ВС РК - Постановление от 07.02.2022 по делу 6001-21-00-3Г/7106 (Гражданское)

6001-21-00-3г/7106

ҚАУЛЫ

2022 жылғы 7 ақпан

Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Р.Қуанышбаева,

талап қоюшы «Түркістан облысының жер инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - ММ, Басқарма) жауапкерлер Т[...], А[...], Төлеби ауданы Леңгір қаласының әкімдігіне, «Төлеби аудандық жер қатынастары бөлімі» ММ-ге, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына әкімнің шешімін, жер учаскесіне жеке меншік құқық беретін сәйкестендіру актісін, сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 28 шілдедегі қаулысына талап қоюшының өкілі М[...] келтірген өтінішхатын істі алдырту арқылы алдын ала қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ :

«Түркістан облысының жер инспекциясы басқармасы» ММ жоғарыда аталған талап қою арызымен сотқа жүгінген. Түркістан облысы Төлеби аудандық сотының 2021 жылғы 4 мамырдағы ұйғарымымен Басқарманың әкімнің шешімін, сәйкестендіру актісін жарамсыз деп тану туралы талабы бойынша іс жүргізу тоқтатылған. Осы соттың 2021 жылғы 4 мамырдағы шешімімен талап қою арызы ішінара қанағаттандырылған.

Т[...] пен А[...] арасында 2020 жылғы 1 шілдеде жасалған № 4256 Түркістан облысы, [...] мекенжайында орналасқан көлемі 0,10 га, кадастрлық нөмірі [...] жер учаскесін (бұдан әрі - даулы жер учаскесі) сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылған.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 28 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, іс бойынша талапты қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылданған.

Талап қоюшының өкілі М[...] өтінішхатында іс бойынша қабылданған апелляциялық қаулымен келіспей, соттың тұжырымы істің мәнжайына сәйкес келмейтінін көрсетіп, дау айтылған сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұрап, төмендегідей уәждер келтірген.

Леңгір қаласы әкімінің 2019 жылғы 30 қыркүйектегі № 103 шешімімен

Т[...] мемлекеттік қызметші санаты бойынша даулы жер учаскесі тұрғын үй құрылысын салу үшін үш жыл мерзімге берілген.

2020 жылғы 16 маусымда Леңгір қаласы әкімінің № 40 шешімімен Т[...] даулы жер учаскесі жеке меншік құқығымен беріліп, оған кадастрлық нөмірі [...] сәйкестендіру актісі рәсімделген.

2020 жылғы 1 шілдеде Т[...] даулы жер учаскесін сатып алу-сату шарты негізінде А[...] сатқан.

Өтінішхат иесі Төлеби аудандық мәслихатының 2007 жылғы 27 сәуірдегі № 32/228-III шешімімен Леңгір қаласы, [...] бас жоспары бекітіліп, 2010 жылы нақтылап жасақталған жоспарлау жобасына сай Алатау мөлтек ауданында мемлекеттiк қызметшiлерге бөлу үшiн көзделiп жеке тұрғын үй салуға қалдырылған аумақтар белгіленбегенін көрсеткен.

Өз кезегінде, жергілікті атқарушы органмен Т[...] тұрғын үй құрылысы үшін берілген даулы жер учаскесі мемлекеттiк қызметшiлерге бөлу үшiн көзделiп жеке тұрғын үй салуға бөлінген аумақтан табысталмаған. Леңгір қаласының әкімімен Жер кодексінің 44-1-бабының 8-тармағында және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 7 маусымдағы № 720 «Тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж мемлекеттiк қызметшiлерге жеке тұрғын үй салу үшiн жер учаскелерiн берудiң тәртiбi мен шарттары жөнiндегi Ереженi бекiту туралы» қаулысының 2-тармағында көрсетілген талаптар сақталмағанын мәлімдеген.

Қазіргі кезде Леңгір қаласы бойынша тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алуға 4000 аса адам кезекте тұрғанын, мемлекеттік қызметшілердің заңсыз жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесінің берілуі, жалпы кезекте тұрған азаматтардың құқықтары бұзылатынына назар аударған.

Сонымен бірге, Төлеби ауданы бойынша 14 мемлекеттік қызметшілер тұрғын үй құрылысы үшін негізсіз алған жер учаскелерінен өз еріктерімен бас тартып, мемлекет меншігіне қайтарған.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Өтінішхатта келтірілген уәждер және басқа да мән-жайлар сот актісін кассациялық сатыдағы сотқа қайта қарау үшін негіздердің бар екендігін көрсетеді.

Қорыта келгенде, судья өтінішхатты іспен бірге кассациялық сатыдағы сот отырысында қарауға беру қажет деп санайды.

АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып,

судья

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 28 шілдедегі қаулысына талап қоюшының өкілі М[...] өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына берілсін. Қаулының көшірмесі өтінішхатты берген тұлғаға жолдансын.

Судья Р. Қуанышбаева

Көшірмесі дұрыс Судья Р. Қуанышбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.