ВС РК - Постановление от 11.06.2024 по делу 6001-23-00-6ап/3374 (Административное)

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 11 маусым 6001-23-00-6ап/3374 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өмірәлиев болып,

талап қоюшының өкілі С[...],

жауапкер өкілі Ә[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Шеңгелді-2007» өндірістік кооперативінің (бұдан әрі – Кооператив) жауапкерлер Отырар ауданының әкімдігіне (бұдан әрі – әкімдік), Отырар ауданының әкіміне әкімнің қаулыларын заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 25 шілдедегі ұйғарымына, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 21 қыркүйектегі ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы сотқа жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгінген.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 25 шілдедегі ұйғарымымен талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартылып, талап қоюы қайтарылған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 21 қыркүйектегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, істі бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберуді сұраған.

Сот алқасы талап қоюшы өкілінің шағымды қолдаған сөзін, жауапкер өкілінің пікірін тыңдап, кассациялық шағымның уәждерін тексеріп, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады. АПК-нің 427-бабының бірінші бөлігінің 1) тармақшасына сай сот актісінің күшін жоюға іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымының дұрыс айқындалмауы негіз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.

Істің мән-жайларына қарағанда Отырар ауданы әкімінің (бұдан әрі – Әкім) 2009 жылғы 14 қыркүйектегі №215 қаулысымен «ОСО[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі – ЖШС) ауданның арнайы жер қорының Маяқұм [...] учаскесінен 500,0 га, Көксарай [...] учаскесінен 291,3 га, Балтакөл [...] учаскесінен 350,0 га, барлығы 1 141,3 га суармалы жерлер тауарлы ауыл шаруашылық өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі пайдалану құқығымен қысқа мерзімге 4 жыл 11 айға жалға берілген.

Әкімнің 2010 жылғы 29 қаңтардағы №28 қаулысымен №215 қаулысына өзгерістер енгізіліп, «ОСДО[...]» ЖШС-не» деген сөздер «Шеңгелді-2007» өндірістік кооперативіне» деген сөздермен ауыстырылған.

Әкімнің 2010 жылғы 15 наурыздағы №134 қаулысымен №215 қаулысына өзгерістер енгізіліп, «қысқа мерзімге 4 жыл 11 айға» деген сөздер «ұзақ мерзімге 49 жылға» деген сөздермен ауыстырылған.

Әкімнің 2010 жылғы 31 мамырындағы №293 қаулысымен №215 қаулысына өзгерістер енгізу туралы №134 қаулысына өзгеріс енгізіліп, көрсетілген қаулының 2-тармағындағы №26 деген сан №28 деген санмен ауыстырылған.

Отырар ауданы әкімінің 2010 жылғы 28 маусымдағы №342 қаулысымен аудан әкімдігінің 2010 жылғы 15 наурыздағы аудан әкімдігінің 2009 жылғы 14 қыркүйектегі №215 қаулысына өзгерістер енгізу туралы №134, 2010 жылғы 31 мамырдағы аудан әкімдігінің 2010 жылғы 15 наурыздағы №134 қаулысына өзгерістер енгізу туралы №293 қаулысының күші жойылған.

Отырар ауданы әкімінің 2020 жылғы 7 шілдедегі №160 қаулысымен аудан әкімдігінің 2009 жылғы 14 қыркүйектегі «ОСДО[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жалға жер беру туралы №215 қаулысының (1 141,3 га суармалы) күші жойылып, жерлер ауданның арнайы жер қорына қайтарылған.

Талап қоюшы «Шеңгелді-2007» өндірістік кооперативі Әкімнің 2010 жылғы 28 маусымдағы №342 және 2020 жылғы 7 шілдедегі №160 қаулыларымен келіспей сотқа жүгінген.

Соттар талап қоюды қайтаруын талап қоюшы әкімшілік рәсімдердің қатысушысы болып табылмайды. ӘРПК-нің 136-бабының бесінші бөлігіне сәйкес қалпына келтіруге жатпайтын сотқа талап қоюды берудің бір жылдық тыйым салынған мерзімі өткізіліп алынған деп негіздеген.

Алайда соттардың бұл тұжырымы негізсіз болып табылады.

Соттар талап қоюды қайтарғанда мына мән-жайларды ескермеген. ӘРПК-ның 136-бабының бесінші бөлігіне сай құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері әкімшілік актіде қозғалатын, әкімшілік рәсімге қатыспаған адам әкімшілік актінің қабылданғаны туралы адам білген немесе білуі мүмкін болған күннен бастап бір ай ішінде, бірақ ол қабылданған күннен бастап бір жылдан кешіктірмей сотқа талап қоюды беруге құқылы. Дауланып отырылған Әкімнің қаулылары талап қоюшының тұжырымдауынша оның құқықтары мен заңды мүддесін бұзады.

Яғни, талап қоюшы оған тиесілі жер учаскесіне қатысты әкімшілік рәсіміне қатысушы болып танылуға жатады.

Сондықтан соттардың талап қоюшыға сотқа талап қоюды берудің тыйым салынған бір жылдық мерзімін қолдану негізсіз болып табылады.

Істің бұл тұрғысында іс бірінші сатылы сотқа жаңадан қарауға жолдануға жатады.

Бірақ сот актілерінің бұзылуы бірінші сатылы соттың тыйым салынған мерзімді қолданудан басқа, сотқа шағымданудың басқа мерзімдерін талқылап, жеткілікті негіздер болған жағдайда талапты қайтадан қайтаруға кедергі болып табылмайды

АПК-нің 451-бабының үшінші бөлігіне сай сот актілерінің күші жойылған және іс жаңадан қарауға жіберілген кезде кассациялық сатыдағы сот белгілі бір дәлелдеменің анықтығы немесе анық еместігі туралы, бір дәлелдеменің басқалардың алдындағы басымдығы туралы, материалдық құқықтың қандай нормасы қолданылуға тиіс екендігі туралы, сондай-ақ істі жаңадан қарау кезінде қандай шешім шығарылуға тиіс екені туралы мәселелерді алдын ала шешуге құқылы емес.

Сондықтан кассациялық шағымының іс бойынша жаңа шешім қабылдау жөніндегі бөлігі қанағаттандырылуға жатпайды.

ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 25 шілдедегі ұйғарымының, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 21 қыркүйектегі ұйғарымының күші жойылсын.

Іс Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жаңадан қарауға жолдансын.

Талап қоюшы «Шеңгелді-2007» өндірістік кооперативінің кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов

Судьялар Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.