ҚАУЛЫ
2025 жылғы 24 қыркүйек №6003-25-00-4к/414 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – судья Д.Ә. Әбдіғалиев,
судьялар – Г.М. Ыдырысова, М.А. Қасымов,
талап қоюшының өкілі А.К. Асылбековтың, мүдделі тұлға «Республикалық мемлекеттік қала құрылысын жоспарлау және кадастр орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының өкілі Ш.О. Бекмухаеваның қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Сержан Батырханович Махатовтың жауапкер Қызылорда қаласы әкімдігінің «Қызылорда қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Бөлім) қатысты 2024 жылғы 1 шілдедегі №32 бұйрығын заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының (бұдан әрі – МАӘС) 2024 жылғы 10 желтоқсандағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – ӘІжСА) 2025 жылғы 19 наурыздағы қаулысына талап қоюшы берген кассациялық шағымы бойынша әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген әкімшілік талап арызымен сотқа жүгініп, дауланып отырған бұйрықтың заңсыз екендігін және оны қабылдау үшін құқықтық негіздердің болмағандығын негізге алған.
МАӘС-тің 2024 жылғы 10 желтоқсандағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылды.
ӘІжСА-ның 2025 жылғы 19 наурыздағы қаулысымен МАӘС-тің шешімі өзгеріссіз қалдырылды.
Кассациялық шағымда талап қоюшы сот актілерін күшін жоюды, талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұрап, талап арызда келтірілген дәл сол мән-жайларға, уәждер мен негіздерге сілтеме жасаған.
Жауапкердің өкілдерінен, «Қызылорда облысының Жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінен сот отырысына бейнеконференцбайланыс режимінде қосылу туралы өтінішхаттар түсті. Алайда, аталған өтінішхаттар қанағаттандыруға жатпайды, себебі сот отырысы Қазақстан Республикасы Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының ғимаратында тараптардың міндетті түрде жеке қатысуымен қарауға тағайындалған, бұл жөнінде іс жүргізуге қатысушылардың барлығы алдын ала хабардар етілген. Көрсетілген мән-жай соттың кассациялық сатысында сот отырысын өткізу форматын өзгертуге негіз болып табылмайды. Осыған байланысты, іс олардың қатысуынсыз қаралды.
Мүдделі тұлға «Қызылорда облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінен істі оның қатысуынсыз қарау туралы өтініш келіп түсті.
Әкімшілік іске қатысушы өзге тұлғалар сот отырысының күні, уақыты мен форматы туралы тиісті түрде хабардар етілгеніне қарамастан, сот отырысына келмеген және келмеу себептері туралы сотқа мәлім етпеген.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Кассациялық шағымның уәждерін талқылай отырып, іс материалдарын зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалаған кассациялық сот келесі қорытындыға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер ӘРПК-де өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сай заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы АПК-нің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Мұндай бұзушылықтарға төмен тұрған соттар жол бермеген. Іс материалдарынан талап қоюшы Қызылорда қаласының 4-ірілендірілген квартал, №1А мекенжайында орналасқан жер учаскесінің меншік иесі екендігі анықталады.
2023 жылғы 11 шілдеде жауапкермен С.Б.Махатовқа аталған мекенжайда террасасы бар (3 қабатты + жертөле) тұрмыстық емес тауарлар дүкенін салу үшін сәулет-жоспарлау тапсырмасын (бұдан әрі – СЖТ) берген.
2023 жылғы 19 қыркүйекте жауапкер С.Б. Махатовтың эскиздік жобасын келісіп мақұлдаған.
2024 жылғы 1 шілдедегі №32 дауланып отырған бұйрықпен
С.Б. Махатовқа берілген СЖТ мен келісілген эскиздік жоба жойылған.
«Құрылыс саласындағы құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 750 бұйрығының (бұдан әрі – №750 Қағида) 15-тармағына сәйкес, елді мекендерді жобалау, тұрғын аудандарды қалыптастыру, қайта игерілетін және реконструкцияланатын аумақтарды және елді мекендерді абаттандыру кезінде тұрғын, қоғамдық және өндірістік ғимараттарға, құрылыстар мен үй- жайларға халықтың iс-қимылы шектеулi топтарының қол жетікізуі қамтамасыз етіледі.
Тұрғын және қоғамдық ғимараттардың аумағында орналасатын автомобиль тұрақтарын жобалау кезінде халықтың iс-қимылы шектеулi топтарының жеке автокөлік құралдары үшін орындар көзделеді.
Тұрғын аймақтарда әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінің (білім беру және денсаулық сақтау объектілерінің) орналастырылуын ескерусіз көппәтерлі тұрғын ғимараттарды (үйлерді) салуға жол берілмейді.
№750 Қағиданың 39-тармағына сәйкес, жоспарланған құрылыс бекітілген бас жоспарға, егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына немесе елді мекендерді дамыту және салу схемасына сәйкес келген жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші ұсынылған құжаттарды алған күннен бастап 1 (бір) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсетушiлерге сауалнама парағын және сыртқы инженерлік желілер трассасының алдын ала схемасы бар техникалық шарттарды алу үшін ахуалдық схеманы жібереді.
