ҚАУЛЫ
2025 жылғы 18 тамыз 6003-25-00-4к/717 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья Е.Б.Төлеев,
судьялар Р.М.Айнақұлова, Н.М.Кабдрахманова,
прокурор Б.И.Саттыбаевтың, талап қоюшының өкілі С.И.Алдановтың қатысуымен ашық сот отырысында талап қоюшы «Shymkent» әлеуметтіккәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының (бұдан әрі - Корпорация) жауапкер мемлекеттік сот орындаушысы Нұрлан Серікұлы Серікке (бұдан әрі - МСО) 2025 жылғы 14 қаңтардағы атқарушылық іс жүргізуді қозғау, мүлікке (жылжымайтын мүлікке) тыйым салу және борышкердің белгілі бір әрекеттерді жасауына тыйым салу, 2025 жылғы 15 қаңтардағы атқарушылық іс жүргізуді тоқтату, 2025 жылғы 20 қаңтардағы атқарушылық санкцияны өндіріп алу туралы қаулыларының күшін жою туралы әкімшілік ісін Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 3 наурызындағы шешіміне, ұйғарымына, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 сәуірдегі қаулысына және ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымдарымен қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыдағы талаптармен сотқа жүгінген. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 3 наурызындағы шешімімен Корпорацияның мемлекеттік сот орындаушысына қойған 2025 жылғы 14 қаңтардағы атқарушылық іс жүргізуді қозғау, мүлікке (жылжымайтын мүлікке) тыйым салу және борышкердің белгілі бір әрекеттерді жасауына тыйым салу туралы қаулыларының күшін жою, 2025 жылғы 20 қаңтардағы атқарушылық санкцияны өндіріп алу туралы қаулыларының күшін жою, 2025 жылғы 15 қаңтардағы атқарушылық іс жүргізуді тоқтату туралы қаулысының күшін жою туралы әкімшілік талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Соттың 2025 жылғы 3 наурызындағы ұйғарымымен, 2025 жылғы 14 қаңтардағы атқарушылық іс жүргізуді қозғау туралы әрекеті мен атқарушылық санкцияны өндіріп алу туралы әрекетін заңсыз деп тану жайлы әкімшілік талап қоюдың бөлігі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік - процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 138-бабы 2-бөлігі 11) тармақшасымен көзделген негізі бойынша қайтарылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 сәуірдегі қаулысымен Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 3 наурызындағы шешімі өзгеріссіз қалдырылған. Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 сәуірдегі ұйғарымынен бірінші сатыдағы соттың 2025 жылғы 3 наурызындағы ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Сот қаулыларымен келіспей, талап қоюшының өкілі Сманов Н.Д. кассациялық шағымдарда Корпорация 23 қыркүйек 2024 жылғы сот шешімін ерікті түрде 15 қаңтар 2025 жылы орындағанын, атқару өндірісінің қозғалғаны туралы бейхабар болғанын көрсетіп, құрылтайшысы «Шымкент қаласының қаржы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің Шымкент қаласының әкімдігінің құрылымдық ұйымы болып табылатынын көрсетіп, сот қаулылырының күшін жойып талап қоюды толық қанағаттандыру туралы шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық шағым уәждерін зерделеп, оны қолдау туралы талап қоюшының өкілі С.И.Алдановтың түсініктемелерін, прокурор Б.И. Саттыбаевтың апелляциялық қаулылар өзгеріссіз қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, қассациялық сот төмендегі тұжырымға келеді. ӘРПК 169 бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК 438 бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Соттармен анықталғаны, 2024 жылғы 23 қыркүйектегі Шымкент қаласының мамандырылған ауданаралық экономикалық сотының (бұдан әрі - МАЭС) шешімімен Корпорациядан мемлекеттің пайдасына 86 534 784 теңге және сот шығындары 2 596 044 теңге өндірілген.
Шешім заңды күшіне 11 желтоқсан 2024 жылы енген.
Соттың «Төрелік» автоматтандырылған жүйесіндегі мәліметтерге сәйкес атқару парағы МАЭС-ның өндірісінде 2025 жылдың 9 қаңтарында 5265-2400-2/1884-1 қалыптастырылып, 2025 жылдың 13 қаңтарында жолданып, Атқару іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде 14 қаңтарда сағат 12-51-де тіркелген.
Осы ретте жауапкердің 2025 жылғы 14 қаңтардағы атқарушылық іс
жүргізуді қозғауы заңды әрі негізді.
