Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 23.04.2026 по делу 6003-26-00-2к/501 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 23 сәуір №6003-26-00-2к/501 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында

төрағалық етуші судья Г.Б.Бастаубаев, судьялар М.Т.Кадырова, Н.О.Косанов,

талап қоюшы өкілі Н[...] және жауапкер өкілі Н[...] бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Қаныш Сәтпаев атындағы канал» филиалы (бұдан әрі - Кәсіпорын филиалы) жауапкер «У[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін (бұдан әрі - Cеріктестік) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы азаматтық істі Кәсіпорын филиалының Жетісу облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 шілдедегі қаулысына берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Кәсіпорын филиалы сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, оны Cеріктестік шарт талаптарын орындамағанымен негіздеген.

Бірінші сатыдағы соттың 2025 жылғы 15 мамырдағы шешімімен талап қою қанағаттандырылып, Cеріктестік мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылған және мемлекет пайдасына 1 966 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Апелляциялық алқа қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, талап қою мерзімі өтіп кетуіне байланысты талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығарылған.

Кәсіпорын филиалы кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, апелляциялық сот алқасы қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін зерделеп, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.

Апелляциялық сатыдағы сотпен талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім дұрыс қабылданған, бірақ кассациялық сот шағымдалған сот актісін қабылдауға негіз болған тұжырымдармен келіспейді.

Атап көрсеткенде, апелляциялық сатыдағы сот талапты қанағаттандырудан бас тарту кезінде процестік заң талаптарына қайшы келіп, тараптар арасында келісім шарт жасалған, алайда талап қою мерзімі өтіп кеткен деп қате тұжырым жасаған.

Анықталғаны, 2023 жылғы 14 желтоқсанда тараптар арасында жобалаусметалық құжаттаманы (техникалық-экономикалық негіздемені) әзірлеу жөнінде жалпы сомасы 81 192 079,58 теңге болатын мемлекеттік сатып алу туралы №1651 шарт (бұдан әрі - шарт) жасалған.

Шарт бойынша жұмыстардың орындалу мерзімі бастапқыда 2024 жылғы маусым айына дейін белгіленген, тараптардың қосымша келісімімен бұл мерзім 2024 жылғы қараша айына дейін ұзартылған.

Серіктестік тарапынан өзіне жүктелген шарттық міндеттемелер тиісінше орындалмай, жобалау-сметалық құжаттама уақытылы және талапқа сай тапсырылмаған, сол себепті Кәсіпорын филиалы осы талаппен сотқа жүгінген.

АПК-тің 47-бабының 1-бөлігіне сай талап қоюшы мен жауапкер азаматтық процесте тараптар болып табылады. Өздерінің бұзылған немесе даулы құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғап талап қою берген немесе осы Кодексте көзделген тәртіппен өзге де тұлғалар оларды қорғап талап қою берген азаматтар мен заңды тұлғалар талап қоюшылар болып табылады.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 43-бабының 1- тармағында заңды тұлғаның тұрған жерiнен тыс орналасқан және оның функцияларының бәрiн немесе бiр бөлiгiн, оның iшiнде өкiлдiк функцияларын жүзеге асыратын оқшауланған бөлiмшесi оның филиалы болып табылатыны бекітілген. Осы баптың 3-тармағына сәйкес филиалдар мен өкiлдiктер заңды тұлғалар болып табылмайды. Оларға өздерiн құрған заңды тұлға мүлік бөліп береді және олар оның бекiткен ережелері негiзiнде әрекет етеді. Іс құжаттарына қарағанда талап қою Кәсіпорын филиалымен берілгені, оған филиал директоры қол қойғаны көрінеді, тиісінше Кәсіпорын филиалы заңды тұлға болып табылмайды және өзінің атынан талап қоюшы ретінде сотқа жүгіне алмайды.

Істің мұндай тұрғысында, апелляциялық сатыдағы сотпен талап қою талап қою мерзімі өтіп кетуі себепті емес, Кәсіпорын филиалы тиісті талап қоюшы болмауына байланысты қанағаттандырылудан бас тартылуы қажет болған.

Мұндай жағдайда істің басқа мән-жайларына баға беріп, оларға қатысты заң нормаларын қолданудың қажеттілігі жоқ.

Кассациялық шағымда қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актісінің күшін жоюға немесе өзгертуге әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.

Сол себепті, апелляциялық сот алқасының қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Жетісу облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 шілдедегі қаулысы күшінде, талап қоюшы Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Қаныш Сәтпаев атындағы канал» филиалының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Бастаубаев

Судьялар М.Кадырова

Н.Косанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.