ВС РК - Постановление от 20.12.2022 по делу 6001-22-00-6ап/1081 (Административное)

№6001-22-00-6ап/1081

ҚАУЛЫ

2022 жылғы 20 желтоқсан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,

судьялар Ш.Т.Даниярова, Е.Д.Өмірәлиев, талап қоюшының өкілдері А[...], Ш[...], жауапкердің өкілі З[...] қатысуыларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы Х[...] жауапкер Шымкент қаласының әкіміне 2007 жылғы 16 наурыздағы №474, 2008 жылғы 19 желтоқсандағы №1207 қаулыларын заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 25 қарашадағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 14 сәуірдегі қаулысына талап қоюшының өкілі А[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Шымкент қаласы әкімдігінің 2007 жылғы 16 наурыздағы №474, 2008 жылғы 19 желтоқсандағы №1207 қаулыларын заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 25 қарашадағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған. Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 14 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Талап қоюшымен жауапкер өкілдерінің пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілген.

Соттармен анықталғандай, Шымкент қаласы әкімдігінің 2002 жылғы 1 шілдедегі қаулысына сәйкес талап қоюшыға кадастр №[...] жер учаскесіне жеке меншік құқығы берілген.

Талап қоюда Х[...] 2007 жылғы 16 наурыздағы №474 және 2008 жылғы 19 желтоқсандағы №1207 Шымкент қаласы әкімдігінің қаулыларымен келіспейтіндігін көрсеткен.

Соттар, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартып, талап қоюшының дауланып отырған қаулылары оның құқығын шектемейтінін негізге алған.

Алайда, жергілікті соттар істі мәні бойынша қарап, келесі мәнжайларды ескермеген.

ӘРПК-нің 136 - бабының бесінші бөлігіне сай, құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері әкімшілік актіде қозғалатын, әкімшілік рәсімге қатыспаған адам әкімшілік актінің қабылданғаны туралы адам білген немесе білуі мүмкін болған күннен бастап бір ай ішінде, бірақ ол қабылданған күннен бастап бір жылдан кешіктірмей сотқа талап қоюды беруге құқылы.

Іс бойынша талап қоюшы Х[...] әкімшілік рәсімге қатысушы болып табылмайды, өйткені даулы қаулылардан анықталғандай, кадастр №[...] жер учаскесінің меншік құқығы «А[...]» ЖШС-ке берілген.

Сонымен қатар, даулы қаулылар 2007 жылғы 16 наурызда және 2008 жылғы 19 желтоқсанда қабылданған, тиісінше оны қабылдаудың әкімшілік рәсіміне қатыспаған адам үшін, яғни Х[...] үшін де оларды даулау туралы талап қою мерзімі 2008 жылғы 16 наурызда және 2009 жылғы 19 желтоқсанда аяқталған.

ӘРПК-нің 136 – бабының нормасына сай, көрсетілген бір жылдық мерзім ол тыйым салынатын мерзім болып табылады және қалпына келтіруге жатпайды.

ӘРПК-нің 136 - бабының сегізінші бөлігіне сай, сотқа жүгінудің өтіп кеткен мерзімін қалпына келтірудің мүмкін болмауы талап қоюды қайтару үшін негіз болып табылады.

Бірақ жергілікті соттар ӘРПК-нің аталған талаптарын бұза отырып, талап қою мерзімі аяқталғанына қарамастан, істі мәні бойынша қараған.

ӘРПК-нің 138 - бабының екінші бөлігінің 15) тармақшасына сай, сот талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартса, сот (судья) талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.

ӘРПК-нің 138 - бабының үшінші бөлігіне сай, осы баптың екінші бөлігінің 15) тармақшасы негізінде талап қою қайтарылғанда, сол жауапкерге сол нысана мен сол негіздер туралы сотқа талап қоюмен қайтадан жүгінуіне кедергі келтіреді.

Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде, сот алқасы дауланып отырған сот актілерінің күші жойылуға, әкімшілік талап қою қайтаруға жатады деп санайды.

Сот актерінің күші арыз берушінің уәждері бойынша жойылмайтынын назарға ала отырып, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға тиіс.

ӘРПК-нің 122-бабының екінші бөлігіне сай талап қоюды осы Кодекстің 138-бабы екінші бөлігінің 15) тармақшасында көзделген негіз бойынша қайтару кезінде сот шығыстары өтелмейді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік колексінің 451-бабы екінші бөлігінің 6) тармақшасын басшылыққа ала отырып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 25 қарашадағы шешімі мен, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 14 сәуірдегі қаулысының күші жойылсын.

Талап қоюшы Х[...] жауапкер Шымкент қаласының әкіміне 2007 жылғы 16 наурыздағы №474, 2008 жылғы 19 желтоқсандағы №1207 қаулыларын заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап қою кері қайтарылсын.

Талап қоюшының өкілі А[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

С. Баймаханов Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев

Көшірмесі дұрыс. Судья

Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.