Өйткені Қазақстан Республикасының «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 261-IV Заңының (бұдан әрі - Заң) 37 бабының үшінші тармағына сәйкес атқарушылық құжатты өзіне сот, басқа орган (лауазымды адам) жіберген жағдайда мемлекеттік сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізуді өндіріп алушының өтінішінсіз қозғайды.
Кассациялық шағымдағы Корпорация сот шешімін ерікті түрде 2025 жылғы 15 қаңтарда орындағаны жайлы уәждер негізсіз.
Өйткені сот шешімі борышкер тарапынан атқарушылық іс қозғалғаннан кейін орындалып отыр.
АПК 21 бабының екінші бөлігіне сәйкес заңды күшіне енген сот актілері, сондай-ақ сот төрелігін жүргізу кезінде соттар мен судьялардың өкімдері, талаптары, тапсырмалары, шақырулары, сұрау салулары және басқа да өтініштері барлық мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, заңды тұлғалар, лауазымды адамдар, азаматтар үшін міндетті және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында орындалуға жатады.
МАЭС шешімін өзеріссіз қалдырған Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 11 желтоқсандағы соттың отырысына Корпорация өкілі А.Е.Чоманова қатысқан, яғни талап қоюшы соттың шешімін орындау міндеттемесі жайлы хабардар болған.
Заңның 124 бабының бірінші тармағына сәйкес мемлекеттік сот орындаушысы атқарушылық құжат толық орындалғаннан кейiн борышкерге өндіріп алынған соманың немесе мүлiк құнының он пайызы мөлшерiнде немесе мүлiктiк емес сипаттағы атқарушылық құжаттар бойынша жеке адамдардан он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде және заңды тұлғалардан жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде мемлекет кірісіне атқарушылық санкциясын ерікті түрде төлеуді ұсынады. Борышкер бас тартқан жағдайда мемлекеттік сот орындаушысы борышкерден атқарушылық санкциясын өндіріп алу туралы шығарылған қаулы негізінде атқарушылық санкциясын өндіріп алады. Атқарушылық санкциясы, егер: 1) борышкер атқарушылық құжат мәжбүрлеп орындатуға ұсынылғанға дейін толық көлемде атқарушылық құжатты орындаса; 2) атқарушылық құжат бойынша өндірілген сомадан он пайызы мөлшерінде өндірілуге тиісті атқарушылық санкциясы бір айлық есептік көрсеткіштен аз болса; 3) борышкер мемлекет болып табылса, өндірілмейді.
Шағымдағы Корпорация құрылтайшысы «Шымкент қаласының қаржы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің Шымкент қаласының әкімдігінің құрылымдық ұйымы болып табылатындықтан одан атқарушылық санкция өндірілуге жатпайды деген уәжімен келісуге болмайды. Корпорация акционерлік қоғам болып табылады.
Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы №413-IV «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының 1-бабының 2-4) тармақшасына сай әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация - облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының шешімімен құрылған, акцияларының бақылау топтамасы мемлекетке тиесілі, өңірдің экономикасын дамытуға жәрдемдесуді жүзеге асыратын, акционерлік қоғам нысанындағы өңірлік даму институты.
Осыған орай Корпорацияның акциялары 100 пайыз мемлекеттің мекеменің меншігінде болғанымен, ол мемлекеттік заңды тұлғалар қатарына жатпайды. Соның салдарынан Корпорацияға Заңның 124 бабының бірінші тармағының 3) тармақшасы қолданылмайды.
Заңның 10 бабының бірінші тармағына сәйкес осы Заңның 47-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, атқарушылық құжат орындауға берілген күннен бастап атқарушылық iс жүргiзу мәселелері бойынша сот орындаушысы қабылдайтын шешімдер қаулылармен ресімделеді.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар талап қоюдың 2025 жылғы 14 қаңтардағы атқарушылық іс жүргізуді қозғау туралы әрекеті мен атқарушылық санкцияны өндіріп алу туралы әрекетін заңсыз деп тану жайлы әкімшілік талап қоюдың бөлігін қайтарғаны негізді, соттың тарапынан сот орындаушысының қаулыларына құқытық баға беріледі.
Кассациялық шағымдардағы уәждер апелляциялық сот тарапынан толыққанды зерттеліп, оларға дұрыс құқықтық баға берілген.
Жоғарыда келтірілген мәнжайларды ескере отырып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымдарды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп табады.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1)тармақшасын басшылыққа алып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 3 наурызындағы шешімі, 2025 жылғы 3 наурызындағы ұйғарымы, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 сәуірдегі қаулысы, 2025 жылғы 9 сәуірдегі ұйғарымы өз күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші:
Е. Төлеев
Судьялар: Р. Айнақұлова
Н. Кабдрахманова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.