1
№6001-22-00-6ап/1659(2)
Қ А У Л Ы
2023 жылғы 25 сәуір Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - судья Қайыпжан С.Ү., судьялар Токмурзина Д.А., Ермағамбетова Ж.Б. болып,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының прокуроры Д[...], талап қоюшы «МЮ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - ЖШС, Серіктестік) өкілі - Б[...], А[...],
жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Түркістан қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Басқарма, жауапкер) өкілі Қ[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында «МЮ[...]» ЖШС-нің жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Түркістан қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесіне камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 24 ақпанындағы шешімі мен Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 22 маусымындағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Серіктестік сотқа аталған әкімшілік талап қою арызымен жүгініп, 2021 жылғы 7 қазандағы №5820QE300002 санды хабарламаны заңсыз деп тануды және күшін жоюды сұраған. Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 24 ақпандағы шешімімен Серіктестіктің талап қою арызы қанағаттандырудан бас тартылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 22 маусымдағы қаулысымен сот шешімі өзгерісіз қалдырылған.
Талап қоюшы сот актілерімен келіспей, кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар істің мән-жайларына дұрыс баға бермегенін, материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қою арызын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Талап қоюшы өкілдерінің кассациялық шағымды қолдаған, жауапкер өкілінің сот актілерін күшінде қалдыру туралы түсініктерін, прокурордың қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабына сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Аталған істе осындай негіздер бар.
Істің мән-жайларына қарағанда, «МЮ[...]» ЖШС-гі мен «И[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі – Тауар жеткізуші, «И[...]» ЖШС-гі) арасында 2019 жылғы 1 ақпанында ламинатталған ағаш-талшықты тақталарын (бұдан әрі – ЛАТТ тақталары) жеткізу туралы №01 келісім-шарты жасалған. 2021 жылғы 28 наурыз бен 2021 жылғы 17 сәуір аралығында тауарлар үшін 28 450 295,4 тенге нақты түрде төленген.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 3 маусымындағы шешімімен Тауар жеткізушінің 2012 жылғы 29 сәуіріндегі №68 бұйрығы негізінде мемлекеттік қайта тіркелуі жарамсыз деп танылған. Шешім заңды күшінде. Соттың шешімімен: Тауар жеткізуші 2012 жылғы 29 сәуірдегі №68 бұйрығы негізінде Түркістан қаласы, [...] мекен-жайы бойынша заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеуден, құрылтайшысы және басшысы ретінде А[...] болып тіркеуден өткендігі; аталған серіктестік тіркелген мекен-жайы бойынша, яғни Түркістан қаласы, [...] орналаспағандығы, бұл салық органы тарапынан жасалған 2020 жылғы 27 шілдесіндегі және 6 қарашасындағы түзілген салықтық зерттеу қортындыларымен расталатындығы; Түркістан қаласы, [...] ғимараты кадастрлық №[...] мемлекеттік актідегі жер учаскесімен бірге Түркістан қаласы әкімдігінің 2019 жылғы 17 наурызындағы №291 «Мемлекеттік мұқтажы үшін жер учаскелерін және өзге де жылжымайтын мүліктерді мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы» қаулысы негізінде мемлекет мұқтаждығына алынғаны; серіктестік 2012 жылғы 1 маусымында қосылған құн салығы (бұдан әрі – ҚҚС) төлеушісі ретінде тіркеліп, 2016 жылғы 2 наурызындағы ҚҚС тіркеу есебінен салық есептілігінде айналымның болмауынан шығарылғаны; 2019 жылғы 6 наурызында қайта ҚҚС төлеуші ретінде тіркеліп, 2020 жылғы 2 наурызында ҚҚС тіркеу есебінен шығарылғаны; 2019 жылға тапсырған жылдық 100.00 нысанды салық есептілігінде «0» теңге сату айналымын көрсеткені, алайда 2019 жылға 341 178 764 теңгеге электронды шот фактура жазып бергендігі; камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны орындамауына байланысты электронды шот фактураның шынайлылығы күмәнді деген мәртебе беріліп, электронды шот фактура ақпараттық жүйесін қолдануға шектеу қойылғандығы анықталған. Жауапкер Түркістан қаласы бойынша МКБ-сы талап қоюшы «М[...]» ЖШС-не тауар жеткізуші «И[...]» ЖШС-нің сот шешімімен мемлекеттік тіркелуі жарамсыз деп танылғандықтан камералдық бақылау нәтижелері бойынша 5 080 410 теңге көлемінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы 2021 жылғы 7 қазанындағы №5820QE300002 хабарламасын рәсімдеп, орындау үшін жолдаған.
Даулы хабарламаның №1 қосымшасында камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны рәсімдеуге сот шешімімен мемлекеттік тіркелуі жарамсыз деп танылған салық төлеушімен өзара есеп айырысулар бойынша шығындарына корпоративті табыс салығы мен жеке табыс салығын шегерімге құқысыз жатқызуы негіз болғандығы анықталып, бұзушылықтың сомасы 5 080 410 теңге деп көрсетілген. Камералдық бақылаумен қамтылған мерзім 1 қазан 2018 жыл мен 30 қыркүйек 2021 жыл аралығы. Талап қоюшы аталған хабарламамен келіспей, жоғары тұрған салық органдарына 2021 жылғы 3 қарашада және 2021 жылғы 16 қарашасында шағым берген.
Бірінші сатыдағы сот, талап қою арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдағанда, заңды күшіне енген сот шешімі негізінде, Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы салық заңдылықтарының негізінде камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны рәсімдеу және оны орындау үшін жолдау жөніндегі іс-әрекеті заңды болып табылады деген тұжырымға келген.
Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың мұндай тұжырымымен келісті.
Бірақ төменгі сатыдағы соттар іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс айқындамай талап арызды қанағаттандырусыз қалдыру жайлы ертерек қорытындыға келген. Салық кодексінің 96-бабының 1-тармағына сай, камералдық бақылау нәтижелерi бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда тәуекел дәрежесі жоғары бұзушылықтар бойынша – анықталған бұзушылықтардың сипаттамалары қоса берiле отырып, камералдық бақылау нәтижелерi бойынша салық органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама ресiмделедi.
Осыған орай, жауапкер Басқармамен талап қоюшы «МЮ[...]» ЖШС-нің атына камералдық бақылау хабарламаны жіберуге құқылы болған.
Бұл ретте, салық төлеуші Салық кодексінің 96-бабының 5-тармағына сәйкес камералдық бақылау нәтижелері бойынша сотқа шағым берілген жағдайларда салық төлеуші заңды күшіне енген сот шешімі негізінде тіркелуі (қайта тіркелуі) жарамсыз деп танылған заңды тұлғадан және (немесе) дара кәсіпкерден тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді іс жүзінде алғанын сотта дәлелдеуге құқылы.
Талап қоюшы істің бірінші сатыдағы сотта қаралған кезінде, «М[...]» ЖШС-і мен «И[...]» ЖШС-і арасында жасалған тауарларды жеткізу туралы келісім-шарттарды, электронды шот фактуралары, тауарды сыртқы шығару жүкқұжаттары, дубликат көшірмелері, өзара есеп айырысу актісі ұсынған.
Алайда, электрондық іс материалдарында талап қоюшының тауарды нақты төлегенін растайтын төлем тапсырмалары, кіріс кассалық ордерлер, чектер, бақылау-касса машинасын тіркеу туралы мәліметтер жоқ.
Талап қоюшының өкілі аталған құжаттардың түпнұсқалары бар екенін, сот зерттегенін, бірақ электрондық іс материалдарына салынбағанын түсіндірді.
ӘРПК-нің 8-бабының бірінші және екінші тармақтарына сәйкес сот әкімшілік істі қарау кезінде объективтілік пен бейтараптықты сақтай отырып, әкімшілік іске қатысушылардың әрқайсысына олардың әкімшілік істің мәнжайларын жан-жақты және толық зерттеуге құқықтарын іске асыруына тең мүмкіндік пен жағдайды қамтамасыз етуге міндетті. Егер заңда тиісті мәселелерді соттың шешетіні көзделсе, сот бұл мәселелерді әділдік пен ақылға қонымдылық өлшемшарттарын негізге алып шешуге міндетті.
ӘРПК-нің 16-бабына сәйкес судья белсенді рөлін атқару міндетті.
Осы қағидалар бойынша, соттар салық төлеушінің дәлелдемелерін толық зерттеу қажет. Істі жаңадан қарағанда көрсетілген кемшіліктерді жойып, тараптардың ұсынған дәлелдемелерін толық зерттеп, оларға құқықтық баға беріп, анықталған мән-жайларға байланысты заңды шешім қабылдау қажет. ӘРПК-нің 169-бабының 1-бөлігін және АПК-нің 451-бабының 2- бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 22 маусымындағы қаулысының күші жойылып, іс Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасына басқа құрамда жаңадан қарау үшін жолдансын.
«МЮ[...]» ЖШС-нің жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Қайыпжан С.Ү. Судьялар Токмурзина Д.А. Ермағамбетова Ж.Б.
Көшірмесі дұрыс Судья Ермағамбетова Ж.Б.
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.