КСАД РК - Постановление от 19.03.2026 по делу 6003-25-00-4к/2750 (Административное)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 19 наурыз 6003-25-00-4к/2750 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында:

төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев

судьялар Л.С.Кудекова, Ш.С.Манжуева

талап қоюшының өкілі А.И.Улыбекованың, жауапкердің өкілі Б.З.Хамзиннің қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Нұрсұлтан Александрұлы Ақмурзинның Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрілігінің Жезқазған қаласының мамандырылған күзет қызметі басқармасы» мемлекеттік мекемесіне 2025 жылғы 11 ақпандағы тұрғын үй комиссиясының шешімін және 2025 жылғы 21 ақпандағы №16-311109 қорытындысын заңсыз деп тану, күшін жою және 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап тұрғын жайға мұқтаж деп тану және тұрғын үй төлемдерін жалғастыру туралы қолайлы акт қабылдауға міндеттеу туралы арызы бойынша қозғалған әкімшілік ісін,

Ұлытау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 30 маусымдағы шешіміне, Ұлытау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 30 қазандағы қаулысына түскен жауапкердің кассациялық шағымын қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Ұлытау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 30 маусымдағы шешімімен Н.А.Ақмурзинның талап қоюы қанағаттандырылған.

Ұлытау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 30 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер, өзінің кассациялық шағымында, іс бойынша қабылданған жоғарыдағы сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жоюды және талап арызды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған, себебі жергілікті соттар материалдық және іс жүргізу құқығы нормаларының елеулі бұзылуына жол берді, яғни іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін дұрыс анықтамады және нақтыламады деген уәж келтірілген.

Кассациялық сот, талап қоюшы мен жауапкер өкілінің пікірлерін тындап, кассациялық шағым мен оған қарсы пікірдің уәждерін тексеріп, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігі бойынша заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.

Іс құжаттарынан белгілі болғандай, талап қоюшы 2021 жылдың 28 сәуірінен бастап «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрілігі Жезқазған қаласының мамандандырылған күзет қызметі басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (әрі қарай – Басқарма) қызметпен ауысып келген.

2021 жылғы 28 қазаннан бастап тұрғын үйге мұқтаж деп танылып, оған тұрғын үй төлемдері тағайындалған.

Жұбайы Р.С.Сагатоваға және оның отбасына 28 қыркүйек 2023 жылғы тіркеу нөмірі №335 мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй-жайды сатып алу құқығынсыз жалдау шартына сәйкес, мемлекеттік тұрғын үй қорынан 28 қыркүйек 2023 жыл мен 25 қыркүйек 2028 жылға дейін аралығында Астана қаласы, Сарыарқа ауданы, Н.Тлендиев көшесі, 44/2, үй 81 пәтер берілген.

2025 жылғы 21 ақпандағы шығыс №16-3/1109 қызметтік тергеудің қортындысының (әрі қарай - қортынды) 2-тармағына сәйкес, «Ішкі істер органдарының қызметкерлерін қызметтік тұрғынжаймен қамтамасыз ету, тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін есептеу, оларды тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, тоқтата тұру және қайта бастау қағидаларын, сондай-ақ тұрғын үй төлемдерін алуға құқығы бар ішкі істер органдарының қызметкерлері лауазымдарының санаттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № 524 қаулысына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 23 тамыздағы № 583 қаулысының 4- тарауының 28-тармақшасының талаптарын бұзғаны және тұрғын үй комиссиясына ескертпей, Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының (бұдан әрі – Заң) 101-3 бабының 1- тармағының 2-тармақшысының талаптарын бұзғаны үшін Н. Ақмурзинді «қатаң сөгіс» тәртіптік жазаға тартылуға ұсыныс жасалып, сонымен қатар қортындының 4-тармағына сәйкес, Заңының 101-4 бабы бойынша Н. Ақмурзинның тұрғын үй төлемдерін тоқтатуға ұсынылған. Нәтижесінде жауапкердің 2025 жылғы 21 ақпандағы №12 ж/қ бұйрығына сәйкес, Н. Ақмурзин «қатаң сөгіс» тәртіптік жазаға тартылып, оның тұрғын үйге төлемдері тоқтатылған.

