6001-21-00-3гп-513
Қ А У Л Ы
2021 жылғы 21 желтоқсан Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Б.Р.Ералиева, судьялар А.Қ.Ескендиров, Ж.М.Қашқынбаева,
прокурор Д[...], жауапкердің өкілдері Б[...], Қ[...], Қ[...],
талап қоюшының өкілдері Т[...], К[...] қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында TrueConf мобилді бейнеконференцбайланысы арқылы талап қоюшы «К[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – Серіктестік) жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер Комитетінің Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер Департаменті» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Департамент) 2021 жылғы 8 ақпандағы хабарламаны заңсыз деп тану туралы арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 22 сәуірдегі шешімін, Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 8 шілдедегі қаулысын қайта қарау туралы Департаменттің келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық ісін қарап,
Серіктестік жоғарыда көрсеткен арызбен сотқа жүгінген.
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 22 сәуірдегі шешімімен Серіктестіктің арызы қанағаттандырылып, Департаменттің 2021 жылы 8 ақпандағы хабарламасы заңсыз деп танылған. Серіктестікке 618 теңге мемлекеттік баж бюджеттен кері қайтарылған.
Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 8 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Департамент өтінішхатында істі қарау барысында материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына байланысты даулы сот актілерінің күшін жоюды сұраған.
Серіктестік өтінішхатқа пікірінде сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған.
Сот алқасы іс бойынша жауапкер Департаменттің өкілдері Б[...], Қ[...], Қ[...] өтінішхатты қолдаған түсініктерін, Серіктестіктің өкілдері Т[...], К[...] өтінішхатқа қарсы пікірін, прокурордың өтінішхатты қолдап, сот актілерінің күшін жойып, жаңа шешім қабылдап, Серіктестіктің арызын қанағаттандырусыз қалдыру туралы қорытындысын тыңдап, өтінішхат уәждері мен пікірді талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы осы кодекстің 434-бабының 1-бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіздер болып табылады.
Сот алқасы бұл іс бойынша мұндай негіздер бар деп санайды.
Іс құжаттарына қарағанда, Департамент «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 411-бабына сәйкес ЖШС-ның атынан рәсімделген № 50517/141118/0311381 тауарларға арналған декларациясымен (бұдан әрі – Декларация) кедендік тазартудан өткізілген тауарлардың кедендік декларацияға қатысты кедендік, өзге құжаттарды және мәліметтерді кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттарды айқындау бойынша тексеріс жүргізілген.
Тексеріс бойынша Департамент 2021 жылғы 25 қаңтардағы хатымен ЖШС-тен Декларация бойынша жеткізілген тауардың құнын айқындайтын құжаттарды, яғни сыртқы сауда келісімшарттарын, шот-фактураларды, орама парақтарды, әкелінген тауарлардың банктік ақша аударымдары және жөнелтуші елдің экспорттық декларациясын сұратқан.
Сұраныс хатқа ЖШС шот-фактура және жөнелтуші елдің экспорттық декларациясы ретінде авиациялық жүк құжат ұсынған.
ЖШС-мен жеткізілген тауардың кедендік құнын дәлелдейтін құжаттардың толықтай ұсынылмауына байланысты Департамент Кодекстің 72-бабын қолданып, жеткізілген тауарларды резервтік әдіспен есептеп, ЖШС-мен жеткізілген тауарға ұқсас келетін № 50505/061118/0311053 тауарға арналған декларацияны негізге алып, даулы Хабарлама шығарған.
Жергілікті соттар, арызды қанағаттандыруын, заң нормасына сәйкес ЖШС-не жолдаған сұраныс хат 2021 жылғы 26 қаңтарда табыс етілгенмен, Департаментпен 2021 жылғы 27 қаңтар – 9 ақпан аралығында қандай да бір хабарлама ұсыну құқығы болмағанымен негіздеген. Департамент аталған заң нормасында көрсетілген мерзімді сақтамай, оны өрескел бұзып, ЖШС-мен құжаттар толық ұсынбауына байланысты даулы Хабарламаны шығарған.
Өтінішхат иесі соттардың тұжырымдарын заңсыз деп есептейді.
Кодекстің 426-бабына сәйкес кеден органдары кедендік бақылау жүргізу кезінде декларанттан, тасымалдаушыдан, кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардан және өзге тұлғалардан кедендік
бақылауды жүргізу үшін қажетті құжаттарды және (немесе) мәліметтерді сұратуға, ал осы Кодексте белгіленген жағдайларда – талап етуге, сондай-ақ сұрау салынатын (талап етілген) құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсыну үшін жеткілікті болуға тиіс оларды ұсыну мерзімін белгілеуге құқылы. Сұрау салынатын (талап етілген) құжаттардың және (немесе) мәліметтердің тізбесін кеден органы мәміле (операция) шарттарын, тауар сипаттамаларын, оның мақсатын, сондай-ақ өзге де мән-жайларды ескеріп, тексерілетін құжаттарды және (немесе) мәліметтерді негізге ала отырып айқындайды.
