№6003-25-00-2к/2591
ҚАУЛЫ
2026 жылғы 19 ақпан Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында төрағалық етуші судья М.Т.Кадырова, судьялар А.З. Каирбеков, Р.А. Исполова, талап қоюшының өкілі А.Сатыбалдиевтің,
жауапкер К.П. Калпакиди, өкілі А. Тортаевтің қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Есенгельды Жаппаралыұлы Ештаевтің жауапкер Ксения Панаитовна Калпакидидан қарызды өндіру туралы талап қоюы бойынша азаматтық істі жауапкердің Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 11 сәурдегі шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 маусымдағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
П.М. Калпакиди талап қоюшы Е.Ж.Ештаевке 2022 жылғы 13 тамызында берген қолхаты бойынша 31 000 000 теңгені бір жылда қайтару міндеттемесімен қарызға алған.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Шымкент қаласы бойынша филиалының 2023 жылғы 10 шілдедегі №20-783-23-0000323 анықтамасына сәйкес П.М. Калпакиди 2023 жылғы 2 шілдеде 68 жасында қайтыс болған.
Е.Ж.Ештаев сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен жүгініп, қарызды П.М. Калпакидидің қызы К.Калпакидиден өндіруді сұраған.
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 11 сәуірдегі шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, жауапкер К.Калпакидиден талап қоюшы Е.Ж.Ештаевтің 15 500 000 теңге өндірілген. Сот шығындары туралы мәселе шешілген. Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 маусымдағы қаулысымен аталған шешім өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот шағымды қолдаған жауапкерді, оның өкілін, шағымға қарсылық білдірген талап қоюшының өкілін тындап, келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі -АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болады.
Іс бойынша мұндай бұзушылықтара жол берілген.
Іс құжаттарына қарағанда, П.М. Калпакиди 2022 жылғы 13 тамызында Е.Ж.Ештаевтен қолхат бойынша 31 000 000 теңгені қарызға алып, қарызды бір жылда қайтаруға міндеттеме алған. Қарызды көрсетілген уақытта қайтара алмаған жағдайда, ол Е.Ж.Ештаевке Түркістан облысы, Толеби ауданы, Коксаек ауылы, Төлеби көшесі, 130 А мекенжайындағы кадастрлық №19-298051-1243 жер учаскесін рәсімдеп беруге міндеттеме алған.
Қайтару мерзімі ішінде, яғни 2023 жылғы 2 шілдеде П.М. Калпакиди қайтыс болған.
2024 жылғы 28 мамырдағы және 18 қарашадағы мұраға құқық туралы куәліктерге сәйкес П.М.Калпакидидің мүлкіне балалары К.Калпакиди мен М.П.Калпакиди тең үлесте мұра қабылдаған. Мұралық мүлік ретінде ½ тең үлеспен жауапкер К.Калпакиди мен үшінші тұлға М.П.Калпакидиге:
Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы, Жумадилла Алдияров көшесі, 97 үй жер учаскесімен, кадастрлық №22:329:025:148;
Түркістан облысы, Толе би ауданы, Көксаек ауыл округі, Көксаек ауылы, Толе би көшесі, 230 А үй мекенжайында орналасқан жер учаскесі, кадастрлық №19-298-051-1243;
1993 жылы шығарылған, тіркеу нөмірі Х314 HHN, «Volkswagen Vento» маркалы автокөлігі;
«Қазақстан Халық Банкі» акционерлік қоғамының Шымкент қаласы бойынша филиалындағы ағымдағы және карталық шоттарындағы ақша жинақтары өткен.
Бірінші және апелляциялық соттар жауапкер мұраны ½ үлесінде қабылдағандықтан, ол мұра қалдырушының қарызын ½ мөлшерінде өтеуге міндетті деген тұжырымға келіп, талап қоюды ішінара қанағаттандырған.
Кассациялық сот соттардың тұжырымдамасымен келіспейді, іс қаралған кезде соттармен материалдық және процестік құқық нормалары елеулі түрде бұзылған деп есептейді.
АК-нің 1040-бабына сәйкес мұраның құрамына мұра қалдырушыға тиесiлi мүлiк, сондай-ақ оның қайтыс болуына байланысты қолданылуы тоқтамайтын құқықтары мен мiндеттерi кiредi.
АҚ-нің 1081-бабында көрсетілгендей мұра қалдырушының кредит берушiлерi өздерiнiң мұра қалдырушының мiндеттемелерiнен туындайтын талаптарын өсиеттi орындаушыға (мұраны сенімгерлікпен басқарушыға) немесе әрбір мұрагерге ауысқан мүлiк құнының шегiнде ортақ борышқорлар ретiнде жауап беретiн мұрагерлерге қоюға құқылы.
Жоғары көрсетілген нормаларды ескере отырып, мұндай санаттағы даулар бойынша заңды маңызы бар мән-жайларға мұрагерлер шеңберін айқындау, мұрагерлік мүліктің құрамын белгілеу ғана емес, сонымен қатар мұрагерлік мүліктің нақты құнын анықтау да жатады. Демек мұрагерлердің жауапкершілігі мұраға қалдырылған мүліктің құны шегінде ғана туындайды.
Алайда, соттармен мұрагерлік мүліктін құны анықталмаған.
Жауапкер К.Калпакиди талап қоюмен келіспей, оның мұрагерлікке қабылдаған мүліктің құны қарызды өтеуге жеткіліксіз деген уәждерін соттар ескермеген және мұрагерден қарызды мұраға қалдырылған мүліктің құнын анықтамай өндірген. Соттар мұраға қалдырылған мүліктің құны анықталмаған жағдайда АҚ-нің 1081-бабының нормаларың қолдануға негіздер болмағанына қарамастан, барлық мән-жайларды толық анықтамай жауапкерден 15 500 000 тенгені негізсіз және мерзімнен бұрын өндірген.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттармен аталған мәнжайларға тиісті құқықтық баға берілмеген, материалдық және процестік құқық нормалары дұрыс қолданылмаған. Сондықтан соттардың сот актілерінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру жөнінде жаңа шешім шығарылуға, кассациялық шағым қанағаттандырылуға жатады. АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 11 сәурдегі шешімі мен Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 маусымдағы қаулысының күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жана шешім шығаралсын.
Е.Ж.Ештаевтен К.П.Калпакидидің пайдасына сот шығындары 77 500 (жетпіс жеті мың бес жүз) теңге мөлшерінде өндірілсін.
Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші М.Т. Кадырова
Судьялар А.З. Каирбеков
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.