ВС РК - Постановление от 24.09.2024 по делу 6001-24-00-6ап/450 (Административное)

6001-24-00-6ап/450

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 24 қыркүйек Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Ғ.Ө.Әлжанов, Г.К. Нұрбаев болып,

талап қоюшы У. Кузембаевтың қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот мәжіліс залында талап қоюшы Умбетжан Кузембаевтың жауапкерлер «Ақтөбе қаласының тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Руслан Амирханович Ажниязовтың, Ақтөбе қалалық маслихаттың депутаты Жанна Батигуловна Умарованың әрекеттерін заңсыз деп тану туралы талап қою арызы бойынша қабылданған,

Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 15 қыркүйектегі және Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 14 желтоқсандағы ұйғарымдарына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы У.Кузембаев сотқа аталған талап арызбен жүгініп, негіздемесінде жауапкерлердің Ақтөбе қаласы Маресьев көшесі №82/3 мекенжайы бойынша орналасқан көпқабатты тұрғын үйді күтіп-ұстауға арналған шығыстардың мөлшерін бекіту бойынша әрекеттерін заңсыз деп тануды, негізсіз төленген ақша қаражатын қайтаруды сұраған.

Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 15 қыркүйектегі ұйғарымымен талап арыз қараусыз кері қайтарылған.

Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 14 желтоқсандағы бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы У.Кузембаев кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, жергілікті соттардың құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, олардың күшін жоюды сұраған.

Тиісті түрде хабарланған жауапкер өкілдері кассациялық саты сотының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.

Сот алқасы, талап қоюшы У.Кузембаевтың кассациялық шағымды қолдаған пікірін тыңдап, әкімшілік іс материалдарын зерттеп, шағымның уәждерін талқылап, келесі қорытындыға келеді. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Бірінші сатыдағы сот талап арызды кері қайтару туралы шешім қабылдағанда, ӘРПК-нің 136-бабы 8-бөлігіне сілтеме жасай отырып, негіздемесіне талап қоюшы 2022 жылы жасалған іс-әрекетті даулап, сотқа 2023 жылғы 10 тамызда, яғни заңда көзделген мерзім өтіп кеткеннен кейін жүгінгенін, талап қоюды беруге арналған мерзімді қалпына келтіру туралы арызды сотқа ұсынбағанын негіздеген.

Апелляциялық сатыдағы сот алқасы бірінші сатыдағы соттың талап қоюды қайтару туралы ұйғарымын өзгеріссіз қалдыра отырып, сот актісінің негіздемесіне алған тұжырымдарымен келіспей, оны ӘРПК-нің 138-бабы 2- бөлігінің 11) тармақшасының негізінде іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайтындығымен негіздеген.

Сот алқасы апелляциялық сатыдағы сот алқасының тұжырымдары материалдық және процестік құқық нормаларына сай дұрыс қабылданған деп санайды.

ӘРПК-нің 102-бабының 2-бөлігіне сәйкес, жария-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралатыны қарастырылған.

ӘРПК-нің 138-бабының 2-бөлігінде, егер тараптар арасындағы дау әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса, сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым қабылдау қажет екені көзделген.

Іс құжаттарына қарағанда, 2022 жылғы 15 қарашадағы Ақтөбе қалалық маслихаттың шешімімен Ақтөбе қаласы бойынша кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығыстардың ең аз мөлшері 45 теңге болып бекітілген.

Талап қоюшы аталған шешімді «Ақтөбе қаласының тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Р.А.Ажниязовтың ұсынысы бойынша маслихат хатшысының міндетін атқарушы Ж.Умарова қабылдағанын көрсеткен.

«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының және 4 – тармақтарына сәйкес, мәслихаттың өз құзыретiндегi мәселелер бойынша шығаратын шешiмдерi мәслихаттың актiлерi болып табылады. Мәслихаттың азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты шешімдерді қабылдауы «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып жүзеге асырылады.

«Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 7- бабының 2-тармағының 9) тармақшасына сай мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдері, әкімдіктердің нормативтік құқықтық қаулылары, әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдері және тексеру комиссияларының нормативтік құқықтық қаулылары нормативтік құқықтық актілердің негізгі түрлеріне жатады.

АПК-нің 298-бабы 1-бөлігінде көзделгендей, өздерiне нормативтiк құқықтық актiнiң күшi қолданылатын, заңда көзделген тәртіппен қабылданған және жарияланған нормативтік құқықтық актімен олардың Қазақстан Республикасының Конституциясымен және заңдарымен кепiлдiк берiлген құқықтары мен заңды мүдделерi бұзылып отыр деп санайтын азамат немесе заңды тұлға осы нормативтік құқықтық актiнi заңға толық немесе жекелеген бөлiгiнде қайшы келедi деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгiнуге құқылы.

ӘРПК-нің 3-бабы 7-бөлігінің 2) тармақшасына сәйкес іс жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік, азаматтық процестік заңнамасында және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген істер әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды.

Нормативтік құқықтық актілердің заңдылығын даулау туралы істер бойынша іс жүргізу тәртібі АПК нормаларымен реттелетін болғандықтан, мәслихат шешімін даулау туралы талап қою әкімшілік сот іс жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды.

Сонымен қатар, әкімшілік іс жүргізу тәртібінде жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік орган, лауазымды адам қабылдайтын, белгілі бір тұлғаның немесе жеке-дара айқындалған тұлғалар тобының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім немесе әкімшілік акт болып табылмайтын әрекеті (әрекетсіздігі) даулануға жатады.

Іс құжаттарына қарағанда, талапкер У.Кузембаевтың жауапкерлердің шығыс мөлшерін бекітуге бағытталған әрекеттерін заңсыз деп тануды және осыған байланысты төленген ақшаны қайтаруды сұраған, алайда тараптар арасындағы бұл дау жария-құқықтық қатынастардан туындамаған.

Істің бұндай тұрғысында жергілікті соттардың талап арызды қайтару туралы тұжырымдары заңды әрі негізді болып табылады.

Төменгі сатыдағы соттармен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалған, материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған. Талап қоюшының кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдарымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Сондықтан, сот алқасы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 15 қыркүйектегі ұйғарымы, Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 14 желтоқсандағы ұйғарымы өзгеріссіз күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы Умбетжан Кузембаевтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Дуйсенбаев Г.Б.

Судьялар Әлжанов Ғ.Ө.

Нұрбаев Г.К. Көшірмесі дұрыс. Судья Дуйсенбаев Г.Б.

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.