«Жылу желілері объектілерінің күзет аймақтарын және осындай аймақтардың шекараларында орналасқан жер учаскелерін пайдаланудың ерекше шарттарын белгілеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2017 жылғы 28 қыркүйектегі № 331 бұйрығының (бұдан әрі – №331 Қағида) 2-тармағына сай, 1) жылу желілері – жылу энергия көздерінен орталық жылу пунктері мен сорғы станцияларын қоса алғанда, жылуды тұтыну қондырғыларына дейін жылу энергиясын беруге және (немесе) жылуды жеткізуге арналған құрылғылардың жиынтығы; 2) жылу желілерінің күзет аймағы – жылу желілерін сақтауды қамтамасыз ету, пайдаланудың қалыпты жағдайларын жасау, олардың зақымдануының, сондай-ақ осы желілердің күзет аймағында қалған тұрғындар арасында жазатайым оқиғаларды алдын алу мақсатында бөлінген жер учаскелері.
№331 Қағиданың 6, 10-тармақтарына сәйкес, жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ мемлекеттік органдар, заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктері жылу желілерінің, оның ішінде олардың аумақтары бойынша өтетін жылу желілерінің қауіпсіздігі мен сақталуын қамтамасыз ету үшін шаралар қолданады.
Жылу желілерінің күзет аймақтары құрылыс құрылымының сыртқы жағынан құбырлардың мына диаметрімен ғимараттарға, құрылыстарға және инженерлік желілеріне дейін трасса маңында жер учаскесі түрінде орнатылады: 1) жерүсті төсемі: Ду < 200 мм - 10 м; Ду 200 мм-ден 500 мм-ге дейін – 20 м; Ду > 500 мм – 25 м; 2) жерасты төсемі: Ду < 500 мм – 5 м; Ду > 500 мм – 8 м.
Төмен тұрған соттар талап арызды қанағаттандырудан бас тарта отырып, дауланып отырған әкімшілік актінің жауапкер өз құзыреті шегінде қабылдағанын, оның әділдік және сәйкестік қағидаттарына сай келетінін, бастапқыда мемлекеттік қызмет көрсетуде заң бұзушылықтар орын алғанын негізге алған.
Кассациялық сот ұсынылған дәлелдемелерді бағалай келе, шығарылған сот актілерінің заңдылығына, олардың негізіне алынған мән-жайлардың талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы қорытындылардың дұрыс деген тұжырымға келіп отыр.
Анықталған мән-жайлардан №750 және №331 Ережелердің жоғарыда келтірілген қағидаларында сәулет-жоспарлау тапсырмасын беру және эскиздік жобаны келісу тәртібі көзделген.
Алайда талап қоюшыға сәулет-жоспарлау тапсырмасын беру және эскиздік жобаны келісу барысында заң бұзушылықтарға жол берілген. Атап айтқанда, талап қоюшы жобалаған террасасы бар (3 қабатты + жертөле) тұрмыстық емес тауарлар дүкені қаланың инженерлік және коммуналдық желілеріне қосылуға тиіс бола тұра, тиісті техникалық шарттар алынбаған.
Эскиздік жобаны келісу кезінде халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарының ғимаратқа қолжетімділігін қамтамасыз ету талаптары ескерілмеген, сондай-ақ жобалау барысында автокөлік құралдары үшін орындар тиісті түрде қарастырылмаған. Сондай-ақ сәулет-жоспарлау тапсырмасын беру және жобалау кезінде №331 Ереженің 6, 10-тармақтарының талаптары бұзылған, жылу желілерінің қорғау аймағына қатысты қажетті параметрлер сақталмаған, жобаланған ғимарат пен жылу желілерінің арақашықтығының қауіпсіздігі қамтамасыз етілмеген, бұл №331 Ереженің жоғарыда көрсетілген талаптарына қайшы келеді.
Бөлім өзіне берілген өкілеттіктер шеңберінде аталған заң бұзушылықтарды анықтай отырып, дауланып отырған бұйрықты заңды түрде қабылдаған, ол істің нақты мән-жайларына негізделген және оның қорытындылары іс материалдарымен расталады.
Дауланып отырған бұйрық уәкілетті органмен өз құзыреті шегінде,
заңда белгіленген нысан мен тәртіпте қабылданған.
Талап қоюшы келтірген уәждер анықталған заң бұзушылықтарды жоймайды, себебі олар іс жүзінде орын алған. Бұл үшінші тұлғалардың құқықтарын бұзады, азаматтардың қоғамдық мүдделеріне нұқсан келтіреді, осыған байланысты ӘРПК-нің 84-бабының алтыншы бөлігіне сәйкес талап қоюшы сенім құқығын қорғау қағидатына сілтеме жасауға құқылы емес. Әкімшілік рәсімге қатысушы ретінде талап қоюшы мемлекеттік қызмет көрсету барысында бастапқыда жалған мәліметтер ұсынғандықтан, оған қатысты бұрын қабылданған қолайлы әкімшілік акт жойылуға жатады.
АПК-нің 426 және 452-баптарына сәйкес, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты шағым қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін АПК-да көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағымның уәждері мазмұны, мәні және мақсаты жағынан бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарда келтірілген уәждерге ұқсас болып табылады. Аталған уәждер апелляциялық сатыдағы сотта қаралып, оларға тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымда жаңа уәждер келтірілмеген.
Іс бойынша мән-жайлар дұрыс анықталып, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына немесе дұрыс қолданылмауына жол берілмегендіктен, кассациялық сот сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ деп санайды.
Осы мән-жайларды ексере отырып, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігі мен АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 10 желтоқсандағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Д. Әбдіғалиев
Судьялар
Г. Ыдырысова
М. Қасымов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.