Талап қоюшы қабылдаған шешіммен келіспей сотқа талап қоюмен жүгініп, 2025 жылғы 11 ақпандағы №16/3-686 тұрғын үй комиссиясының шешімін және 2025 жылғы 21 ақпандағы №16-311109 қызметтік тергеудің қабылданған қорытындысын заңсыз деп танып, күшін жою, 2025 жылдың 1 қаңтардан бастап Н.А.Акмурзинды тұрғын жайға мұқтаж деп тану және тұрғын үй төлемдерін 2023 жылдың 28 қырқүйектен бастап жалғастыру туралы қолайлы акт қабылдауға міндеттеуді сұраған.

Дауды шешу және талап қоюшының талап қою талаптарын қанағатандыру кезінде бірінші сатыдағы сот, жауапкер мемлекеттік тұрғын қорынан алынған тұрғын ұй сатып-алу құқығынсыз жалдау шарты жасалғанын ескермегенін көрсеткен.

Осыған байланысты, талап қоюшыға тұрғын үй төлемдері тағайындалмайтыны туралы жауапкердің уәждері негізсіз, өйткені заңнамада ағымдағы тұрғын үй төлемдері тоқтатылу жағдайлары тікелей көзделген.

Апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы соттың қорытындыларымен келісе отырып, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған.

Төменгі сатыдағы соттардың аталған тұжырымдарын кассациялық сот қате деп санайды, өйткені олар істің мән-жайларын тиісінше зерттеу мен анықтауға, қолданыстағы заң нормаларын дұрыс емес түсіндіруге негізделген және бұл істі дұрыс шешу үшін мәні бар нормаларға қайшы келеді.

ӘРПК-нің 7-бабының бірінші бөлігіне сәйкес (заңдылық қағидаты) әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік рәсімдерді өз құзыреті шегінде және Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы Заңының (бұдан әрі - Заң) 101-3-бабының 1-тармағының 2-тармақшасына сәйкес (құқықтық қатынастар туындаған сәтте қолданыста болған редакциясында) арнаулы мемлекеттік органдардың (әскери, арнаулы оқу орындарының курсанттары мен тыңдаушыларын қоспағанда), ішкі істер органдарының қызметкерлері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның жедел-тергеу бөлімшелерінің қызметкерлері мен әскери қызметшілер (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді, әскери оқу орындарының курсанттары мен кадеттерін, әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттілерді қоспағанда), егер олардың Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік тұрғын үй қорынан алған тұрақты пайдалануында тұрғынжайы болмаса, тұрғынжайға мұқтаж деп танылады.

Тұрғынжайға мұқтаж деп тану бөлігінде осы тармақтың күші арнаулы мемлекеттік органдардың, ішкі істер органдарының, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның жедел-тергеу бөлімшелерінің қызметкерлері мен әскери қызметшілердің отбасы мүшелеріне қолданылады.

Мемлекеттік тұрғын үй қорынан сатып алу құқығынсыз тұрғын үйді жалға алу (жалға беру) шартының 2023 жылғы 28 қыркүйектегі №335 негізінде талап қоюшының жұбайы Сагатова Рымжан Сагатқызына Астана қаласы, Сарыарқа ауданы, Н.Тілендиев көшесі, 44-үй, 81-пәтер мекенжайында орналасқан пәтер төменгі отбасы құрамына берілген: жұбайы – Акмурзин Нурсултан Александрович, ұлы – Нурсултанұлы Ермахан, қызы – Нурсултанқызы Әмина, ұлы – Нурсултанұлы Ескендір. Аталған тұрғын үй Астана қаласы әкімінің 2023 жылғы 25 қыркүйектегі №184 қаулысы негізінде берілген.

