№6001-23-00-6ап/3490
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 4 маусым Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова,
талап қоюшының өкілі Т[...] қатысуымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «НДА[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – Серіктестік) жауапкерлер Шымкент қаласының әкіміне, «Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Басқарма), «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына Шымкент қалалық әкімінің 2010 жылғы 22 қаңтардағы №110 санды қаулысын ішінара заңсыз деп танып, 2018 жылғы 8 ақпандағы №50 санды қаулыға және кадастрлық №[...] санды құжаттарына қаулыға сай өзгеріс енгізуді міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 9 қарашадағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Серіктестік жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 14 шілдедегі шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 9 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы шешімнің күші жойылып, талап қоюы кері қайтарылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымда іс бойынша апелляциялық сот алқасы материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, апелляциялық сот алқасымен қабылданған сот актісінің күшін жоюды сұраған.
ӘРПК-ні Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы сот отырысына қатысқан тараптың пікірін тыңдап, кассациялық шағымның уәждері мен іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге апелляциялық сот алқасымен жол берілген.
Іс материалдарын анықталғандай, Шымкент қаласының әкімдігінің (бұдан әрі – Әкімдік) 2006 жылғы 5 мамырдағы №486 қаулысымен талап қоюшыға «Абай» атындағы саябағының аумағында орналасқан ойын-сауықтыру және жастар-мәдени орталығын, жобалау және құрылысын салу үшін алаңы 6,0101 га жер учаскесі 49 жылға уақытша пайдалану құқығымен берілген.
2006 жылғы 27 маусымда Шымкент қаласының жер қатынастар бөлімі мен талап қоюшының арасында жер учаскесін жалға беру туралы үлгілік шарты жасалынған.
Алайда, Әкімдіктің 2006 жылғы 5 мамырдағы №486 қаулысы және 2006 жылғы 27 маусымдағы жалға беру шарты тіркеу органдарында тек 2022 жылғы 23 ақпанында мемлекеттік тіркеуден өткен.
Әкімдіктің 2009 жылғы 24 маусымдағы №913 қаулысымен «Шымкент қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Бөлім) жер учаскесіне тұрақты жер пайдалану құқығын беру туралы қаулысы қабылданған.
Әкімдіктің 2010 жылғы 22 қаңтардағы №110 қаулысымен 2009 жылғы 24 маусымдағы №913 қаулысының 1-тармағының 1,2,3 және 4-тармақшаларына өзгеріс енгізіліп, 5 тармағымен толықтырылған. Оның ішінде 1 тармағының 1) тармақшасы Абай атындағы саябағын пайдалану мен қызмет ету ішін алаңы 38,9450 (389450 шаршы метр) га деп өзгеріс енгізілген (бұдан әрі – даулы қаулы).
Әкімдіктің 2018 жылғы 8 ақпандағы №50 қаулысымен 2010 жылғы 22 қаңтардағы №110 қаулысының ішінде 1 тармағының 1) тармақшасына өзгеріс енгізіп, «38,9450 га» сөзі «32,3806 га» сөзіне ауыстырылған. Бөліммен 2021 жылғы 2 ақпандағы қабылдау-өткізу актісімен коммуналдық меншіктегі саябақтар мен гүлзарлар, ескерткіштер, шатқалдар, субұрқақтар, өзен каналдар, ұңғымалар «Шымкент қаласының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» мемлекеттік мекемесіне өткізілген.
Әкімдіктің 2021 жылғы 8 сәуірдегі қаулысымен Шымкент қаласының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» мемлекеттік мекемесінің атауы Басқарма болып өзгертілген.
Талап қоюшы бұл әрекеттермен келіспей, сотқа жүгінген.
Бірінші сатыдағы соты талап қоюды қанағаттандырудан бас тартып, даулы қаулы Әкімдіктің өз құзыреті шегінде және Қазақстан
Республикасының заңнамасына сәйкес жасалған. Даулы әкімшілік акті қабылдану барысында талап қоюшының құқықтары мен заңды мүдделері бұзылмағанын көрсеткен.
Апелляциялық сот алқасы бұл тұжырыммен келіспей, талап қоюшы әкімшілік рәсімге қатысушы болып табылмайды, өйткені даулы қаулылар басқа заңды тұлғаларға қатысты қабылданған. Тиісінше даулы әкімшілік акт әкімшілік рәсімге қатыспаған тұлға үшін, яғни талап қоюшы үшін даулау туралы талап қою мерзімі 2011 жылдың 23 қаңтарында және 2019 жылдың 9 ақпанында аяқталған. Бірақ бірінші сатыдағы сот талап қою мерзімі аяқталғанына қарамастан, талап қою мерзімін негізсіз қалпына келтіріп, істі мәні бойынша қараған деп көрсеткен.
Алайда, апеляциялық сот алқасының бұл тұжырымы негізсіз болып табылады.
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 43-1 бабының 1 – тармағына сәйкес мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерін шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығымен беру осы бапта белгіленген тәртіппен және шарттарда шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурс негізінде жүзеге асырылады.
Іс материалдарынан анықталғандай, «Абай» атындағы саябағының аумағында орналасқан жер учаскесі даудың нысанасы болып табылады.
Соттармен анықталғандай, даулы жер учаскесі алғашқы рет талап қоюшыға 2006 жылғы 5 мамырдағы №486 қаулысы негізінде 49 жылға уақытша пайдалану құқығымен беріліп, кейін Әкімдіктің 2009 жылғы 24 маусымдағы №913 қаулысымен Бөлімге жер учаскесіне тұрақты жер пайдалану құқығымен берілген, себебі алғашқы қаулы мемлекеттік тіркеуден уақытылы өтпеген.
Бұл жағдайда, апелляциялық сот алқасының талап қоюшы әкімшілік рәсімге қатыспаған адам болып табылады деген тұжырымы негізсіз, себебі жер учаскесі алғашқы рет талап қоюшыға кейін Бөлімге пайдалануға берілген. Яғни ол әкімшілік рәсімге қатысушы болып танылуы тиіс.
Осыған қоса, бірінші сатыдағы сотының 2023 жылғы 15 маусымдағы ұйғарымымен әкімшілік талап қою мерзімі қалпына келтірілген.
Сондықтан іс бойынша шағым беріліп отырған сот актісінің күшін жоюға, іс апелляциялық сатыдағы сотқа апелляциялық шағымды негізінен қарауға жіберілуге жатады. Іс жаңадан қарауға жолдануына байланысты кассациялық шағым ішінара қанағаттандырылуға жатады. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 9 қарашадағы қаулысының күші жойылсын.
Әкімшілік іс Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасына басқа құрамда жаңадан қарауға жолдансын. Талап қоюшы «НДА[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымды ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова
Көшірмесі дұрыс. Судья
Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.