 сағат, 2019 жылы 5301 сағат, 2020 жылғы 1 қаңтардан 31 наурызға дейін 1481 сағат, 1 сәуірден 6 тамызға дейін 1611 сағат жұмыс істегенін көрсетеді. Анықтамада көрсетілген деректерді Серіктестік директоры ерікті түрде, бөгде адамның ықпалынсыз ұсынған.

Алайда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 27 маусымдағы [...]қаулысымен бекітілген Қоршаған ортаны ластаудан келтірілген залалды экономикалық бағалау қағидаларына сәйкес, аталған анықтама залал келтіру кезеңінде қолдануға жататын уақыт кезеңін қамтымайды.

Сонымен қатар, АПК-нің 65-бабының 3-тармағына сәйкес істің заң бойынша белгілі бір дәлелдемелермен расталуға тиіс мән-жайлары ешқандай басқа дәлелдемелермен расталуға тиіс емес.

Бұл жағдайда сот залал келтіру кезеңіне қатысы жоқ Жауапкердің Директоры берген пештің жұмысы туралы анықтамаға емес, бірінші сатыдағы сотқа ұсынылған Пештің жұмыс істеу журналының деректеріне сүйенуі керек.

Арыз берушінің жоғарыда аталған және өтінішхатта көрсеткен басқа да уәждері дау айтылған сот актісін қайта қарау үшін негіздердің бар екендігін және сот отырысында тексерілуге жататынын көрсетеді.

АПК-нің 444-бабының 1-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, судья

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 9 маусымдағы қаулысын қайта қарау туралы өтінішхат іспен бірге Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына қарау үшін берілсін.

Қаулының көшірмесі өтінішхатты берген тұлғаға жолдансын.

Судья Ғ.Ж.Мырзаке

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.