2025 жылғы 21 ақпандағы №16-3/1109 қортындысының 2-тармағына сәйкес, Н. Ақмурзинді «қатаң сөгіс» тәртіптік жазаға тартуға ұсыныс жасалған.

Сонымен қатар, Басқарманың 2025 жылғы 11 ақпандағы №61ж/қ бұйрығына сәйкес талап қоюшыға тұрғын үй төлемдері тоқтатылған. Заңның 101-4-бабының 2-тармағының 2-тармақшасына сәйкес (құқықтық қатынастар туындаған сәтте қолданыста болған редакциясында) тұрғын үй төлемдері осы Заңның 101-5-бабының 1), 3), 4), 5) және 7) тармақшаларында көзделген мақсаттарда, сондай-ақ кейіннен сатып алатын тұрғынжайды жалға алу ақысын төлеу үшін жасалған шарт бойынша міндеттемені орындамаған жағдайларын қоспағанда, арнаулы мемлекеттік органның, ішкі істер органының, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның жедел-тергеу бөлімшесінің қызметкері немесе әскери қызметші тұрғынжайға мұқтаж мәртебесінен айырылған жағдайда тұрғын үй төлемдері тоқтатылады.

Заңның 101-7-бабының 2-тармақшасына сәйкес (құқықтық қатынастар туындаған сәтте қолданыста болған редакциясында) тұрғын үй төлемдерін алушы тұрғынжайға мұқтаж мәртебесінен айырылған кезде, осы Заңның 101-5-бабының 1), 3), 4), 5) және 7) тармақшаларында көзделген мақсаттарда, сондай-ақ кейіннен сатып алатын тұрғынжайды жалға алу ақысын төлеу үшін жасалған шарт бойынша міндеттемелерді орындаған кезде бұл туралы қызмет өткеретін арнаулы мемлекеттік органды, ішкі істер органын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органды немесе Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың мемлекеттік мекемесін тұрғынжайға мұқтаж мәртебесінен айырылған және осы міндеттемелерді орындаған күннен бастап он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде хабардар етуге міндетті.

Демек, Н.Ақмурзинның жұбайы Р.С.Сагатоваға мемлекеттік тұрғын қорынан үй-жайды сатып алу құқығынсыз жалдауға берілгеннен бастап Н. Ақмурзин тұрғынжайға мұқтаж мәртебесінен айырылған, себебі Заңның 101-3 бабының 1-тармағының 2-тармақшасына сәйкес қызметкердің Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік тұрғын үй қорынан алған тұрақты пайдалануында тұрғынжайы болмау қажет, ал Р.Сагатоваға және оның отбасына, онын ішінде талап қоюшыда да бар, жоғарыда көрсетілген мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй-жай тұрақты пайдалануға берілген. Тұрғынжайға мұқтаж деп тану бөлігінде осы тармақтың күші арнаулы мемлекеттік органдардың, ішкі істер органдарының, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның жедел-тергеу бөлімшелерінің қызметкерлері мен әскери қызметшілердің отбасы мүшелеріне қолданылады.

Сондықтан, талап қоюшы Заңның 101-7 бабына 2- тармақшасына сәйкес, тұрғынжайға мұқтаж мәртебесінен айырылған күннен бастап он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде хабардар етуге қажет болатын, алайда Н. Ақмурзин мемлекеттік тұрғын үй қорынан алған тұрақты пайдалануында тұрғынжайын алғаны бойынша жоғарыда көрсетілген мерзімде ешкімді хабардар етпеген.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар талап қою талаптарын қанағаттандыра отырып, 2025 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілген «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның жаңа редакциясындағы 101-3 және 101-4-баптарының нормаларына қате сілтеме жасаған, ал даулы актілер 2025 жылғы 11 және 21 ақпанда қабылданған.

