ҚАУЛЫ
2025 жылғы 13 тамыз 6003-25-00-4к/1675 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – Д.Ә.Әбдіғалиев, судьялар – М.А.Қасымов, Г.М.Ыдырысова болып,
прокурор А.С.Камашевтың, талап қоюшының өкілі С.О.Мұхамеджановтың, жауапкер өкілі Қ.Ж.Нұрмановтың қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының (бұдан әрі-Корпорация) жауапкерлер «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің жер ресурстарын басқару комитетінің Қызылорда облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Департамент) 2023 жылғы 25 желтоқсандағы №19 бұзушылықты жою туралы нұсқамаға дау келтірген әкімшілік ісі бойынша,
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 25 қарашадағы ұйғарымына, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 қаңтардағы ұйғарымына талап қоюшының келтірілген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 25 қарашадағы ұйғарымымен ұйғарымымен талап қоюшының талап қою мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішхатын қанағаттандырудан бас тартып, талап қою кері қайтарылған.
Қызылорда облысының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 қаңтардағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшының кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, сот актілерінің күшін жоюды сұраған.
Тараптар өкілдерінің түсініктемелерін, прокурордың қорытындысын тындап, кассациялық шағымның дәлелдерін талқылап, іс материалдарын
зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалай келе, кассациялық сот келесідей қорытындыға келеді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) нормаларына сәйкес, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне орай, кассациялық шағымдану тәртібі мен кассациялық сатыдағы іс жүргізу АПК қағидаларымен айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, АПК-нің 434-бабының бірінші бөлігіне көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қараудың негіздері болып, заңсыз сот актісінің қабылдауына әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және іс жүргізу құқығы нормаларының елеулі бұзылуы болып табылады.
Мұндай құқық бұзушылықтарға бірінші және апелляциялық соттармен жол берілмеген.
Іс бойынша анықталған мән-жайларға сәйкес, Департаментпен талап қоюшыға қатысты тексеру жүргізіліп, тексеру қорытындысы бойынша 2023 жылғы 25 желтоқсанда №19 бұзушылықты жою туралы нұсқама қалыптастырылған. Даулы нұсқама бойынша 474 бұзушылыққа жол берілгені анықталып, оны қалпына келтіріп орындау үшін алты ай мерзім белгіленген.
Даулы нұсқама талап қоюшыға 2023 жылғы желтоқсан айында табысталып, талап қоюшымен нұсқамада көрсетілген 474 бұзушылықтың 427-і жойылып, қалпына келтірілген, ал 47-сі көрсетілген мерзімде орындалмаған.
Анықталған бұл мән-жайлар талап қоюшының даулы нұсқамада көрсетілген бұзушылықтармен келіскенін растайды.
Талап қоюшы даулы нұсқаманың 47 бұзушылығын орындау мүмкіндігі жоқ екеніне және оған түсіндірме жолдағанына сілтеме жасап, арада он айға жуық мерзім өткеннен кейін даулап, талап қою мерзімін қалпына келтіруді сұраған.
АПК-нің 126-бабының 2-бөлігіне сай, егер осы кодексте белгіленген мерзімді өткізіп алу себептерін сот дәлелді деп таныса, сот оны қалпына келтіруі мүмкін.
Істің бұл тұрғысында, кассациялық сот бірінші саты сотының талап қою мерзімін қалпына келтіруге дәлелді себептер болмағаны жөніндегі тұжырымымен келіседі.
Кассациялық сот кассациялық шағым уәждерін негізсіз деп тапты, себебі меншік иелерінің өтініш бермеуі өткізілген мерзімнің дәлелді себептері ретінде қарастырылуға жатпайды, нұсқама бойынша бұзушылықтарды орындауға алты ай берілген, талап қоюшымен осы мерзім ішінде меншік иелерінің өтініштерін алуына толық мүмкіншілігі болған. Мұндай жағдайда, бірінші саты соты талап қоюшы Корпорацияның талап
қою мерзімін қалпына келтіру арызын қанағаттандырудан бас тартуы негізді әрі заңды болып табылады.
АПК-нің 427 бабының 3-бөлігіне сәйкес, іс жүзінде дұрыс шешім тек формалды негіздермен жойылуға жатпайды. Егер сотпен мәні бойынша дұрыс шешім қабылданса, бірақ жоғарыда аталған заңбұзушылықтар орын алса, кассациялық сатыдағы қаулыда шешімді өзгеріссіз қалдыруға негіз болатын материалдық және процестік құқық нормалары мен уәждері көрсетіледі.
Жоғарыда айтылғандарға байланысты, бірінші және апелляциялық сатыдағы шағымдалып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады.
ӘРПК–нің 169-бабының 1 тармағы, АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 25 қарашадағы ұйғарымы, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 қаңтардағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Д. Әбдіғалиев
Судьялар
М. Қасымов
Г. Ыдырысова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.