№6001-25-00-6ап/357
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 29 сәуір Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова болып, жауапкерлердің өкілдері Н.Е.Оразовтың, Н.А.Пазиловтың
қатысуыларымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Есенкелді» шаруа қожалығының басшысы Утеулиева Жумагулдің жауапкер «Бәйдібек аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Жер қатынастар бөлімі), Түркістан облысы Бәйдібек ауданының әкіміне (бұдан әрі – Аудан әкімі) 2023 жылғы 24 қарашадағы жер комиссиясының Бәйдібек ауданындағы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурстың қорытындыларын шығару жөніндегі отырысының №02 қорытынды хаттамасының №83,84 лоттар бойынша хаттаманы заңсыз деп танып, Аудан әкімдігінің 2023 жылғы 30 қарашадағы №81,82 санды қаулыларын заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 19 сәуірдегі шешімі мен Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 23 қазандағы қаулысына мүдделі тұлға А.Ү.Амангельдиеваның өкілі М.А.Аккуловтың келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Ж.Утеулиева жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 19 сәуірдегі шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.
2023 жылғы 24 қарашадағы жер комиссиясының Байдібек ауданындағы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурстың қорытындыларын шығару жөніндегі отырысының №02 хаттамасының Р.З.Заманхан № 83 лот бойынша жеңімпаз деп танылған бөлігін заңсыз деп танылып, күші жойылған;
2023 жылғы 24 қарашадағы жер комиссиясының Байдібек ауданындағы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурстың қорытындыларын шығару жөніндегі отырысының №02 хаттамасының А.Ү.Амангельдиева № 84 лот бойынша жеңімпаз деп танылған бөлігін заңсыз деп танылып, күші жойылған;
Аудан әкімдігінің 2023 жылғы 30 қарашадағы №82 қаулысының А.Ү.Амангельдиеваға Жамбыл ауылдық округі аумағыныдағы арнайы жер қорынан 2,0 га суармалы жер телімін шаруа фермер қожалығын жүргізу үшін 10 (он) жылға бөлініп беру туралы қаулы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Талап арыздың қалған бөлігі қанағаттандырудан бас тартылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 23 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Арызданушы кассациялық шағымында жергілікті соттардың іс бойынша материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, бірінші сатыдағы сот шешімі мен апелляциялық сот алқасы қаулысының күшін жоюды сұраған.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сәйкес, тиісті түрде хабарланған тараптардың сотқа келмеуі сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы кассациялық шағым бойынша іс құжаттарын зерттеп, тараптардың пікірлерін тыңдап, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.
Соттармен анықталғандай, 2023 жылдың қазанында Жер қатынастар бөлімі шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты жариялаған. Осы конкурсқа қатысу үшін іс бойынша мүдделі тұлғалар А.Ү.Амангельдиева және Р.З.Заманхан №83,84 лоттар бойынша қатысып, жеңімпаз болып анықталған.
Аудан әкімінің 2023 жылғы 30 қарашадағы №81 қаулысымен Жамбыл ауылдық округі аумағындағы арнайы жер қорынан 12,0 га суармалы жер телімі Р.З.Заманхан шаруа (фермер) қожалығының жүргізу үшін ұзақ мерзімге жалға 10 жылға бөлініп берілген.
Талап қоюшының арызы негізінде Департамент 2023 жылғы 29 желтоқсанда №151 және 2024 жылғы 25 қаңтарда №11 тексеру тағайындау туралы актілерін қабылдаған.
2024 жылғы 27 наурызда Аудан әкімімен қаулы қабылданып, қосымшаға сәйкес өткен конкурс бойынша барлығы 520 га жер телімдері бойынша қаулылардың күші жойылған.
Бұл қаулының қосымшасына сәйкес, Жамбыл ауылдық округінде 12 га женімпаз болып анықталған Р.З.Заманханға қатысты 2023 жылғы 30 қарашадағы №81 қаулының да күші жойылғандықтан соңғымен жер учаскесін жалға алу туралы келісім-шарт жасалынбаған.
Әрі қарай, 2023 жылғы 30 қарашада Аудан әкімдігінің № 82 қаулысымен Жамбыл ауылдық округі аумағындағы ауданның арнайы жер қорынан А.Ү.Амангелдиеваға шаруа (фермер) қожалығын жүргізу үшін ұзақ мерзімге 2 га суармалы жер телімі жалға 10 жылға бөлініп берілген.
Талап қоюшы өзінің талап қоюында № 83,84 лоттар бойынша конкурсқа қойылған жер бұрынан талап қоюшы Ж.Утеулиеваның пайдалануда екенін және ол жер Ж.Утеулиеваға пай үлесі ретінде берілгенін, алайда Жер қатынастар бөлімі ол жерлерді заңсыз конкурсқа қойғанын көрсетіп, конкурс нәтижесін бұзуды сұрап, қаулыларды бұзуды сұраған.
Жергілікті соттар талап қоюды ішінара қанағаттандырып, келесі мәнжайларға назар аударған.
Конкурстық комиссияның 2023 жылғы 24 қарашадағы №02 хаттамасына төрағасы Б.Қырғызалиев қол қоймағаны анықталған.
Одан бөлек, аталған хаттамада конкурсқа қатысқан тұлғалардың өтінімдері бойынша «Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты ұйымдастыру мен өткізу туралы» Қағиданың 22тармағына сай қойылған балдары көрсетілмеген.
Сондықтан, аталған хаттаманың негізінде шығарылған аудан әкімдігінің 2023 жылғы 30 қарашадағы №82 қаулысы мен 2023 жылғы 24 қарашадағы №83,84 лоттар бойынша хаттамалары заңсыз деп танылып, күштері жойылуға жатады деген тұжырыммен сот алқасы толығымен келіседі.
Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай. Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.
Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша соттарда анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.
Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 19 сәуірдегі шешімі мен Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 23 қазандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Мүдделі тұлға А.Ү.Амангельдиеваның өкілі М.А.Аккуловтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова
Көшірмесі дұрыс. Судья
Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.