Соттардың Заңның 101-3-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сілтемесі де негізсіз, өйткені аталған нормаға сәйкес талап қоюшы мен оның жұбайы Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік тұрғын үй қорынан алынған тұрғын үйге ие болған.

Талапты қанағаттандыра отырып, төменгі сатыдағы соттар жауапкер мұқтаж мәртебесін жоғалту және тұрғын үй төлемдерін тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылдаған кезде, аталған тұрғын пәтердін сатып алу құқығынсыз жалдау шарты негізінде берілгенін және ол бойынша міндеттемесі орындалмағанын ескермегенін көрсеткен.

Алайда, жоғарыда айтылған қорытындылар Заңның 101-4 бабының 2- тармағының 2-тармақшасына сәйкес келмейді, себебі аталған тармақшада кейіннен сатып алатын тұрғынжайды жалға алу ақысын төлеу үшін жасалған шарт бойынша міндеттемені орындамаған жағдайларын қоспағанда деп жазылған, ал Р.Сагатоваға талап қоюшымен бірге берілген пәтерді кейінен сатып алу құқығынсыз, мүлде басқа тұжырыммен жалға берілген.

Заңның 101-3-бабының 1-тармағының 1-тармақшасына сәйкес, егер қызметкер қызмет атқаратын елді мекенде меншік құқығында тұрғынжайы болмаса, тұрғын үйге мұқтаж деп танылады.

Тиісінше, осы баптың аталған тармағының 2-тармақшасында қызметкердің Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік тұрғын үй қорынан алынған тұрақты пайдалануында тұрғынжайы болмаса деп көрсетілген.

Ал, 2023 жылғы 28 қыркүйектегі №335 жалдау шарты бойынша Р.Сагатоваға Қазақстан Республикасының мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжай бес жыл мерзімге 2023 жылғы 28 қыркүйектен 2028 жылғы 25 қыркүйекке дейін тұрақты пайдалануға беріліп қойған. Осындай жағдайда, тұрғын ұй комиссиясы ағымдағы тұрғын төлемдерін талап қоюшыға тоқтатуға құқылы болған.

Сонымен қатар, талап қоюшының 2025 жылғы 21 ақпандағы №16311109 қызметтік тергеу қорытындысын заңсыз деп тану туралы талап қою талаптары әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды, себебі аталған қорытынды әкімшілік акт болып табылмайды және оның сипаты ұсынымдық болып табылады. Осы бөлігінде талап ӘРПК-нің 138-бабының екінші бөлігінің 11) тармақшасы негізінде қайтарылуға жатады.

Жоғарыда баяндалғанның негізінде, жергілікті соттардың тараптар арасындағы құқықтық қатынастарға қате баға беруі және қолданылуға тиіс материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбауы даудың дұрыс шешілмеуіне әкеп соқты.

Іс бойынша мән-жайлар толық көлемде анықталғанымен, материалдық құқық нормаларын қолдануда қателік жіберілгендіктен, бірінші және апелляциялық сатыдағы сот актілерінін күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдануға жатады.

Жауапкердің кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылуға жатады, себебі қызметтік тексері қорытындысын заңсыз деп тану бөлігіндегі талап қою қайтарылуға тиіс.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін және АПК-нің 451-бабының екінші бөлімінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Ұлытау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 30 маусымдағы шешімінің, Ұлытау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 30 қазандағы қаулысының күші жойылсын. Іс бойынша жаңа шешім қабылданып, Нұрсұлтан Александрұлы Ақмурзинның 2025 жылғы 11 ақпандағы №16/3-686 тұрғын үй комиссиясының шешімін заңсыз деп тану, күшін жою туралы әкімшілік талап қоюын қанағаттандырудан бас тартылсын.

2025 жылғы 21 ақпандағы №16-311109 қызметтік тергеудің қорытындысын заңсыз деп тану бөлігіндегі талабы қайтарылсын. Жауапкердің кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

Е. Нұралиев

Судьялар Л. Кудекова

⚠️ Текст документа получен на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан.