ҚАУЛЫ
2025 жылғы 30 қыркүйек 6003-25-00-4к/571 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында:
төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев
судьялар Л.Е.Кудекова, Ш.С.Манжуева
талап қоюшының өкілі А.Т.Досымов, мүдделі тұлғаның өкілдері А.Б.Сыздыков, А.А.Ахановтың қатысуларымен
ашық сот отырысында талап қоюшылар «Астана регион строй CH» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – ЖШС), «KazAgroVision» ЖШС-нің, Канаев Оналбай Абдуманаповичтің жауапкерлер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалына, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Түркістан облысы бойынша филиалы Отырар аудандық тіркеу және жер кадастр бөліміне,
мүдделі тұлғалар ретінде: «Шеңгелді - 2007» өндірістік кооперативін, жеке сот орындаушы Атенов Думан Нурдильдаевичті тарта отырып,
құқықтық кадастрдегі тіркеу парақтарындағы талап қоюшылардың жер учаскелеріне қатысты құқықтарды тіркеу жазбаларының күшін жоюдың тіркелуін заңсыз деп тану, сот шешімінің құқықтық кадастрдегі тіркеуінің күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылдаған,
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 6 қантардағы ұйғарымына, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 наурыздағы ұйғарымына түскен мүдделі тұлғаның кассациялық шағымдарын қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Мүдделі тұлға ретінде тартылған «Шеңгелді-2007» өндірістік кооперативі (бұдан әрі – Кооператив) сотқа арыз беріп, өз арызында 2023 жылғы 27 маусымдағы №5194-23-00-4/359 сот шешімін жаңадан ашылған мән- жайлар бойынша қайта қарауды сұраған. Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 6 қантардағы ұйғарымымен, сондай-ақ оны өзгеріссіз қалдырылған Туркестан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 наурыздағы ұйғарымымен Кооперативтің сот актісін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы өтініші қанағаттандырусыз қалдырылған.
Мүдделі тұлға «Шеңгелді - 2007» өндірістік кооперативінің кассациялық шағымдарында, іс бойынша қабылданған жоғарыдағы сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жою және арызды негізі бойынша қарау үшін қайтадан бірінші сатыдағы сотқа жолдау сұралған. Осы іс бойынша талап қоюшылар мен жауапкерлер сотқа келген жоқ, келмеген себептерін сотқа хабарлаған жоқ.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Кассациялық сот, шағымның уәждерін тексеріп, іс құжаттарын
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігі бойынша, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Іс құжаттарынан белгілі болғандай, Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 27 маусымдағы шешіммен талап қоюшылар «Астана регион строй CH» ЖШСнің, «KazAgroVision» ЖШС-нің, Канаев Оналбай Абдуманаповичтің жауапкерлер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалына талап қою арызы қанағаттандырылған.
«KazAgroVision» ЖШС-нің кадастр номерлері: №№19-294-026-166, 19294-026-167, 19-294-026-168, 19-294026-169 жер учаскелеріне, «Астана регион строй СН» ЖШС-нің кадастр номерлері: №№19-294-001-863, 19294-048-508, 19-294-048-507, 19-294-048-506, 19-294-048-505, 19-294-048503 жер учаскелеріне және Оналбай Абдуманапович Канаевтың кадастр номерлері: №№19-294-010-239, 19-294-010-240, 19-294-010-241, 19-294010-242, 19-294-010-243, 19-294-010-245, 19-294-010-246, 19-294-010-248 жер учаскелеріне қатысты құқықтық кадастрдің тіркеу парағындағы жазбалардың күшін жою бойынша Түркістан облысы Сайрам аудандық сотының 25 қараша 2019 жылғы №5152-19-00-2/2023 шешімінің тіркелуі заңсыз деп танылған.
Аталған шешімінің құқықтық кадастрдегі 6 қаңтар 2023 жылғы тіркеуінің күші жойылған.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына соттың осы шешімі күшіне енгеннен кейін дереу жолданып, 10 (он) жұмыс күні ішінде орындау міндеті жүктелген. Сот шығындары өндірілген. Бұл сот шешімі 2023 жылдың 5 қыркүйегінде күшіне еніп, қазіргі кезде толық орындалған.
Мүдделі тұлға ретінде іске тартылған Кооператив сотқа арыз беріп, 2023 жылғы 27 маусымдағы сот шешімін жаңадан ашылған мән жайлар бойынша қайта қарап, қысқартуды сұраған.
Кооператив арызында келесі уәждер көрсеткен:
2024 жылғы 11 қазанда Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен Кооперативтің талап қою арызы қанағаттандырылып, Отырар ауданы әкімінің 2010 жылғы 28 маусымдағы №342 қаулысы, 2020 жылғы 7 шілдедегі №160 қаулысы заңсыз танылып күштері жойылған. Яғни, 2020 жылы 7 шілдеде Отырар ауданы әкімінің №160 қаулысымен мемлекеттік жер қорына Кооперативтін барлық жер телімдері қайтарылған, ал қазіргі таңда бұл қаулы заңсыз деп танылған. Осы себеппен, Түркістан облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 27 маусым 2023 жылғы шығарған шешімі қайта қаралуға жатады деп санайды.