Сұратылған құжаттар мен мәліметтердің ұсыну мерзімі Хабарлама табыс етілген күннен бастап 10 жұмыс күн.
ЖШС-мен ұсынылған құжат жеткіліксіз болған соң, кедендік құнның төмендетілу фактілері анықталған.
ЖШС-гі декларациясын жеткізілу шартының жіктеуішіне сәйкес, «тауарларды ақысыз тасымалдау» яғни 082 мәміле сипатымен мәлімдеген.
Тексеру нәтижесінде, тауар декларациясы ИМ-40 кедендік рәсіміне сәйкес ресімделіп, тауарлардың кедендік құнын айқындаудың 6-шы тәсілі қолданылған.
Тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық деректер базасындағы мәліметтері негізінде бірдей немесе ұқсас тауарлардың қолданылған бағасы көрсетіледі. Салыстыруға алынған тауарға арналған декларацияның № 50505/061118/0311053, тауарды жөнелтуші және өндіруші ел Италия, тауар коды 7326909409 болып көрсетілген.
Кодекстің 410-бабының 9-тармағына сәйкес сұратылған құжаттарды және (немесе) мәліметтерді олар сұратылған тұлғалар әрбір сұрау салу бойынша бір жиынтықта (бір мезгілде) ұсынуға тиіс.
Алайда, іс құжаттарына қарағанда ЖШС хабарламаны орындау негізінде 2021 жылдың 3 ақпанында тек шот-фактура (инвойс) және жөнелтуші елдің экспорттық декларациясы ретінде авиациялық жүк құжатын ұсынған. Шот-фактурадан басқа құжаттың ұсынылмағанын талап қоюшы өзінің сотқа берген арызында да жоққа шығармаған және ол басқа құжаттарды жауапкерге бермеу себебін әкелінген тауарға бөлек келісім-шарт жасалынбағанын, тауар № 2018046С 2018 жылғы 16 сәуірдегі сату келісімшарты негізінде және № 20182149 2018 жылғы 7 қаңтардағы шот – фактурада (инвойс) көрсетілгендей, тауар сатушының Кепілдік міндеттемелеріне сәйкес төлемсіз жеткізілген деп көрсеткен. Бірақ жергілікті соттар талап қоюшының уәждері мен жауапкердің пікірлерін ескермей және оған баға бермей, тек хабарлама шығару мерзімі сақталмағанына сілтеме жасап қана, талап қоюшының арызын қанағаттандырған.
Демек, талап қою арызы сотта мәні бойынша шешілмеген. Алқа, апелляциялық сатыдағы соттың жоғарыда келтірген қорытындысы іс үшін маңызы бар мән-жайларға негізделмеген деп санайды.
АПК-нің 65-бабының 3-бөлігіне сәйкес істің заң бойынша белгілі бір дәлелдемелермен расталуға тиіс мән-жайларының ешқандай басқа дәлелдемелермен расталуы мүмкін емес.
АПК-нің 68-бабы 1-бөлігіне сәйкес әрбір дәлелдеме оның қатыстылығы, жарамдылығы, анықтығы ескеріле отырып, ал барлық жиналған дәлелдемелер жиынтығы азаматтық істі шешу үшін жеткіліктілігі тұрғысынан бағалануға тиіс.
Сондықтан сот алқасы өтінішхаттағы Департаменттің келтірген уәжімен келіседі және оны заң талабына сай тексеру үшін апелляциялық сатыдағы сот қаулысының күшін жойып, сол сотқа басқа құрамда істі жаңадан қарау үшін жібереді.
Істі жаңадан қараған кезде сот тараптардың уәждерін, дәлелдемелерін толық тексеріп, оған заң талабына сай жан-жақты баға беріп, заңды шешім қабылдауы қажет.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 8 шілдедегі қаулысының күші жойылып, іс жаңадан басқа құраммен қаралуға сол сотқа жолдансын.
«Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер Комитетінің Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер Департаменті» мемлекеттік мекемесінің өтінішхаты ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
Б.Р.Ералиева
Судьялар
А.Қ.Ескендиров
Ж.М.Қашқынбаева
Көшірмесі дұрыс Судья
Б.Р.Ералиева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.