ВС РК - Постановление от 23.07.2024 по делу 6001-24-00-6ап/144 (Административное)

6001-24-00-6ап/144 (2)

2024 жылғы 23 шілде

ҚАУЛЫ

Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – С.Ү. Баймаханов, Г.К. Нұрбаев болып,

жауапкер өкілі Р[...] қатысуымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы К[...] жауапкерлер «Ақтау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Құрылыс бөлімі), «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына (бұдан әрі – Корпорация) меншік иесінің салынған объектіні пайдалануға өз бетінше қабылдау актісін есепке алуын және оның тіркелуін заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап арызы бойынша қабылданған

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылдың 11 шілдедегі шешіміне және Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылдың 16 қарашадағы қаулысына жауапкер өкілі мен мүдделі тұлға А[...] өкілінің кассациялық шағымдары бойынша түскен әкімшілік іс құжаттарын қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

К[...] жоғарыда көрсетілген талап арызбен сотқа жүгініп, негіздемесінде көршісі А[...] пәтерлер меншік иесінің келісімінсіз өзіне тиесілі Ақтау қаласы, 16 шағын ауданы, 68-үй, [...] пәтеріне қайта жоспарлау жүргізіп, пәтердің шекарасын өзгертіп, тұрғын үй-жайдың кіреберісінен дәлізді қосып алып пәтердің көлемін – 66,1 шаршы метрден 77,1 шаршы метрге дейін ұлғайтып, тіркеуден өткізгенін көрсеткен.

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 11 шілдедегі шешімімен талап арыз қанағаттандырылып, «Ақтау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесімен, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамымен Ақтау қаласы, 1668-21 мекен-жайында орналасқан пәтер бойынша А[...] жасақталған меншік иесінің салынған объектіні пайдалануға өз бетінше қабылдау актісін 2022 жылғы 21 желтоқсанда есепке алуы және оның тіркелуі заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 16 қарашадағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз күшінде қалдырылған.

Жауапкер өкілі және мүдделі тұлға өкілі кассациялық шағымдарында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспейтінін көрсете келе, олардың күшін жойып, талап арызды толық көлемде қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Тиісті түрде хабарланған тараптар кассациялық саты сотының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.

Сот алқасы жауапкер өкілі Р[...] кассациялық шағым уәждерін қолдаған пікірін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.

Жергілікті соттар талап арызды толық көлемде қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда, мүдделі тұлға А[...] өз пәтерінің шекарасын, пәтерлер меншік иелерінің жазбаша келісімінсіз өзгертіп, пәтердің жалпы ауданын ұлғайтқанын Құрылыс бөлімі назардан тыс қалдырып, заңсыз есепке алған, ал Корпорация оны тіркеуге алған деп тұжырымдаған. Сот алқасы, төменгі саты соттарының Корпорацияға қатысты тұжырымдары сотта зерттелген іс құжаттарына, қолданыстағы материалдық заң нормаларының талаптарына сай келмейді деп есептейді. Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, мүдделі тұлға А[...] « «А[...]»» ЖШС-ге тапсырыс беру арқылы өзіне тиесілі Ақтау қаласы, 16 шағын ауданы, 68-үй, [...] пәтеріне қайта жоспарлау жүргізіп, пәтерге арналған техникалық жоба жасақтаған. А[...] пәтерге жоспарлау жүргізу арқылы оның шекарасын өзгертіп, тұрғын үй-жайдың кіреберісінен дәлізді қосып алып, пәтердің жалпы ауданын – 66,1 шаршы метрден 77,1 шаршы метрге дейін ұлғайтып, 2022 жылғы 21 желтоқсанда өз бетінше пайдалануға қабылдау актісін жауапкерлерге есепке алу және тіркеу үшін жолдаған. Өз кезегінде, Құрылыс бөлімі А[...] меншік иелерінің жазбаша келісімінсіз, пәтердің шекарасын өзгертіп, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкінен, яғни тұрғын үй-жайдың кіреберісінен дәлізді қосып алып, пәтердің жалпы ауданын ұлғайтқанын назарынан тыс қалдырып, даулы актіні заңсыз есепке алған және Корпорацияға тіркеу үшін ұсынған.

«Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 1-тармақшасына сәйкес, Корпорация Қазақстан

Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, орналасқан жері бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға. «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 75-1-бабына сәйкес сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдар Корпорациядан құжаттарды алған кезден бастап бір жұмыс күні өткенге дейін тапсырыс берушінің құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидаларында айқындалған рәсімдерді сақтауын салыстырып тексереді және мемлекеттік қала құрылысы кадастрының ақпараттық жүйесі арқылы пайдалануға қабылдау актісін есепке алуды жүргізеді.

Салыстырып тексеру қорытындылары бойынша құрылыс объектісінің құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидаларының талаптарына сәйкес еместігі анықталған жағдайда Корпорациядан құжаттарды алған кезден бастап бір жұмыс күні ішінде бұл туралы мемлекеттік сәулет-құрылыстық бақылау органдарына және тіркеуші органға жазбаша хабарлайды. Сәйкессіздік болмаған жағдайда Корпорациядан құжаттарды алған кезден бастап бір жұмыс күні ішінде тіркеуші органға жазбаша хабарлайды. Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет көрсету қызметінен бас тарту «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 31-бабының 1-2-тармағына сәйкес құрылыс объектілерінің Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келмеуі туралы жергілікті атқарушы органдардың сәулет және қала құрылысы, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарынан түсетін тиісті ақпарат негізінде жүзеге асырылады.

Аталған заң талаптарына сәйкес, 2022 жылғы 21 желтоқсанда жасақталған меншік иесінің салынған объектіні пайдалануға өз бетінше қабылдау актісінің тіркелуі сол уақытта негізді болған. Себебі, Корпорация өз тарапынан меншік иесінің салынған объектіні пайдалануға өз бетінше қабылдау актісін жергілікті атқарушы органның тиісті ақпараты негізінде өз құзырындағы тиісті мемлекеттік көрсетілетін қызметін заң шеңберінде жүргізген.

Істің мұндай тұрғысында сот алқасы, іс бойынша анықталған мәнжайларға баға бере отырып, жергілікті соттардың қабылдаған сот актілері өзгертіліп, меншік иесінің салынған объектіні пайдалануға өз бетінше қабылдау актісін 2022 жылғы 21 желтоқсанда Корпорациямен тіркелуі заңсыз деп танылған бөлігінің күші жойылып, бұл жөнінде талапты қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдануға жатады деп есептейді.

Объектіні өз бетінше қабылдау актісін есепке алу заңсыз деп танылуына байланысты Корпорацияның тіркеуінің күшін жою міндеті осы сот актілерінен кейін пайда болып отыр.

Осыған орай, жауапкер өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырылуға, ал мүдделі тұлғаның шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 11 шілдедегі шешімі, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 16 қарашадағы қаулысы өзгертілсін.

Талап қоюшы К[...] жауапкер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына А[...] Ақтау қаласы, 16 шағын аудан [...] үй [...] пәтерге жасақталған меншік иесінің салынған объектіні пайдалануға өз бетінше қабылдау актісін 2022 жылғы 21 желтоқсанда тіркелуін заңсыз деп таныған бөлігінің күші жойылып, талап арыздың бұл бөлігін қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдансын.

Сот актілерінің басқа бөлігі өзгеріссіз қалдырылсын. Жауапкер өкілі Д[...] кассациялық шағымы қанағаттандырылсын, мүдделі тұлғаның өкілі А.А.Дуйсенбаевтың шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар Көшірмесі дұрыс.

Г.Б. Дуйсенбаев

С.Ү. Баймаханов

Г.К. Нұрбаев Г.Б. Дуйсенбаев

Судья

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.