ӘРПК-нің 170-бабы бойынша, жаңадан ашылған және жаңа мән-жайлар бойынша іс жүргізу Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің қағидалары бойынша жүзеге асырылады.
АПК-нің 455-бабының 2 және 3-бөліктеріне сәйкес, шешімдерді, ұйғарымдар мен қаулыларды жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау үшін:
заңды күшіне енген сот үкімімен, қаулысымен, қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың және лауазымды адамдардың қаулыларымен анықталған куәгердің көрінеу жалған айғақтары, сарапшының көрінеу жалған қорытындысы, көрінеу дұрыс аудармау, заңсыз не негізсіз шешім шығаруға әкеп соққан құжаттардың не заттай дәлелдемелердің жалғандығы;
заңды күшіне енген сот үкімімен, қаулысымен, қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың және лауазымды адамдардың қаулыларымен анықталған тараптардың, іске қатысатын басқа да адамдардың не олардың өкілдерінің қылмыстық құқық бұзушылығы немесе судьялардың осы істі қарау кезінде жасаған қылмыстық құқық бұзушылығы;
осы шешімді, ұйғарымды немесе қаулыны шығаруға негіз болған сот шешімінің, үкімінің, ұйғарымының немесе қаулысының не өзге де мемлекеттік орган қаулысының күшін жою негіздер болып табылады. Жаңа мән-жайларға:
істі қарау және шешу кезінде преюдициалдық маңызы болған сот актісінің күшін жою;
сот актісі шығарылғанда негізге алынған мәмілені жарамсыз деп тану туралы заңды күшіне енген сот шешімі;
Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының сот актiсi шығарылған кезде қолданылған заңдарды және өзге де нормативтік құқықтық актілерді конституциялық емес деп тануы;
орындалуы туралы сот актісі шығарылған төрелік шешімнің күшін жою жатады.
Төменгі соттар, мүдделі тұлғаның 2023 жылғы 27 маусымдағы сот шешімін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайтадан қарау туралы арызын қанағаттандырудан бас тарта отырып, Кооперативтің ұсынған сот актілері АПК-нің 455-бабына сай, жаңа мән-жайлар ретінде қабылдауға жатпайды деп уәждеген.
Кассациялық сот бірінші және апелляциялық сатыдағы соттың қорытындыларымен келіседі, олар материалдық құқық нормалары мен істін мән-жайларын дұрыс қолдануга негізделген.
2023 жылғы 27 маусымдағы сот шешімін шығарғанда, Кооперативтің ұсынылған сот актілеріне, Отырар ауданы әкімінің 2010 жылғы 28 маусымдағы №342 қаулысына, 2020 жылғы 7 шілдедегі №160 қаулысына сілтеме жасалмаған. Себебі, аталған шешімде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының құқықтық кадастрдегі тіркеу парақтарындағы талап қоюшылардың жер учаскелеріне қатысты құқықтарды тіркеу жазбаларының күшін жоюдың тіркелуін заңсыз деп тану, сот шешімінің құқықтық кадастрдегі тіркеуінің күшін жою бойынша әрекеттері дауланған.
Сондықтан, АПК-нің 455-бабына сайкес сот актісін жаңа ашылған мәнжайлар бойынша қайта қарау үшін себептер анықталмаған.
Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде кассациялық сот, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың ұйғарымдарын заңды және негізді деп санайды, өйткені олар сотта анықталған нақты мән-жайлар мен заңдылық, әділеттілік принциптері ескеріле отырып қабылданған.
Мүдделі тұлғаның кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал оның сот тұжырымдарымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.
Сондықтан, іс бойынша қабылданған төменгі соттардың ұйғарымдарының күшін жоюға, сөйтіп мұдделі тұлғаның кассациялық шағымын қанағаттандыруға еш негіз жоқ.
Кассациялық шағымға берілген қосымшада мүдделі тұлға жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша сондай-ақ Отырар аудандық сотының 20214 жылғы 4 шілдегі шешімін, Сайрам аудандық сотының 2019 жылғы 2 ақпандағы және 25 қарашадағы шешімдерін, сондай-ақ Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 27 маусымдағы қаулысын қайта қарау туралы арызы кассациялық сотпен назарға алынбайды, себебі аталған сот актілері бойынша жаңадан ашылған мән-жайлар немесе жаңа мән-жайлар негізінде қайта қарау туралы өтінішін мүдделі тұлға алдымен АПК-нің 55-тарауының тәртібімен осы сот актілерін шығарған сотқа беруі тиіс болған. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін және АПК-нің 451-бабының екінші бөлімінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 6 қантардағы ұйғарымы, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 наурыздағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Мүдделі тұлға «Шеңгелді - 2007» өндірістік кооперативінің өкілдерінің А.Б.Сыздыков, А.А.Ахановтың кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Е. Нұралиев
Судьялар Л. Кудекова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.